Cоңғы жаңалықтар
Back

Соңғы қоңырау

Елімізді жайлаған індетке дейін мектеп ауласы 25 мамырда ерекше құлпыратын. Жүздерінен мейрім шуағы төгілген ұстаздар шәкірттері ұсынған шоқ гүлдерін алып, бір-біріне ізгі тілек, алғыстарын білдіріп, жергілікті әкімшілік пен Білім басқармасы тарапынан өкілдер қатысып, мерекелік ән-шашу, мектеп вальсі, көгершін ұшыру шаралары салтанатты сәнімен жалғасатын… Биылғы оқу жылы да қашықтан оқу тәртібіне сәйкес онлайн режимінде аяқталып, соңғы қоңырау соғылды.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының өкілдері арнайы сілтеме бойынша №№12, 27, 83 гимназия, №№8, 54 лицей және №32 ЖББМ ZOOM платформасында соңғы қоңырауға арналған іс-шараларға қатысты. Уақыт талабына сәйкес қашықтан оқуға төселіп қалған мектеп ұжымы соңғы қоңырауға айтарлықтай дайындықпен, қомақты жетістіктермен келгені анық байқалады. Мектеп директорлары да сілтеме бойынша жиналыстарға қатысып, сүйікті шәкірттеріне көңіл толқытар ыстық лебіз, ақ тілектерін жаудырды.

Ғасырға жуық тарихы бар Алматы қаласындағы №12 Ш.Уәлиханов атындағы көп салалы гимназия жас түлектері үшін арнайы конференция ұйымдастырып, сынып жетекшілерінің қысқаша мектеп өміріндегі тарихынан сыр шертетін презентацияларын көрсетті. Сілтеме бойынша іс-шараға қатысқан ата-аналар да ұясынан ұшқалы тұрған балапандарын ақ жол тілеп, мұғалімдерге алғыстарын айтты. Гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рахима Сәкенова 11 жыл бірге жүрген, бір сыныпта оқыған шәкірттеріне «бір-біріңе бауырмал болыңдар, ұшқан ұяны ұмытпай, ұстаздарыңды қадірлеңдер,биіктерден көрініңдер, қанаттарың талмасын», – деп Білім айдынындағы ақ кеменің ақ тілегін тебіреніспен жеткізді.

Оқушылар, ата-аналар Мұғалімнің қоғамдағы, адам өміріндегі, ұрпақ өсірудегі рөлі нағыз құрметке лайықты екендігін баяндайтын өлеңдерін оқып, ризашылықтарын білдірді. Жас түлек! Қанатың талмасын, биіктерге самғағын!

П. Асылбек

Тағы оқыңыз:

«Өрлеу» қашықтан оқытудың мән-жайын түсіндіреді