Елорда күні Алматы қаласында бірнеше мектеп пен балабақша ашылды

Dalanews 06 шіл. 2021 10:52 338

Алматы қаласында Елорда күніне орай 725 орынды екі мектептің жаңа корпусы, 120 орынды төрт мемлекеттік балабақша, сондай-ақ бірнеше жекеменшік білім беру мекемелері ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматыда орта білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік және жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған білім беру нысандарына жаңа корпустар салынып, бірнеше мекемеде сейсмикалық шаралар күшейтілді. Бұл жыл соңына дейін 21 мыңнан астам жаңа оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.

Астана күніне орай Бостандық ауданы Орбита-1 ықшамауданында 600 орынды №60 гимназия ғимаратының жаңа корпусы ашылды. Гимназияның жобалық қуаты 1700 оқушы орнын құрайды.

Гимназияда кеңейтудің арқасында қосымша кабинеттер пайда болып, екі ауысымды оқыту мәселесі шешіледі.

Ал Алатау ауданында жұмыс істеп тұрған №166 лицей ғимаратына 125 орынды жаңа қосымша құрылыс ашылды. Жаңа ғимаратқа дейін оқу орнында 360 орын болса, қазір 485 орынды құрайды.

Астана күніне орай Алматы қаласында екі жекеменшік мектеп ашылды. Олар, Бостандық ауданы Бағанашыл ықшамауданында 60 орынды "COSMO PRIMARY SHOOL" бастауыш мектебі және қаланың Әуезов ауданында 130 орынды "АВС School" жеке мектебінің ашылуы өтті.

Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша балабақшадағы орын тапшылығын төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Астана күні қарсаңында Алматы қаласы, Наурызбай ауданы Ақжар ықшамауданында мемлекеттік тілде оқытатын №194 балабақшаның ашылуы өтті. Балабақшаның жобалық қуаты 120 баланы құрайды. Сондай-ақ, 40 жаңа жұмыс орны құрылды.

Наурызбай ауданы Таусамалы ықшамауданында 40 жаңа жұмыс орнымен 120 балаға есептелген №193 жаңа мемлекеттік балабақша ашылды.

Бүгінде Алматы қаласында мектепке дейінгі білім беру ғимараттарын салуға бос жер учаскелерінің жетіспеуінен, әкімдік жалпы білім беретін мектептердің аумақтарында жаңа балабақша салу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл балабақшалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге, әр балаға үйдің жанындағы мектепке баруға әрі достарымен серуендеуге мүмкіндік береді.

Наурызбай ауданына қарасты Таусамалы ықшамауданында №186 мен  №187 жалпы білім беретін мектептердің аумағында әрқайсысы 120 орынды екі жаңа балабақша ашылды.

Ал Түрксіб ауданында мемлекеттік білім беру бойынша 68 балаға арналған "Адель" жеке меншік балабақшасы ашылды.

– Біз жеке меншік балабақшада балаларға білім мен тәрбие беруге мемлекет тарапынан қолдауға ие болдық. Қазір жаңа оқу жылына топтар жинаймыз. Балаларды екі жастан бастап қабылдаймыз. Бұл орыс балабақшасы, бірақ балаларға қазақ тілімен ағылшын тілдерін де үйретеміз. Мемлекеттік бағдарламалардан басқа, білім беру жобалары да бар, – деді балабақша құрылтайшысы Лариса Ли.

Бостандық ауданында тағы бір "ALGABAS-3" жеке меншік балабақшасының ашылуы өтті. Балабақшаның жобалық қуаты 160 баланы құрайды. Сондай-ақ, 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған балабақша мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр.



2021 жылдың басынан бері Алматыда 1,7 мың орынды 30-ға жуық жекеменшік ұйымдары ашылды. Жыл соңына дейін тағы да 5 мың орынды  35 жеке балабақша ашу жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыс 20 441 орынға 397 мектепке дейінгі ұйымға орналастырылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x