ШҚО-да "Қонақжай отбасы" жобасы арқылы балаларға қазақ тілін үйрету ісі қолға алынды

Dalanews 18 сәу. 2023 14:18 346

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Шығыс Қазақстанда пилоттық негізде "Қонақжай отбасы" форматында мемлекеттік тілді оқыту жобасы басталады. Балалар қазақ тілін ерекше, бірақ өте тиімді форматта – тілдік ортаға толығымен еніп үйренуге мүмкіндік алып отыр.

Бүгінде жобаға қатысу үшін 25 бала алдын ала өтінім берген. Жоба бойынша Өскеменде – 12, Риддерде – 3, Шемонаихада – 3, Глубокоеде –4, Алтайда – 3 бала жобаға қатысып, тіл сындыратын болады.

Сонымен қатар, балаларға өлкенің тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрлерін білуге, қазақ халық аспаптарында ойнауға, жергілікті көрікті жерлер мен тарихи ескерткіштерге баруға мүмкіндік беретін бағдарлама дайындалды.

ШҚО Білім басқармасының ақпараты бойынша, мазмұнды бөліктен басқа балалардың қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық шаралары қарастырылған. Аудан әкімдіктері 20 мамырдан 1 шілдеге дейін жұмыс істейтін арнайы штаб құраған. Штабтың міндеті балалардың қонақ отбасында болған кезде қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.

Жобаға осы ауылдарда тұратын педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатарынан еріктілер тартылмақшы.

– Осы пайдалы тәжірибеден өткеннен кейін жастар болашақта олар өздерінің осындай жобаларды ұйымдастыруына мүмкіндік алады, – дейді жобаны ұйымдастырушылар.


Жобада белгілі бір тілдік білімі мен сөздік қоры бар 12 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қатысады. Тіл үйренуді мақсат тұтқан әрбір баланы қабылдайтын отбасыға 180 мың теңгеден ақы төленетін болады.

Балалардың алғашқы легі биылғы жылдың жазында Катонқарағай ауданының қонақжай отбасыларына қоныстанады. Олардың тұру үшін үш ауыл анықталды. Олар – Катонқарағай, Өрел және Берел.

Сонымен қатар, іс-қимыл алгоритмі дайындалды, оған сәйкес бұл отбасылар сәуір айының соңына дейін мұқият тексеруден өтеді. 12 мамырға дейін білім бөлімі, балалардың ата-аналары және қабылдаушы отбасылар арасында үш жақты шарттар жасалатын болады.

Барлық балалар қонақ отбасыларына 10-30 маусым аралығында бір уақытта барады.

Айта кетейік, ата-аналар ШҚО білім басқармасы жанынан колл-орталығынан балаларды қонақжай отбасыларына жіберуге қатысты толық ақпарат ала алады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x