Алматы колледждеріне оқуға түсу жеңілдеді

Dalanews 17 мау. 2021 15:45 278

Биыл Алматы колледждеріне оқуға түсу талабы өзгерді. Мұндағы жаңалық – емтихандардың болмауы. Тек мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогикалық, медициналық пен шығармашылық мамандықтарына түсушілер арнайы емтихан тапсырады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Білім басқармасының техникалық пен кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Әсет Мұханбетов мәлімдеді.

Ә. Мұханбетовтың айтуынша, медициналық мамандықтарға түсетін талапкер медициналық колледжде психометриялық тестілеуден өтуі тиіс.

Педагогикалық мамандықтарға түскісі келетіндер кәсіби жарамды арнайы емтиханын тапсырады. Бұл емтихан педагогикалық колледжде өтеді.

«Сәулет», «Дизайн» мамандықтарына оқуға түсетін талапкер екі шығармашылық емтихан тапсырады: біріншісі – сурет салу мен живопись, екіншісі – композиция.

Орта буын мамандарына (технологтар, техниктер, сервис пен т.б.) оқуға түскісі келетіндер арнайы шығармашылық емтихан тапсырмайды. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бойынша орындарды тағайындау конкурсы негізінде бейіндік пәндерінің бағаларын саралау арқылы өтеді.

Алматы колледждеріне түсу бойынша конкурстың бірінші кезеңі 21 мен 24 тамыз аралығында өтеді. Мемлекеттік тапсырыс 9-сынып бітірген талапкерлер арасында болады. Қалған мемлекеттік тапсырыс орындары 25 мен 28 тамыз аралығында 11-сынып түлектері арасында өтеді.

9-сынып талапкерлерінің бағасын есептеу 25 тамызға дейін, ал 11-сынып түлектерінікі 29 тамызға дейін жүргізіледі. Ұпай саны тең болған кезде квоталық санат пен аттестаттың орташа ұпайы ескеріледі.

Әрі қарай конкурс нәтижелеріне сәйкес талапкер колледжге құжаттар тапсырады. Білім алушыларды нақты қабылдау негізінде колледждер арасында мемлекеттік тапсырыс бекітіледі.

Айта кетерлігі, Ә. Мұханбетов колледжден кейін жұмысқа орналасу үшін алаңдамауға шақырды. Статистика бойынша Алматы түлектерінің 76%-ы жұмыс табады. Қалған түлектер ЖОО-да оқуын жалғастырады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x