ҚАЗАҚ ТЕХНИКТЕРІНІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Dalanews 22 қаз. 2014 09:10 215

315 - копияЖексенбек ӘДІЛОВ

 Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық

техникалық университетінің ректоры

 Біле білсеңіз Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дың тарихы тәуелсіз Қазақстанның тағдырымен тығыз байланысты. Аздаған жылдардың аралығында әлемнің қарқынды дамушы мемлекеттерінің қатарына қосылған Қазақстанды және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әзір алты атырап таниды. Сол сияқты біздің оқу орны да бүгінгі деңгейге жету үшін көп еңбектенді, көп тер төкті. Талай белесті бағындырды, талай асудан асты.

Атап айтсам, алғаш тау-кен институты ретінде құрылған оқу орны кейіннен ерекше мәртебесі бар Ұлттық деңгейдегі университетке айналды. Бұл айтуға ғана оңай. Артта ауыр жол жатыр. Алда әлі талай мақсат пен міндет бар.

Біреу білсе, біреу білмес, бірақ Қазақстанда қанатынан - екі дүркін Кеңес Одағының Батыры (Т.Бигелдинов), алты  Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы (А.Күленов), Қазақстанның Еңбек Ері (Б.Шаяхметов) және алты Социалистік Еңбек Ері түлеп ұшқан бірде бір оқу орны жоқ! Мұнымен неге мақтанбасқа? «Сүйер ұлың болса, сен сүй» демеуші ме, біздің ұлт.

      Және мына жайтқа назар аударсаңыздар: біздің оқу орнында білім алу анау айтқандай оңай емес. Бұл жерді жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп үйреніп қалғандар маңайламайды. Себебі, өздерінің әуселесін біледі. Ал қажыры мен қайратына сенген талаптылар мен таланттылар оқу орнынан өзіне қажетін алады. Бастысы, біздің түлектерге деген түрлі саладағы сұраныс азайған емес. Соның арқасында Қаныш Сәтпаевтың атымен аталатын оқу орнынан қанат қағып ұшқан жүздеген, мыңдаған түлек қазір Қазақстанды көркейтуге сүбелі үлес қосуда. Елбасымыздың Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы тұжырымдамасын сөзбен емес, нақты іспен нықтап, тиянақтап жүрген Ұлттық техникалық университеттің түлектері. Еліміздің түкпір түкпіріндегі өндіріс орындарында біздің оқу орнының бір кездегі студенттері, қазіргі кеншілер мен металлургтер, геологтар мен мұнайшылар, құрылысшылар мен энергетиктер еңбек етеді.  Сырттай олардың елдің экономикасын өркендетуге қосқан үлесі мардымсыз көрінуі мүмкін, бірақ тұтастай алғанда бұл үлкен күш. Қазақ мұндайда «бес саусақ - бір жұдырық» деп бекер айтпаған болар.

 БИІКТІК

kazntu.kz_22-24.10.2014_kazntu_IF_g_1 - копияЕліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірін бүгінгі деңгейінен «құлатып алмау» әсте оңай емес. Себебі бүгінгі биіктен сәл төмендеп кетсең сынаушылар әркез табыла кетеді. Бәлкім, бұл өмір заңы болар. Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ- дың мақсаты мен міндеті айқын. Бірінші кезекте біз, тұтас университет ұжымы Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясын, ондағы тайға басқан таңбадай көрсетілген тапсырмаларды уақыт оздырмай орындауға тиіспіз және бұл мақсатта қазірден-ақ іргелі іс-шараларды қолға алып жатқан жайымыз бар. Бұл жұмыс әлдеқашан жүйеленген, әлдеқашан жолға қойылған. Оқу орнының академиялық, ғылыми-инновациялық, тәрбиелік жұмыс, қаржылық-экономикалық және халықаралық қызметін белгілі бір деңгейден түсірмейтін тұтас құрылымы бар.  Ал университет ұжымы өзінің ертең елдің тізгінін ұстар болашақ ұрпаққа білім беруді және сол берген білімінің санаға сәуле түсіріп, сапалы болуын алдыңғы кезекте ойлайды. Дәл қазір университет қабырғасында бакалавриаттың 116 мамандығы бойынша және магистратура мен PhD докторантурасында барлығы 12 мыңнан астам студент білім алады.

Сөзімнің басында «ҚазҰТУ ерекше мәртебесі бар Ұлттық университет» деп тегіннен тегін айтқан жоқпын. Себебі біздің оқу орны бүтін бір мемлекеттің инженерлік білімі мен ғылымының даму векторын анықтайды. Ойымды нақты дәлелдермен тұздықтай түсейін: бүгінде біздің мұрындық болуымызбен «Классификаторға» Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасының сұранысына сай келетін 17 жаңа мамандық енгізілді. Бұдан сырт 66 ГОСО, «Инженерлік білімнің даму тұжырымдамасы» және «Жоғары білімнің интеграцияланған классификаторы» әзірленді. Бұл аз ба, көп пе? Қалай ойлайсыздар?

 ЖАҢА МЕЖЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы еліміздің экономикалық дамуындағы жаңа бағытты айқындап, бағдарлап берді. Бұл бағдарламаға жүрдім-бардым қарауға болмайды. Бұл бағдарлама деген атаудың өзінен биік тұрған аса құнды құжат. Стратегия осы арқылы «күллі қазақ ойлау мәнерін, өмір сүру дағдысын өзгерту керек, яғни жаңа жағдайда бәсекеге бейімделгені абзал», - дейді. Біз мұны бірден түсіндік. Және де өзіміздің мақсатымыз бен міндетімізді осы Стратегиямен сабақтастырып отырмыз. Оқу орны толықтай модернизацияланып, осының нәтижесінде Мемлекеттік аттестациядан, екі мәрте Еуропалық университеттер қауымдастығының Халықаралық институтционалды бағалауынан сәтті өттік. «Еурорейтинг -2013» тізімінде біздің білім ордасы қазақстандағы ЖОО- лардың ішінде 1-ші орын алды. Ықпалды ABET, ASIIN, АИОР халықаралық агенттіктерінен біз ұсынған 21 мамандық аккредиттеуден өтті. Бұдан сырт біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының және ТМД- дағы Желілік Университтердің қатарына кірдік. Осының арқасында қазір біздің ЖОО дипломдары әлемнің 23 (!) елінде жарамды деп есептеледі. Бұл аз десеңіз, ҚазҰТУ қазіргі күні Орталық Азиядағы техникалық университтер қауымдастығының негізгі орталығы болып отыр.
      Қиын қыстау жылдары университет өзіне қарасты әлемдік деңгейдегі ғылыми мектептерді сақтап қала алды. Соның арқасында, қазір біз инженерлік идеяны дамытудың тың әрі өзекті бағыттарын іздестіру үстіндеміз.

Біздің ұжым өз қазанында өзі қайнап жататын оқу орындарының қатарынан емес. Қазіргі күні ҚазҰТУ: G-Global; Халықаралық ғарыш стансысы; Халықаралық термо ядерлі ITER реакторы; Жердегі климаттың өзгеруін өлшейтін Симулятор сынды 4 халықаралық зерттеу жобаларына атсалысуда.  Университет шеңберінде сонымен қатар ҚР ҰҒА-ның Жер туралы ғылыми бөлімшесі және Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының Алматылық бөлімшесі жұмыс істейді.

 БАСТЫ НАЗАРДА ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ

[caption id="attachment_8244" align="alignleft" width="390"]IMG_2886 - копия Біз жастардың білімдерін тәжірибемен ұштастырғанын қалаймыз. Әзірге 340 отандық және шетелдік компаниямен әріптестік туралы келісімге келдік. [/caption]

Иә, біз бірінші кезекте ғылым мен инновацияны дамытуға және осы екі саланы өзара байланыстыруға мүдделіміз. Осы мақсатқа қыруар қаржы бөлдік. Бастысы, бұл бастамамыз бекерге кеткен жоқ. Жасалған жұмыс жемісін берді.

Нақтылай өтейін, соңғы 5 жылда ғылыми және инновациялық жұмыстарды қаржыландыру 6 есеге өсіп 2,3 млрд. теңгеге жетті. «Бөлінген қаржы бекерге кеткен жоқ, өтеуі болды», - деп айттым ғой. Осының нәтижесінде біз жылына 60 патент аламыз, соңғы жылдары нөлдікке жатпайтын импакт-факторлық журналдарда жарияланған ғылыми мақалалардың саны 10 есеге өсті. Сонымен қатар, біз технологиялардың коммерциялық тұрғыдан тартымдылығын арттыруға да ден қойып отырмыз. Атап айтсам, соңғы 3 жылда оларды қаржыландыру көлемі бақандай 20 есеге өсті.

Біздің оқу орнының ұстаздар ұжымы студенттерге саналы да сапалы білім беруге ұмтылады. Тарқатып айтсам, ҚазҰТУ- да студенттердің тәжірибелік дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Біз олардың өз білімдерін тәжірибемен ұштастырғанын қалаймыз. Әзірге бас-аяғы 340 отандық және шетелдік компаниялармен екіжақты әріптестік туралы келісімге келдік. Жастардың білім білігін, тәжірибесін жетілдіру жұмыстары мұнымен шектеліп қалмайды. Жуырда жұмыс берушілердің тікелей атсалысуымен «техникалық салаларға  қандай мамандық иелері қажет?» деген мәселені жан-жақты зерттейтін индустриалды-консультативтік комитет құрдық. Ол өз алдына, біз төрт қабырғада тығылып, білімін толықтырғанды құп көрмейміз. Осы мақсатта оқу бағдарламаларындағы өндірістік тәжірибеден өту уақытын ұзарттық. Бұл да болса, біздің студенттеріміз үшін жасалып отыр. Осының арқасында біздің оқу орнын бітірген түлектердің  85-87 пайызы (!) оқу бітірген бір жылдың аралығында жұмысқа орналасып алады. Мұның өзі ҚазҰТУ- дың, университет дипломының қаншалықты беделге ие екендігін айғақтап тұр ғой?!

 ӘРІПТЕСТІК АРҚАУЫ

[caption id="attachment_8250" align="alignright" width="439"]Apple Университет АҚШ, Ресей, Қытай, Англия, Германия, Франция, Оңтүстік Корея және Канададағы 150- ден аса бетке ұстар оқу орындары және ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатқан.[/caption]

Қазіргі әлемде барлығы бірі-бірімен тығыз байланысты. Қазақ «адамның күні адаммен» дейді. Сол сияқты іргелі оқу орындары да өзара әріптестікке мүдделі. Бұл тарапта біздің бағытымыз анық. Университет АҚШ, Ресей, Қытай, Англия, Германия, Франция, Оңтүстік Корея және Канададағы  150- ден аса бетке ұстар оқу орындары және ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Ал «Шақырылған профессор» және екі диплом бағдарламасы аясында оқу орнының ұстаздары және студенттері шетелден білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сөзімді дәлелдей кетейін:  2013/2014  оқу жылында университетімідің 509 магистранты Ресей, Түркия, Малайзия, Қытай, Германия, Франция, Болгария, Венгрия және Польшаның алдыңғы қатарлы ЖОО-лары мен компанияларында өз білімі мен тәжірибесін ұштауға мүмкіндік алды.

Дәл осы бағдарлама бойынша биылғы жылы біздің оқу орнының магистранттары мен докторанттары АҚШ-тың Техас штатындағы белді университеттің бірінде біржылдық іс тәжірибеден өтіп жатыр. Ғылымы дамып, білімі биікке өрлеген Американың ғылыми зертханаларында қатты отынды әзірлеудің жаңа тәсілдерімен танысып, бұл тарапта тың ғылыми зерттеулер жүргізуде. Көрде тұрыңыздар, алдағы болашақта отын элементтерін әзірлеу саласында соны жаңалық ашылады және оны өндірістің көптеген салаларында қолдануға мүмкіндік аламыз.

Ал «Профессор шақырту алды» бағдарламасы аясында Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ осынау жобаның мүмкіндігін өзгелерге қарағанда жемісті әрі тиімді пайдаланды десем артық айтпаспын. Бұл бағдарламаның басым тұсы өздеріңізге де белгілі болар. Осы арқылы білікті ұстаздар өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Ал бұл өз кезегінде шақырылған шетелдік профессорлармен бірге отырып әзірленіп, жарық көрген мақалалардың жоғары импакт- факторлық көрсеткішін қамтамасыз етеді.

 «Шақырылған профессор» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін әлемнің бетке ұстар оқу орындарының 200 - ге тарта ғалым профессорлары (оның ішінде Нобел сыйлығының лауреаттары да бар) Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ студенттерінің алдында дәріс оқыды.

2011 жылы ҚазҰТУ- да АҚШ, Еуроодақ, ТМД, Австралия және Мысыр елінен келген 65 профессор қазақ жастарымен өз білген-түйгенін бөліссе, 2013-2014 жылдың аралығында университет қабырғасында әлемнің дамыған елдерінен келген 62 профессор дәріс оқыды.

Ал мұның бәріне ұйытқы болған бірінші кезекті біздің ұжым, ұстаздар қауымы. Ұстаздарсыз біздің бүгінгідей деңгейге жетуіміз неғайбыл еді. Қазіргі таңда университет қабырғасында 724 доктор мен ғылым кандидаттары сабақ береді. Профессорлық оқытушылар құрамының дәрежелік деңгейі  62 пайызға дейін өсті. Әрі, біз тәжірибелі, білікті ұстаздарды өз қатарымызда сақтап қала алдық.

 ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ҚАТАР ҚАМТИМЫЗ

ҚазҰТУ тек білім берумен ғана шектелмейтінін айтқым келіп отыр. Біздің оқу орны әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін және бұл тарапта студенттер мен оқытушыларға әлеуметтік тұрғыдан барынша көмектесетін білім ордасы. Соңғы 5 жылда осы мақсатқа 200 млн. теңге бөлінді. Ауыр жағдайға тап болған кезде тегін медициналық көмек көрсетіледі. Бұдан сырт біздің оқу орнындағы ұстаздардың жалақысы Қазақстан бойынша ең жоғары екенін айта кету керекпін.

Иә, біздің өз мақсатымыз, нақты айқындалған бағыт-бағдарымыз бар. Соның бірі - тәрбиелік жұмыс. Әсіресе, қазіргі интернет ұрпаққа ұлттық тәрбие беру басты басымдықтың бірі. Сондай- ақ соңғы жылдары университетте тәрбие жұмыстарының жаңа, инновациялық тәсілдерін сынақтан өткізіп жатырмыз.

Бүгінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде Елбасы Жолдауларының маңызы зор. Жолдауды жастарға түсіндіру, насихаттау жұмыстары жыл сайын үзбей жүргізіледі. Өз басым студенттермен кездесіп, әңгімелесіп, ой пікірімді ортаға салуға әрқашан әзірмін. Мұндай кездесулер университет қабырғасында жиі-жиі өткізіліп тұрады.

Студенттер сабақтан тыс уақытта түрлі спорттық секциялар мен үйірмелерге барады. Қазір  28 спорттық секция мен шығармашылықты шыңдайтын 16 үйірмеге қатысатын студенттеріміздің саны 4000-ға жетті. Жыл сайын бізде қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-бұқаралық маңызы бар 400-ге тарта іс- шара өткізіледі. Ал мұндай жиындардың мәні мен маңызына ешкім күдік келтіре алмаса керек. Бастысы, атқарған жұмысымыз еленбей, ескерілмей жатқан жоқ. Қалалық әкімшілік ҚазҰТУ-ды «Ең белсенді университет» әрі жатақханасы «Ең таза оқу орны» деп таныды.

Студенттік клубтардың жұмысы да жолға қойылған. Айтарым, бұларды біреу мәжбүрлеген жоқ. Бұл ерікті түрде, жастардың қалауымен құрылған ұйымдар және оларды ортақ құндылықтар біріктіреді. Соңғы үш жылда осындай ой- пікірі, көзқарасы, ұстанымы ұқсас клубтардың саны 53-тен 123-ке дейін жетті. Соның нәтижесінде, студенттеріміздің көзқарас аясы кеңейді. Жастарымыз қала бойынша ұйымдастырылатын түрлі акцияларға, сенбіліктерге әрдайым ұйытқы болады. Мен мұны мақтанышпен айтамын. 

ЖАСТАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

[caption id="attachment_8248" align="alignleft" width="458" class=" "]2M3A6536 Қазір 28 спорттық секция мен шығармашылықты шыңдайтын 16 үйірмеге қатысатын студенттеріміздің саны 4000-ға жетті.[/caption]

Материалдық техникалық базасы, инновациялық технологияларды кіріктіру жағынан Орталық Азия көлемінде ҚазҰТУ- ға тең келер оқу орны жоқ. Қазір бізде 262 оқу зерттеу зертханасы, 3 ғылыми зертхана және 14 ғылыми орталық бар. Мұнда бірегей құрылғылар орнатылған.

Біздегі интернеттің жылдамдығы секундына 120 Мб, ал тұтас университеттегі компьютерлердің саны қазіргі күні  4000-ға жетті. Иә, жасырары жоқ, қазіргі жастарға ғаламтор қажет. Осыны ескерген университет басшылығы білім ордасындағы жатақханалардың барлығына тегін интернет орнатып бердік. Бұдан артық не керек? Айтпақшы, қазір 344 орындық жатақхананың құрылысы жүруде. Біздің оқу орнына тапсырғысы келетін жастарды қуандырып қояйын, Алатау ауданында оқу корпусы, жатақханасы әрі тәжірибелік зауыты бар үлкен студентік кешен салу туралы жобалық құжат әзірленіп жатыр.

Мұның бәрін біз, бір өзіміз атқарамыз десек, артық айтармын. Білім ордасының материалдық техникалық базасын нығайтуға «Қазцинк», «2 КЕЙ», «ГеоҚұрылысИнвест», «Leica Geosystems Kazakhstan», «ВМС Kazakhstan», «КAZGOR», Datamine international, Phoenix geophisiecs, ИНЖСЕРВИКО, AUTODESK, SIEMENS, Honeywell, Kaz­DevSolution, Горэлтех  CORTEM GROUP компанияларының қосқан үлесі зор.

 Білім және ғылым министрлігінің мұрындық болуымен «Парасат» холдингінің құрамына кіретін институттарды Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-мен біріктіру жұмыстары ойластырылуда. Мұндай, Ұлттық деңгейдегі зерттеу университетінің құрылуы Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуына даңғыл жол ашады. Бұған күмәнім жоқ.

ТҮЙІН

DamirjanIMG_0304Иә, тоқсан ауыз сөздің де тобықтай түйіні болады. Өзінің 80 жылдық торқалы тойын ҚазҰТУ толайым табыспен қарсы алып отыр. Алайда ұжымның алдында атқарылуы тиіс жұмыстар әлі де болса жетіп артылады. Болашақта біз, Үшінші индустриалды революцияның талабы мен талғамына сай келетін мамандық түрлерін ашуды жоспарлап отырмыз. Білім ордасы, бұдан сырт, біліктілікті растайтын тәуелсіз Орталықтар құруға белсене араласып отырған жайы бар. Сонымен қатар, өндіріс орындарының сұранысына сай мамандар әзірлеу күн тәртібінде тұр. Ал Қазақстанның геологиялық кластеріне арнап оқу ордасының ұстаздар ұжымы  мұнай-газ жүйелерінің шөккен бассейндеріне геодинамикалық, геохимиялық және термобариялық үлгілер әзірлеуде. Мұндағы біздің мақсат көмірсутекті шикізаттың қорын көбейту. Сонымен бірге, қазба байлықтың қорын бағалап, болжам жасауда да белсенділік танытып отырмыз.

ҚазҰТУ жаңа мобилді, мульмедиялық, нано және ғарыштық технологияларды әзірлеу мен болашақ энергиясын іздеу жобаларының белсенді қатысушыларының бірі. Университет атом энергетикасына арналған арнайы бағдарламаны оқу ісіне кіріктіріп жатыр. Бұл тарапта ядро химиялық технология, ядролық энергетикалық құрылғылар бағыттары негізінде кадрлер әзірлейтін боламыз. Сонымен бірге, ғарыш саласын жете меңгергіміз, игергіміз келеді. Осы мақсатта болашақта ғарышқа «Политех-1» жер серігін ұшыру жоспарда бар.

Әлемдік деңгейдегі оқу орнына айналу, бұл бірінші кезекте уақыт талабы. Ал алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін біздің университет ұжымы аянбай еңбек ету керек. Сайып келгенде, адам пікірін құрметтеуге негізделген ұжымдық ұйымшылдықтың арқасында біз Қазақстан экономикасын білікті инженер кадрлармен қамтамасыз ете аламыз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x