Cоңғы жаңалықтар
Back

Жетісайлық депутат білім алған мектебіне спорт алаңын салып берді

Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы, «Nur Otan» партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаты, меценат Әлихан Утанов отбасының атынан өздері оқыған «Асықата» жалпы орта мектебіне заманауи спорт алаңын салып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін де мектептің түрлі қайырымдылық шараларында қолұшын созып келе жатқан Утановтар әулеті «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасын жүзеге асыру мақсатында 4 ай бұрын осы нысанның құрылысын бастаған.

Шағын футбол, волейбол және баскетбол ойнауға болатын нысанның ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев, аудандық мәслихат депутаттары мен спорт ардагерлері қатысты. Құттықтау сөз сөйлеп, нысанның ашылуына атсалысқан азаматтарды аудан әкімі мен «Nur Otan» партиясының алғыс хаттарымен марапаттады.

– Бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің барлығы да мектептен алған біліміміз бен тәрбиенің арқасы. Сол себепті де өзіміз оқыған мектептің оқушыларының спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік жасауды ұйғардық. Біз бұл мектепті бітіріп кеткенімізбен қазір біздің перзенттеріміз, немерелеріміз осында білім алып жатыр. Келешекте түрлі жылдарда мектеп бітірген түлектер жиналып өздері оқыған мектептеріне осындай алаңшалар салып, көмек беріп отырса екен деген ниеттеміз, – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі Мұқтархан Утанов.

– Командалық ойын түрлерін жақсы көретін ауыл жастары, мектеп оқушылары үшін бұл тамаша сыйлық болды. Енді спортпен шынығамын, шыңдаламын деген жастарға алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ. Біз де өз тарапымыздан мектептерде түрлі спорттық үйірмелердің санын көбейтіп, сапасын арттыратын боламыз. Мектепке осындай сый жасап отырған Утановтар әулетіне үлкен рахметімізді айтамыз, – дейді Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті Азаматы», «ҚР Құрметті Спорт Қайраткері» Айдархан Өтенұлын еске алуға арналған футболдан турнир өтті. Ерексектер мен жастар арасында өзара мықтылар анықталатын турнир жеңімпаздары ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, арнайы кубоктарымен марапатталатын болады.

Тағы оқыңыз:

Депутат ауылға футбол алаңын салып берді