Ғалымның ғибыратты ғұмыры

Dalanews 23 желт. 2022 03:42 392

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде белгілі әдебиеттанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Заманауи білім беру кеңістігіндегі филология ғылымы: дәстүр мен инновация» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, шетелдік және отандық университеттердің белді ғалымдары, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, ақын-жазушылар, қазақ эстрадасының жұлдыздары, сондай-ақ ҚазҰПУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.

Конференцияны білім ордасының басшысы-ректор Дархан Біләлов құттықтау сөзбен ашып, кеш иесінің өмір жолына тоқталды.

Айта кетейік, әдебиеттану ғылымында өз қолтаңбасы бар Балтабай Әбдіғазиұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Оны бітірген соң М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ғылыми қызметкер болып орналасты. Кейін Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аспирантурасына түсіп, одан кейнгі оның өмір және шығармашылық жолы осы оқу орнымен тығыз байланыста өрбіді. Сонымен бірге «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» газеттерінде әдеби қызметкер болып жұмыс атқарды.

Б.Әбдіғазиұлының әсіресе Шәкәрімтану ғылымына қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Б. Зейнол-Ғабден, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ф.Оразбаева, Қырғыз Республикасы ҰҒА академигі А. Акматалиев, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры К. Матыжанов, профессор Т.Баймолдаев, тағы басқалар түрлі тақырыпта баянама жасаса, академик Б.Сманов, профессор Б.Әлмұхамбетов сөз сөйлеп, студент кездегі естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге Парламент депутаты А. Әлтаев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ. Есдәулет, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Е. Сыдықов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің басшысы А. Тұрғанбаев, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік унивеситетінің ректоры Б. Ерденбеков, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры С. Сүтжанов, одан басқа Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінің белгілі ғалымдары өз құттықтауларын жолдады.



 

Аталған іс-шара оффлайн және онлайн форматында өткенін айта кету орынды.

Жиын барысында университет жанынан құрылған «Үркер» студенттік театры Б. Әбдіғазиұлының жастық шағынан алынған «Болашаққа бағдар» көрсетілімінен үзінді қайса, қазақ эстрадасының жұлдызды «Қоңыр» тобы халық әндерін орындап, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

Шараны Филология институтының директоры  Алуа Таңжарықова жүргізіп отырды.

 

 

https://dalanews.kz/kandastar/32960-t-rki-tilini-tarihy-o-yrman-a-zhol

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x