Президент хиджаб дауына нүкте қойды ма?

Dalanews 05 қаз. 2023 09:15 485

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде мектептегі хиджаб мәселесі жайлы пікірін айтты. 

«Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керектігіне назар аударады.

“Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», – дейді ол.


Айта кетейік, жаңа оқу жылы басталғалы қоғамда мектепке хиджаб кию мәселесіне қатысты дау-дамай басылмай тұр. Бұдан бұрын оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірген.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x