«ҚазМұнайГаз» үздіктерге жол ашады

Dalanews 02 шіл. 2022 02:56 273

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жыл сайын мыңға жуық жаңаөзендік оқушыны еліміздегі үздік мектептер мен колледждерде оқытпақ. Бұл игі іс «Жарқын болашақ» жобасы аясында жүзеге асады. Ілкімді жобаны «Өзенмұнайгаз» АҚ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және мемлекеттік органдармен бірлесе қолға алмақ.

Сонымен, «Жарқын болашақ» әлеуметтік жобасы аясында Жаңаөзендегі дарынды оқушылардың еліміздің үздік мектеп-интернаттары мен колледждерінде оқуына қолдау көрсетіледі. Маңызды шара осы жылдан басталады. Мұнан соң әр жыл сайын 1000-ға жуық жаңаөзендік жас нақты ғылымдарды тереңдетіп оқуға мүмкіндік алса, бір жағынан шығармашылық және спорттағы дарынын дамытады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар түрлі бағыттар бойынша сұранысқа ие мамандықтарды таңдайды. Негізі бұл жоба жоспар бойынша 2025 жылға дейін жалғасады. Болжамға сәйкес, осы кезең ішінде 4 мыңдай оқушы білімдерін жетілдіреді.

«Жарқын болашақ» жобасының мақсаты – сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету, оқушылардың білім сапасын, сондай-ақ олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Нақтылай түссек, жоба осы жылы 2 бағыт: оқушылардың академиялық ұтқырлығы және колледждердегі сұранысқа ие мамандықтар негізінде іске қосылады.

Бұл ретте республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарда оқу үшін мемлекеттік квоталар бөлу қарастырылып жатыр. Ал осы мектеп-интернаттарда және колледждерде ақылы негізде оқу «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы есебінен жүргізіледі. Оқушылардың оқу ақысымен қоса, тұратын орны, жолақысы және басқа да шығындары өтеледі.

Жаңаөзендік оқушылар Қазақстанның түрлі өңіріндегі мектеп-интернаттар мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін (колледждер) таңдап, іріктеуден өте алады. Білім беру мекемелерінің арасында Ақмола облысындағы дарынды балаларға арналған IQanat High School of Burabay мектеп-пансионаты, ҚР ірі қалаларындағы физика-математика бағытындағы жоғары білікті мектеп-интернаттар, спорт бағытындағы мектептер (олимпиадалық резерв мектептері), ҚР ірі қалаларындағы «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңғыртылған колледждер, өнер саласындағы колледждер және әскери мектептер және «Жас ұлан» колледждері бар.


Мектеп-интернаттарға қабылдау және колледждерге түсу жасы оқу орындарының ішкі ережелерімен реттеледі.

Бұл ретте оқу орындарының сапалы болуына басымдық беріліп отыр. Мәселен, білім беру жүйесі, оның ішінде жайлы жатақхана, тамақтану объектілері, медициналық қызмет, білікті психологиялық-педагогикалық және басқа да қызметтер талапқа сай болуы тиіс.

«Жарқын болашақ» бағдарламасына серіктес мектептер мен колледждердің арнайы комиссиялары Жаңаөзендегі балалар арасынан алдын ала іріктеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарын оқу бағдарламаларымен таныстыру мақсатында білім беру мекемелерінің жәрмеңкелері өткізілмек.

Аталмыш жобаға қатысатын мектептер мен колледждердің тізімі алдағы уақытта кеңейтілетін болады. Бұған қоса бағдарлама шеңберінде колледж түлектерін өңірлерде жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x