Мектеп салғанда дайын тиімді типтік жобаларды пайдалану қажет – Даниал Ахметов

Dalanews 11 там. 2021 16:02 217

ШҚО әкімі – Даниал Ахметов аймақтағы мектептердің құрылысына қатысты кеңес өткізіп, мәселені жан-жақты зерттеп, демографиялық жағдайды талдап, қай елдімекенде және қанша орындық мектеп салу керектігін айқындау қажет екенін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысының айтуынша, тиімді дайын типтік жобаларды пайдаланған жөн. Солардың бірі – Тавриядағы мектеп. \

– Бұл өте сәтті жоба, осындай жобаларды көбейту керек. Құжаттамаларды әзірлеу өте қымбат процедура. Ал, типтік жобалар бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Даниал Ахметов.

Болашақта Урунхайка ауылында жүз орындық мектеп салынады және бұл жобаны басқа елді мекендер үшін де қолдануға болады. Бұдан бөлек, келесі жылы Семейдің Қарағайлы және Ет комбинаты аудандарында мектептер салу жоспарланып отыр.

– 2023 жылы Өскемендегі облыстық драма театрдың артынан бір мектеп ашылады. Өйткені бұл өте қарқынды дамып келе жатқан аудан. Жыланды, Белоусовка кенттері мен Қапай ауылына да жаңа мектеп салынады. ҚР Білім және ғылым министрлігі салуға дайын 32 мектептің ішінен бізге 25-і өте қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.

Кеңесте 2021-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспар құру қажеттігі айтылды. Онда оқу орындарын қайда салу керектігі, қай мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі нақты жазылады. Бұл алдағы уақытта ең алдымен қаржыны дұрыс бөлуге және салған мектепке бала толмай қалып, артық шығындалып қалмауға көмектесетін жоспар болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x