ҚазҰУ Мысыр университеттерімен тығыз байланыста

Dalanews 17 нау. 2021 05:38 194

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев «Екінші Ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидың Ислам өркениетіне қосқан үлесі» атты Қазақ-Мысыр ғылыми-тәжірибелік конференциясына онлайн қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ислам ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен шараға мысырлық фарабитанушылар, философтар мен ғалымдар қатысты. Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Мысыр елімен туыстық байланыстар туралы айта келіп, Сұлтан Бейбарыстың тарихи тұлғасына тоқталды:

– Бүгінде аттары мақтанышпен аталатын Әбу Насыр әл-Фараби, Әл-Хорезми, Ибн Сина, Әл-Бухари және тағы басқа ғұлама-ғалымдардың орны бүкіл әлем үшін ерекше. Біз Мысыр жерін тілге тиек еткенде ең алдымен Дешті Қыпшақтан шыққан даңқты бабамыз Сұлтан Бейбарысты еске түсіреміз. Сұлтан Бейбарыс Мысыр мен Шам жерін жаудан қорғап қана қоймай, Мәмлүктер билігін орнатты. Мемлекет басқарып, ғылым мен білімді дамытуға үлес қосты, – деп атап өтті ректор.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы қазіргі таңда оқу орнын ғылым және білім берудің жаңа деңгейіне көтеріп, алдыңғы қатардағы зерттеу орталығына айналдыру ниетімен бөлісті.

– Бұдан 30 жыл бұрын араб елдерінің ішінде Мысыр – Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі. 1992 жылдан екі ел арасында дипломатиялық, экономикалық, мәдени-әлеуметтік салада байланыстар күн сайын артып келеді. Біздің универсиетет 1991 жылдан Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін иеленіп, әлемдік деңгейде абыроймен танытып келеді.


Әл-Фарабидің білім беру, қайырымды мемлекет құру, бақытты ел болу туралы тұжырымдары бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Әсіресе «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатының әлемдік өркениетке қосар үлесі зор. Әл-Фараби айтқан қайырымдылықтар негізінде жеке тұлға мен қоғамның жаңғыруы қажет екенін жақсы түсінеміз, – деп, екі ел университеттері арасындағы байланысты кеңейтуге әзір екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мысырдың ірі университеттерімен ортақ зерттеулер ұйымдастырып, студенттер мен оқытушы-ғалымдар алмасуын барынша қолдайтындығын, оқу ағарту, ғылым-білім саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ерекше ынталы екенін білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x