Cоңғы жаңалықтар
Back

Білімдіні бүкіл ел сыйлайды

Бауыржан ҚҰЛЖАБАЕВ,

Алматы университетінің ректоры

Ұлы Әуезовтың: «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім» дегені бар. Оқу, білімі бар жұрттар топтан озып, өркениетті қоғамға аяқ басқалы талай ғасыр өтті. Бұл жолға түсу үшін сан мыңдаған ақыл-ой иелерінің, зерделі, зейінді жұрттың таалй қиындықтарды басып өткенін, тұтас дәуірлер білім мен ғылым жолындағы күрестерді бастан кешкенін ешуақыт ұмытуға болмайды. Бәрі өзгереді, таусылады, сарқылады, тек білім, таза білім ғана сарқылмас қазына, таусылмас байлық екенін ұмытпаған жөн.

Үздіксіз білім алу қажет

IMG_8947

Университетте кездесулер, кештер, шығармашылық басқосулар жиі өтеді

Қазақ ежелден білімдіні сыйлаған, өнерліні өрге оздырған халық. Сол үшін болса керек, қазақтың жастары білімге, ілімге үйір. Кәсіби білім үрдісі өткен ғасырдың басында қазақ топырағында енді-енді қалыптаса бастағанына қарамастан, біз талай елді білім алу жағынан басып оздық. Әрине, бұл жолда қыруар бодау бергеніміз де шын. Бір жазушымыз: «Қазақ ХХ ғасырға атпен кіріп, зымыран мініп шықты» деген екен. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев сынды ұшқыштарымызды мақтан еткені ғой. Жүйелі айтылған сөз. Мақтансақ, осындай игі, өнегелі ісімізбен мақтанайық. Ия, қазір білім ошағы көп. Тәуелсіздік жылдарында білім саласы бірнеше реформаны бастан кешті. Бірақ, кетеуі кетіп, кейінге шегінген тжоқ. Байбаламға үйір кейбір адамдар қазақтың білім деңгейі төмендеп кетті дегенді жиі айтады. Өз басым, мұнымен келіспеймін. Алматы университеті құрылғалы он жылдан асты. Жаңа оқу орнына күдікпен қарау заңды да шығар. Өйткені, нарықпен бірге барлық құндылықтарымыз қайта сарапқа түсті. Білім саласы да жаңарды, қайта түледі. Алматы университеті заманауи өзгерістерге тез ілесіп, көштің басын бастауға ұмтылған оқу ордаларының бірі.

Алматы университеті кәсіби маман даярлауды негізгі міндет етіп қойып отыр. Жеріміз кең, халықымыз аз біз үшін маман тапшылығы қазірдің өзінде байқалады. Демек, бәсекеге қабілетті маманға қашан да сұраныс мол. Елдің болашағы – білімді жастарда екенін баршамыз білеміз. Қайтсек елді көркейтіп, өз кәсібіне мығым жастарды тәрбиелейміз деген ой барша университет басшыларында болуы керек.

Білімдіні бүкіл ел сыйлайды. Шын білімді жұмыссыз, кәсіпсіз қалмайды. Біз тек білім берумен емес, жастарды кәсіпті игеруге, алған білім оңды жаратуға бағыттай білуіміз керек.

Өзара байланыс

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев  бекіткен Қазақстан Республикасының  білім беруді  жетілдірудің  2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік  бағдарламасында жоғары оқу орындарының студенттеріне бәсекеге қабілетті білімді  меңгерген, ой-өрісі дамыған  ғана емес, жоғары адамгершілік ұстанымы, отансүйгіштік сезімі және әлеуметтік  жауапкершілігі  қалыптасқан зияткер ұлтты қалыптастыруға  ерекше назар аударған.

Ғылыми зерттеу жұмысы  жоғары оқу орнындағы  негізгі  қызметтің бірі болып  есептеледі

Әлемдік білім беру кеңістігіне ену университетіміздің ең негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Шетелдермен екі жақты қатынас орнату, тәжірибе жинақтау үшін төмендегідей жоғары оқу орындарымен  тығыз байланыс орнатып келе жаты. Олардың қатарында, А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті, Литва Эдукологиялық университетінің ғылыми білім беру факультетінің тәрбие негіздері кафедрасы, Нижний Новгород қаласындағы Ресей Федерациясының ғылыми инвестиция орталығы, И.Арабаев атындағы ҚМУ кадрлардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау институты бар.  Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени  және ғылыми бірлестікті дамыту мақсатында   Солтүстік Кипр Таяу Шығыс университетімен келісімшарт жасалған.

Біз тұйық ортада өмір сүре алмаймыз. Білімді қайдан болса да алу керек. Тіпті, ол сенің көршің яки бақталасың болса да, өнерін үйреніп, білімін игеріп алуға міндеттісің. Жаңа заманда тіптен солай. Шетелмен байланыспай, тек қана өзімізбен шектеелйік деген көзқарас ұшпаққа ұшырмайды. Елбасы үнемі үздіксіз білім алуды айтып келеді. Қазір елімізде ізденем, үйренем деген адамға барлық мүмкіндік бар. Ақпарат заманының оңтайлы тұсын жетік игерген жас кез келген елден білім алуына болады. Тілді де, өнерді де, кәсіпті де ғаламтор арқылы меңгеруге мүмкіндік мол. Тек жетекші, бағдаршы, бағыттаушы орта керек. Университетіміз сол жағына баса мән береді.

Студент- университет тірегі

Университеттің тірегі – білім алушы студенттер. Олардың әрбірімен жеке жұмыс жасау, білімін, біліктілігін, танымын, тұлғалық қасиетін қалыптастыру аса маңызды мәселе. Өз студентіне орнықты шарт-жағдай жасамаған оқу орнының болашағы бұлыңғыр. Осы мақсатта толып жатқан іс-шаралар қолға алынуда. Айталық, заманауи оқу құрылғылары, компьютерлік класстар, интернет желісі, көрнекі құралдар, оуқ-әдістемелік құралдар, кітап қорлары жылдан жылға толығып келеді. Университетімізде  студенттермен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарына баса назар аударылады. Ғылыми-зерттеу жұмысы болашақ мамандардың дайындық сапасын көтерудің маңызды әдістерінің бірі болып табылатындықтан, университетте «Көшбасшы», «Жас қалам», «Тарихшы» атты үйірмелер бар. Кафедрада студенттердің бүкіл оқу кезеңіне арналған СҒЗЖ кешенді жоспары бар. Студенттермен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының жағдайы кафедра мәжілістерінде қарастырылады. СҒЗЖ оқу және оқудан тыс уақытта жүргізіледі. Оқу уақытында студенттердің рефераттарды, баяндамаларды, курстық және дипломдық жұмыстарды дайындау сияқты зерттеу жұмыстарының түрлері жүргізіледі.

окутышылар

Университетте сабақ беретін білімді мамандар көп

Студенттік ғылыми конференцияның өткізілуі дәстүрге айналды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарға қатысуы, зерттеу біліктілігі мен дағдыларды меңгеруі әрбір студенттің тұлға ретінде қалыптасуында, оның қабілеттерінің және болашақ кәсіби құзыреттілігінің жүзеге асырылуында маңызы зор. Сол үшін түрлі жиындар, кездесулер, пікірталастар жиі өткізіледі.

Студенттердің зерттеу қызметін ұйымдастырылудың жекеленген формалары ретінде интеллектуалдық олимпиадалар, студенттік ғылыми конференцияларды атап көрсетуге болады.

Алматы университеті – өзіндік білім беру жүйесінде, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі қалыптасып келе жатқан жоғары оқу орны. Университеттің 2013-2020 жылға құрылған стратегиялық жоспары  жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталатын.

 Білімнің өзегі – тәрбие

Әлемдік ғылым кеңістігінде Қазақстан ғылымының өзіндік орны бар. Ғалымдарымыздың  ерен еңбектері  дүние жүзілік ғылым кеңістігін  толықтыруға өз үлестерін қосуда. Бүгінде ғылым мен білім беру саласы Президентіміз бен Үкіметіміз тарапынан жан-жақты қамқорлыққа алынуда.

Жас ұрпаққа берілетін білім мен тәрбие саласы – Тәуелсіздігімізді  баянды етудің  басты тетіктерінің бірі. Тәуелсіздік –  тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі  дербес елдік жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол  жеткіздік.

Ғылым мен білім беру жүйесі заман  ағымына қарай  ұдайы жетілдіріліп, жаңартып отыруды қажетсінеді. Қазақстанның қазіргі кездегі экономикасы ғылым мен инновациялық  саланы халықаралық стандарт талаптарына сай   қарастыруды талап етеді. Қазақстанның болашағы – ғылымда.

Алматы универитеті екі құрылымдық бөлімнен тұрады: Алматы үздіксіз білім беру университеті және «Сымбат» сән академиясы. Университетте бакалавр бойынша 30 мамандық, магистратура бойынша 7, Phd докторантурадан 2 мамандықтан білім беріледі. Оқытушы-профессорлар құрамы 86% қамтыса, оның ішінде ғылыми дәрежелі оқытушылар 62% құрайды. Бүгінде Алматы университетінде 3 мыңға жуық студент білім алады. Мемлекеттік аттестациядан қараша айында «Алматы» университетінің барлық мамандығы толығымен өтті.

Тәрбие бар жерде тәртіп бар. Біз, Қазақстанның болашағын дайындап жатқанымызды нық сеніммен айта аламыз. Біздің түлектеріміздің көпшілігі Қазақстанның түкпір-түкпірінде елімізді дамытуға әр қырынан ат салысып жүр. Бұл біздің маңызды нәтижеміз, біз оны мақтан етеміз және болашаққа деген сеніммен қараймыз .

Әл-Фараби атамыз айтқандай: «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, апаты». Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Білім алу үшін де тәрбие қажет екенін жақсы түсінген. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз да сол жастардың бойына тәрбие мен білімді ұштастыра білу. Біз осы бағытта аянбай еңбек етуді өзімізге парыз санаймыз.