Back
| DalaNews

Түркістан облысында 20 мыңнан аса оқушы тест тапсырады

2020-2021 оқу жылында Түркістан облысы бойынша жалпы 900-ден астам мектепте 500 мыңға жуық оқушы бар. Оның ішінде түлектер саны – 27 410. Олардың 22 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2021 жылғы 1 наурыз бен 30 маусым аралығында өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы» 2021 жылғы 26 ақпандағы №82 бұйрығына сәйкес облыста 5 аудан, қала орталығында және Шымкент қаласында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында ҰБТ компьютерлік форматта өткізілуде. Атап айтсақ, Түркістан қаласында (Түркістан, Отырар, Кентау), Жетісай ауданында  (Жетісай, Мақтаарал, Шардара), Сарыағаш ауданында (Сарыағаш, Келес, Қазығұрт), Ордабасы ауданында (Ордабасы, Арыс, Бәйдібек), Созақ ауданында (Созақ) , Шымкент қаласында (Арыс, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам) орналасқан тестілеу орталықтарында 25 аудиторияда 620 орын дайындалған.

Оқушы ҰБТ тапсыратын аудан, қаланы өз қалауы бойынша таңдайды. Тестілеу «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» принципі бойынша компьютерлермен жабдықталған орталықтарда өткізіледі.

Тестілеу орталықтарының барлығында медициналық пункттер жұмыс істейді, ұялы байланыс тұншықтырғыштары орнатылған, ғимараттар антитеррористтік қорғанысқа тексерілген.

2021 жылғы ҰБТ өткізу барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың барлық талаптары сақтау қамтамасыз етілген. Тестіленушілерді кіргізу және отырғызу кезінде 2 метр арақашықтық сақталатын болады.

Барлық тестілеу пункттері тепловизорлармен, медпункттермен, зарарсыздандыру тоннельдерімен, санитайзерлермен, дезинфекциялаушы кілемшелермен, бетперделермен, қолғаптармен қамтамасыз етілген.

ҰБТ өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін ҰБТӨП-ке ҚР БҒМ қызметкерлері қатарынан және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдері мен арнайы мониторингтік топ мүшелері қатарынан бақылаушылар жіберіледі.

Айта кетейік, 2019-2020 оқу жылында 11-сыныпты 24658 оқушы бітірді. Облыс бойынша орта білім беру ұйымдарының бітірушілерінен тестілеуге 18394-і (қазақ тілінде – 17070, орыс тілінде – 1320, ағылшын тілінде – 4)  өтініш берді, яғни ол  74,6% (2019 жылы – 68,8% ) құрайды. ҰБТ-ны 17701 оқушы тапсырды.

Тағы оқыңыз:

Арыста ұлттық құндылықтарды насихаттайтын орталық ашылады