Гүлмира Қанай: «Білім саласындағы өзгерістердің қозғаушы – жастар»

Dalanews 14 мау. 2021 09:21 261

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдарының ғылыми идеялары мен бастамаларына қолдау көрсету, олардың оқу орнының дамуындағы рөлін талқылау мақсатында ҚызПУ-дың Басқарма төрайымы – ректоры Гүлмира Қанай жас ғалымдармен және Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерімен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz оқу орынның Баспасөз және қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап.

– Ғылым мен білімсіз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін түсінік. Білім мен ғылымның қарқынды өзгеру заманында еліміздегі жастардың ғылыми әлеуетін арттыру – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақ. Олай болса бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты  да – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыдан ойлайтын жас педагог-ғалымдардың жобалары мен идеяларын тыңдау, туындаған мәселерді бірігіп шешу, – деді Гүлмира Қанай.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 мың грант бөлуді тапсырғанын да тілге тиек етті.

– Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы арқылы биыл 500 стипендия қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін берілетін болады. Стипендия беруге үміткерлерге академиялық оқу үшін 80 мамандық және тағылымдамадан өту үшін 137 мамандық ұсынылған, – деп атап өтті университет басшысы.

Қазіргі күнде Қыздар университетінде 40 жасқа дейінгі 110 жас ғалым жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін жетілдірген. Көптеген жас ғалымдар өнертабыс патенттері мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы.

– Ғылым мен білімді бірге алып жүру – бұл үлкен шеберлік. Осындай өмірлік жолда аянбай еңбек етулеріңіз – ол сіздердің азаматтық және әлеуметтік жауапкершіліктеріңізді білдіреді. Білім саласындағы болып жатқан өзгерістердің қозғаушы күші – жас ғалым-педагогтар екені сөзсіз. Сондықтан заманға сай жаңашыл мамандар қажет. Осы жолда Сіздерге үлкен сенім мен зор үміт артамыз, – деді Гүлмира Әмірханқызы.

Жиын барысында жас ғалымдар өз ұсыныстары мен тілектерін оқу орнының басшысына жеткізіп, ойларын ортаға салды.

Кездесу соңында университет басшысы Гүлмира Қанай алдағы уақытта да тұрақты түрде өзара пікір алмасуға, жас ғалымдарды қолдаудың бірнеше іс-шараларын бірлесіп даярлауға және тың идеялар мен ұтымды ұсыныстарға әрдайым дайын екендігін білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x