Меморандумды жүзеге асыру үшін «Құқықтану» кафедрасы бір жылдық жұмыс жоспарын бекітіп, ұзақ мерзімді, тиімді және өзара пайдалы ынтымақтастықты дамытуды жүзеге асыру үшін Алматы облысы Жамбыл ауданы Бесмойнақ ауылындағы Жангелді атындағы орта мектеп пен Қараарша атындағы бастауыш мектебінен Институт атынан өздерінің «Құқықтану және Қазақстан Тарихы» оқу-әдістемелік аудиторияларын ашудан бастады. Мектеп басшысы мен мұғалімдерінің ұсынысымен аудиторияға Еңбек ардагері Нүптиев Қамза Сарқытбайұлының есімі берілді.
Мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары профессор-оқытушы құрамы арасында құқықтық, тарихи білімдерді қалыптастыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру үшін Алматы облысы Жамбыл ауданы орта мектептерінің мұғалімдеріне «Орта білім беру мекемелерінде «Құқық негіздері», «Кәсіпкерлік және Бизнес негіздері» және Тарих пәндерін қашықтықтан оқытудың ерекшеліктері» атты 22 ақпан 2021 жылмен 3 наурыз 2021 жылы аралығында біліктілікті көтеру онлайн семинар-тренинг өткізілді.
Жоспар бойынша 22 ақпан 2021 жылы «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі з.ғ.д., профессор Бөрібаев Ермек Әбілтайұлы «Мектеп мұғалімдерінің қашықтықтан құқықтық білім беруде кәсіби шеберлігін дамыту мәселелері» тақырыбымен біліктілікті көтеру онлайн семинар-тренингті ашып, бір жарым аптаға созылатын курстың бағдарламасымен және оны өткізетін профессорлық оқытушылар құрамымен таныстырып өтті.
Біліктілікті көтеру семинар тренингтің басты мақсаты - мектеп мұғалімдерімен кәсіби педагогикалық және құқықтық бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асыру және оқушыларға оқуға түсуге дайындық кезінде ақпараттық, консультациялық және ұйымдастырушылық көмек көрсету болғандықтан, курс бағдарламаларында «Қашықтықтан оқыту процесінде жаңа оқыту технологияларын қолдану – оқушының қабілеттілігін арттырудың негізі», «Мектепте «Кәсіпкерлік және Бизнес негіздері» пәнін оқытудың өзекті мәселелері», «Мемлекет және Құқық теориясы- құқық негіздерінің әліппесі ретінде онлайн сабақ берудің ерекшеліктері», «Азаматтық құқық және Іс жүргізу негіздерін оқытуда басты назар аударатын негізгі терминдер», «Тарихты оқытудың инновациялық әдістері (белсенді оқыту әдістері)» атты тақырыптар болды. Оларды Тарих және Құқық Институты «Әлем тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тулекова М.К., Тарих және Құқық Институты «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Э.ғ.к., Алматы қаласы, Алатау ауданы, № 178 мамандандырылған лицейдің директоры Шадиев Қ.Х., «Құқықтану» кафедрасының доценті Жазылбек Л.И., «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, з.ғ.к. Көшпенбетов Б.М., қауымдастырылған профессор Меирбекова Г.Б., құқық магистрі, аға оқытушылар Белхожаева Д.Ж., Байсымақова Д.С., Қасымбек Ә.О. сынды тәжірибелі мамандар өткізді.
Алматы облысы Жамбыл ауданы орта мектептерінің мұғалімдеріне «Орта білім беру мекемелерінде «Құқық негіздері», «Кәсіпкерлік және Бизнес негіздері» және Тарих пәндерін қашықтықтан оқытудың ерекшеліктері» атты
бір аптаға созылған онлайн семинар-тренингке Жамбыл ауданы Бесмойнақ ауылындағы Жангелді атындағы орта мектеп пен Қараарша атындағы бастауыш мектебінен, Сұңқар ауылындағы Сұңқар мектебінен, Дегерес ауылының орта мектептерінен мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар да қатысып, бұндай үлкен мүмкіндік беріп отырған Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің Ректоры Балықбаев Тахир Оспанұлына, Тарих және Құқық Институтының директоры с.ғ.д, профессор А.М.Джунусовке, және біліктілікті көтеру онлайн семинар-тренингті ұйымдастырушы «Құқықтану» кафедрасының мүшелері мен басшысы з.ғ.д, профессор Е.Ә.Бөрібаевқа ерекше алғыстарын білдірді.
Қорытынды сөз алған кафедра меңгерушісі Е.Ә. Бөрібаев: «Мектеп пен Жоғары оқу орындары арасындағы сабақтастықты дамыту – нарықтық қатынастар орныға бастаған тәуелсіздігіміздегі білім мекемелерінің алдына оқушылар мен студенттерге берілетін білім мен тәрбие сапасын көтеру мен жақсарту міндеттер қойып отыр. Білім беру бағдарламаларының жаңаруын, оқу жүйелерінің жаңа форматқа көшуін сараптай келіп, оқушылардың кәсіптік бағдарын қалыптастыруда Жоғары Оқу орындары мен мектеп арасындағы сабақтастықты орнату бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін бәріміз білеміз. Біз осы кезге дейін Жоғары Оқу орны мен мектептің өзара әрекеттесуі негізінде педагогикалық, гуманитарлық мамандыққа бағыттау мәселесі әлі де болса жеткілікті дәрежеде зертелмегенін және байланыс жоқ екенін аңғардық. Сол себепті осы оқу жылының басында тұңғыш рет Алматы обылысы Жамбыл ауданы оқу бөлімімен Меморандумға отырып, жыл бойы байланыста болуды ұйғардық. Міне бүгін бір аптаға созылған онлайн семинар тренингіміз соның бір дәлелі. Біз мұндай шараларды басқа да мектептермен жалғастыратын боламыз. Бұндай игі шаралар болашақ мамандар даярлау үшін орта білім мекемелеріне де бізге, Жоғары Оқу орындарына да тиімді болатынын айтпаса да түсінікті. Сондықтан, бүгінгі Алматы облысы Жамбыл ауданы орта мектептерінің мұғалімдеріне «Орта білім беру мекемелерінде «Құқық негіздері», «Кәсіпкерлік және Бизнес негіздері» және Тарих пәндерін қашықтықтан оқытудың ерекшеліктері» атты бір жарым аптаға созылған біліктілікті көтеру онлайн семинар-тренингті жабық деп жариялаймын. Сіздермен келесі кездескенше. Баршаңызға сәттілік тілеймін!»- деді.