Cоңғы жаңалықтар
Back

Қыздар университеті үздік ЖОО-ның сапына енді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақстандағы сұранысқа ие жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі нәтижесі бойынша отандық білім ордаларының арасында үздіктер қатарынан көрініп, сегізінші орынға ие болды. Бұл туралы оқу орнының ресми өкілі – баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

2021 жылғы ұлттық рейтингті Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (IAAR) жүргізді.

Рейтинг барысында адами ресурстарды дамыту деңгейі, жоғары білім беруді интернационализациялау, халықаралық білім беру кеңістігіндегі ЖОО-ның интеграциясы, ғылыми-зерттеулерді дамыту деңгейі, еңбек нарығындағы түлектерге деген сұраныс пен олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші сияқты индикаторлар басты назарға алынды.

Қыздар университеті рейтингте 28 774 балл жинап, сегізінші орынды иеленді.

«Бұл – оқу орнының білім беру қызметтері нарығындағы жоғары сұранысқа ие болуы мен бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі. Алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге Қыздар университетінің әлеуеті толығымен жетеді», – деп атап өтті Жандар Асан.

IAAR аталған рейтингтің басымдыққа ие индикаторлары мен көпфакторлы әдістемесіне сүйене отырып, қазақстандық жоғары оқу орындарына өз білім беру бағдарламаларының сұраныс деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ЖОО-ның сапалы жұмыс істеуіне ықпал етіп, талантты талапкерлерді тартуға және жұмыс берушілер мен бизнес өкілдері үшін жоғары оқу орнының қажеттілігі шеңберін кеңейтуге жол ашады.

IAAR ұлттық рейтингінің бірегей сандық технологиясы еуропалық талаптарға сай және 2 мыңнан астам ҚР білім беру бағдарламалары мен ЖОО-ларының рейтингін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Бұл жоғары оқу орындарын өз қызметінің тиімділігін арттыруға ынталандырады және білім беру ісінің экспорттық әлеуетін көтеруге ықпал етеді. Ал рейтинг білім алушылар үшін тұлғалық қалыптасу мен кәсіби өсуде өз бағытын таңдауда негізгі бағдар болып табылады.

Қазақстандық жоғары оқу орындары рейтингінің қорытындылары IAAR-дың ресми сайтында және «Казахстанская правда» газетінің 2021 жылғы 17 мамырдағы санында жарияланды.

Тағы оқыңыз:

 

Қыздар университетінде «75 игілікті іс» жобасы жалғасын тапты