БІЛІМНІҢ КІЛТІ - КІТАПХАНАДА

Dalanews 22 қаз. 2014 08:54 336

Кітапхананы «ескінің көзіне» балайтындар бар. Мұндайлар: «Өзімізге қажетті дүниені ғаламторды шарлап отырып-ақ табамыз», - дейді. Алайда, кітапхананың құндылығын шын түсінген адам оны ешбір жаңа технологияға айырбастамасын білері анық. Интернетсіз күн көре алмайтын және компьютерсіз отыра алмайтындар қазіргі кітапхананың  заманға сай жаңарып, тың туындылармен толығып келе жатқанын біле ме екен?

Айталық, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Ғылыми кітапханасында тұтас техникалық салаға қажетті құнды мәліметтер бар. Біздің кітапханадан өнеркәсіп саласы, оның ішінде мұнай және газ ісі, тау кен өндірісі, металлургия, сәулет және құрылыс саласына қажетті қыруар ақпарат ала аласыз. Кітапханамыз көп салалы мамандар даярлаудың үрдісіне сай заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл бай ғылыми қор оқу орнына қарасты орта буын (колледж) және жоғары буын студенттері мен магистранттарға әрі ұстаздар қауымына ауадай қажет.  

[caption id="attachment_8233" align="alignleft" width="300"]Бүгінгі күні кітапханадағы құнды туындылардың дерлігі электронды түрге көшіріліп, электронды кітапхана құрылған. Бүгінгі күні кітапханадағы құнды туындылардың дерлігі электронды түрге көшіріліп, электронды кітапхана құрылған.[/caption]

  Қазір біз кітапхана қызметкерлерінің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін көтеру, электронды кітапхана құрып, осы арқылы ақпараттық ресурстарды электрондық нұсқада қолжетімді қылу мақсатында іргелі іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Ендігі жерде оқырмандардың өз уақытын үнемдейтін, ал кітапхана қызметкерлері тиісінше келушілерге талап еткен кітап-құжаттарды уақыт оздырмай тауып беретін мүмкіндігі бар. Кітапхананың ұйытқы болуымен өткізілетін мәдени-танымдық іс-шаралар жетіп артылады. Мысалы, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» жобасы бойынша студенттерді туған тілін дәріптеуге, салт-дәстүрін сақтауға  үйретеміз, жол көрсетеміз. Тұрақты түрде тіл апталығы өткізіліп тұрады. Бастысы, бұл бағыттарды сөз емес, іс жүзінде орындап отырмыз.

     Бүгінгі күні кітапханадағы құнды туындылардың дерлігі электронды түрге көшіріліп, электронды кітапхана құрдық. Бұл тарапта әдебиеттерді күнделікті болмаса да, апта сайын, ай сайын жаңартып, толықтырып отыру қажеттігі айтпаса да белгілі. Сондықтан электронды кітапхана сандық өңдеу негізін құруда. Бұл мақсатта біз орталыққа «Элар План Скан А2В» сканерін сатып алдық. Электронды орталықтың қорын толықтыруға профессор-оқытушылар құрамы да атсалысып отыр.  Нақтылап өтейін: университет ұстаздары электрондық кітапхананың «Менің жарияланымдарым» желісіне кіре отырып, бұл жерге өзінің ғылыми жұмысын, мақаласын сала алады. Ал бұл ұстазынан үлгі алып, үйренгісі келетін студенттер үшін таптырмас мәлімет.  

 Университет студенттері электронды кітапхананың көмегімен Тау тұлға –Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың өмір жолымен жете таныса алады. Осы мақсатта біз сайтымызда «Виртуалды  көрме» деп аталатын арнайы айдар аштық.

     Біз санға емес, алдымен сапаға мән береміз. Санның сұйылып кетері, ал сапаның санада қалары анық қой. Сөзіме дәлел, әзіргі күні ЖОО-лар арасында Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың электронды кітапханасы сапа рейтингінде 2-ші орында тұр! Біз өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқан жоқпыз. Ғылыми тұрғыдан халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған. Жақында ғылыми кітапхана журналдардың деректер қорынан: Elsevier,Thomson Reuters, SpringerLink,Science журналдарын  сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Бұдан сырт ғылыми кітапхананың жанынан 100 орындық арнайы электронды оқу залы ашылды. Оқу залында оқырманға қажетті барлық дүние бар. Оқу орнының қолдауымен аталған зал жақында 30 дана жаңа компьютермен толықты. Электронды оқу залында 500- ден аса сатып алынған электронды құжаттардың нұсқасы сақталса, сайтқа қойылған электронды ресурстың қоры шамамен 8 мыңға жуықтайды. Біз бұл арада электронды кітапхананы түрлі туындылардың басын тоғыстырған мәлімет базасына ғана емес, әрі ақпараттық сайтқа айналдыра білдік. Ұстаздар мен студенттер кітапханаға қатысты соңғы жаңалықтарды, жаңа түскен әдебиеттерді «Кітапхана» айдарынан көре алады.

   Жалпы атқарылар жұмыс әлі деп көп. Сирек кездесетін әдебиеттерді, диссертацияларды электронды кітапханаға салып, қорын толықтыруды жалғастыра түспекпіз. Осы арқылы орталықты жаңа заманның талаптарына бейімделген көшелі кітапханаға айналдырғымыз келеді. Ал бұл аптаның орны бөлек. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне 80жыл толып отыр, сонымен қатар, біздің Ғылыми кітапханамыз да дәл осы межені бағындырды! Өз тарапымнан «қазақ техникалық жоғары оқу орындарының қара шаңырағы» атанған білім ордасын және Ғылыми кітапхананың ұжымын 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

 

                Қапалхан ХҰСАИНОВА,     


 Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың


                                                       Ғылыми кітапхана директоры


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x