ШҚО колледждері 720 кәсіпорынмен 5307 шарт жасасып, жыл сайын үш мыңнан астам түлекті ақылы өндірістік практикадан өткізуде

Dalanews 14 желт. 2021 07:17 227

Шығыс Қазақстанда кәсіби білім беру жүйесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде жаңа оқу орындарының ашылуы есебінен екі есеге жуық өсті. Бүгінде бұл 82 мекеме, оның ішінде 48 мемлекеттік және 34 жекеменшік колледжді құрайды. Онда 36 236 студент оқиды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

ШҚО әкімдігінің ақпаратына сәйкес, 2012 жылдан бастап колледждерде дуалды оқыту енгізілуде. 720 кәсіпорынмен 5307 шарт жасалып, оның шеңберінде жыл сайын үш мыңнан астам түлек облыс кәсіпорындарында ақылы өндірістік практикадан өтеді.

Сонымен қатар, өңірде 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда. Жергілікті бюджет бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемі – 6 260 орынды құрап отыр. «Еңбек» бағдарламасы бойынша жыл сайын республикалық бюджеттен 1 730 мемлекеттік тапсырыс орны қаржыландырылады.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап жан басына қаржыландыру енгізілді. Осыған сәйкес, колледждерде мемлекеттік тапсырыс бойынша бір білім алушыға жұмсалатын шығындар жылына орта есеппен 504 мың теңге.


Оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері Ресейдің (Мәскеу, Татарстан), Беларусьтің, Норвегияның, Малайзияның, Финляндияның, Ұлыбританияның, Германияның шетелдік оқу орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Шығыс Қазақстан алғашқы болып, 2014 жылдан бастап "Мәңгілік Ел жастары-индустрияға!"- "Серпін-2050" мемлекеттік бағдарламасын іске асырды. Биылғы оқу жылында "Серпін" бағдарламасы бойынша өңірдің 7 колледжінде 142 студент білім алуда.

Төрт жыл бұрын модульдік-құзыреттілік тәсілді қолдану басталып,оның шеңберінде мамандарды даярлау оқытудың екі деңгейлі моделі жүргізіледі. Бүгінде ол 59 колледжде 79 мамандық бойынша енгізілген.

Колледждерді жаңғырту мақсатында 2020 жылдан бастап «Жас маман» жобасы бойынша 3 млрд 24 млн теңге сомасына халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған 10 құзыреттілік орталығы жұмыс істейді.

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап ТжКБ ұйымдарында академиялық дербестік енгізілді.

Оқу орындарында студенттер мен түлектерді WorldSkills талаптары бойынша емтихан түрінде оқыту нәтижелерін бағалаудың жаңа жүйесі жұмыс істейді. Облыс студенттері WorldSkills байқауына қатысады. Екі жыл қатарынан республикалық байқауда ШҚО құрама командасы бірінші орынға ие болды. Қазан қаласында өткен халықаралық байқауда біздің балалар қола медальға қол жеткізіп, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша кәсібилігі үшін медалін және Вest of Nation медалін жеңіп алды. Мұндай жеңісті нәтижемен Қазақстан командасын 14-орынға көтерді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын орындау мақсатында студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту үшін колледж студенттері үшін 7 жатақхана ашылды.


Қорыта айтқанда, өңірде «Білікті маман» жобасы табысты іске асырылып жатқанын атап өту керек. Білім беруде қол жеткізілген көрсеткіштер Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істейтін білікті мамандарды даярлау жөніндегі жоспарлы жұмыстың нәтижесі болып табылады, деп атап өтті дереккөз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x