Түркістан облысында 83 оқушы жаңа форматта сынақ тапсырды

Dalanews 29 сәу. 2021 17:01 187

9-11 сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші кезеңі Сарыағаш қаласындағы «Ustudy» орталығы базасында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Республикалық кезеңге Түркістан облысынан жалпы 83 оқушы, оның ішінде қоғамдық-гуманитарлық бағытынан 36 оқушы және жаратылыстану-математикалық бағытынан 47 оқушы қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

26 сәуір күні олимпиаданың бірінші туры, 27 сәуір күні екінші туры өтті. Олимпиада алғаш рет жаңа форматта «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесін және қатысушыларды отырғызу кезінде пәндер мен сыныптарды «араластыру» әдісін қолдану арқылы өткізілді.

Барынша ашықтықты қамтамасыз ету үшін  олимпиаданың өту барысы онлайн режимде көрсетіліп, «Дарын» РҒПО аккаунтында және әлеуметтік желілерінде бейнетрансляцияға сілтеме ұсынылды. Сонымен қатар , олимпиаданың өту барысын «Сарыағаш Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің  мүшесі бақылады.

Олимпиада барысында академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерге «Дарын» РҒПО-ның жауапты мамандары жіберілді.

Қатысушылардың әрқайсысы тапсырманы «Дарын» РҒПО-ның интернет ресурсынан жеке код арқылы алып, әр кезең аяқталған сайын оқушылардың жұмыстары сканерленіп, орталыққа жіберіліп отырды.

Әрбір кезеңнің соныңда қатысушылар жұмыстарының сканерленген көшірмелері «Дарын» РҒПО-ның интернет ресурсында олардың жеке деректерінсіз жарияланып отырды. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және олимпиаданың нәтижелері көрсетілген хаттамалар да «Дарын» РҒПО-ның сайтында жарияланатын болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x