Cоңғы жаңалықтар
Back

Абай университетінің жас ғалымдары отандық ғылымның дамуына үлкен үлес қосуда

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жас ғалымдары отандық ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосуда. Солардың бірі – 33 жастағы пост-докторант Шахислам Лайсханов. Оның еңбек жолы барлық студенттер үшін үлгі, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

2009 жылы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «050116-География» мамандығы бойынша бакалавриатын, ал 2011 жылы Магистратура және PhD докторантура институтының «6М011600-География» мамандығы бойынша магистратура бөлімін тәмамдаған. Одан кейін, «6D060900-География» мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің докторантурасын бітіріп, 2017 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысындағы агроландшафттардың деградациясы (Отырар ауданы мысалында)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғаған. Жас ғалымның диссертациялық ғылыми зерттеу нәтижелерін Түркістан облысындағы Отырар ауданының ауылшаруашылық басқармасы ауылшаруашылық саласын басқару, жоспарлау және жобалау жұмыстарында пайдалануда. 2017 жылы Лайсханов Шахислам ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитетінің шешіміне сәйкес, 2017 жылғы 29 маусымдағы №987 бұйрығымен «6D060900-География» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алған.

2014 жылы Лейпциг университетінің География инситутында (Германия), ал 2015 жылы Докучаев атындағы топырақтану ғылыми зерттеу институтында (Ресей) 2 айлық тағылымдамадан өтті.

2014-2018 жылдары Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтында және Орталық Азия Экология және қоршаған орта ғылыми зерттеу орталығында еңбек етіп, ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бағдарламасының негізінде жүзеге асырылатын бірнеше ғылыми жобалардың жауапты орындаушысы болған.

Ал, 2015-2020 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқытушы, аға оқытушы, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2018 жылдың мамыр айында «Мен АЭФ-2018-ге барамын» республикалық байқауына қатысып, Жаhандық Астана экономикалық форумына жеңімпаз жолдамасын жеңіп алды. Форумның негізгі бағыттарын, онда баяндама жасаған әлемдік ғалымдардың идеяларын жастар арасында насихаттауға септігін тигізді. Ал 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақы терминдерді халық жасайды» атты республикалық конкурсына белсене қатысып, Спорт және мәдениет министрі А. Райымқұлованың алғыс хатымен марапатталды.

2019 жылы ҚР БҒМ жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің құрамына еніп, сол уақыттан бері жас ғалымдармен бірге еліміздің ғылым саласындағы заңнамалық құжаттардың, мемлекеттік бағдарламалардың, ережелердің және тағы басқа нормативтік-құқықтық құжаттардың мазмұндарына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу, жас ғалымдардың құқықтарын қорғау, қоғамда ғылымды насихаттау және талантты жастарды ғылымға тарту сияқты мемлекеттік маңызы бар қоғамдық жұмыстармен айналысып келеді. Сондай-ақ, Қазақстан жас ғалым-педагогтар қауымдастығының және Дүниежүзі қазақ жас ғалымдар платформасының мүшесі ретінде қоғамдық ғылыми жұмыстар атқарады.

Қазіргі таңда, Лайсханов Шахислам Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын 2 ғылыми жобаның жетекшісі болып табылады: 1) AP09260017 Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу (2021-2023 жж.); 2) P09058590 Тұрақты жер пайдалану мақсатында ЖАЗ мәліметтері мен ГАЖ пайдаланып, Жамбыл облысы Талас ауданы жерлерінің шөлдену және деградациялану процесіне мониторинг жасау(2021-2023 жж.). Сондай-ақ, университетішілік жобалар бойынша да зерттеу жұмыстарын орындауда.

Шахислам Лайсханов осы уақытқа дейін 50-ден астам ғылыми еңбектері жарық көрген, олардың ішінде: ҚР Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің тізіміндегі журналдарда – 11 мақала; «Scopus» және «Web of Science» мәліметтер базаларындағы импакт-факторлы журналда – 5 мақала; 1 авторлық куәлік, 1 ғылыми зерттеу нәтижелерін ендіру актісі, 2 оқу құралының және мектепге арналған 1 географиялық атластың авторы.

Лайсханов Шахисламның жастарды ғылымға баулу жұмыстарымен белсенді айналысып келеді. Оның жетекшілігімен студентері халықаралық және республикалық ғылыми зерттеу жұмыстары конкурстарында жеңімпаз атанған. Сондай-ақ бастамашыл және жаңаша ойлайтын жастардың бірі. Соңғы жылдары республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми іс-шараларды өткізуде ұйымдастырушылық қырынан да көзге көрінді.