Даниал Ахметов: «Білікті маман» жобасы 5 жылда түлектердің шетелдің оқу орындарына кетуін 4,5 есеге қысқартты»

Dalanews 26 ақп. 2021 07:28 286

Өткен оқу жылында Шығыс Қазақстан облысында мектептерге қосымша 34 мың бірлік компьютер сатып алынып, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі 1 компьютерге 4 оқушыны құраған. Бұл жайында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың есебінде айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz  ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміз бойынша мектептерді компьютерлік техникамен қамтамасыз етудің орташа көрсеткіші 11 оқушыны құрайтынын ескерсек, бұл бағытта ШҚО-да ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарылғанын байқауға болады.

Абай ауданының Қарауыл, Тарбағатай ауданының Ақжар, Өскемен қаласының Ахмер ауылында 3 жаңа мектеп ашылған.

Бұдан басқа өңірде 2100 орындық 3 мектептің құрылысы жалғасуда. Олар – Риддер қаласында (600 орындық), Семей қаласының Восточный және Степной кенттерінде (1200 орындық және 300 орындық). Сонымен қатар, өткен жылы алғаш рет жаңа оқу жылына қарай 394 білім беру нысаны жөнделгенін атап өту қажет.

– Биыл көптілді білім беруді енгізу бағдарламасының жаңа кезеңі басталды және ол үшін 1 млрд теңге қарастырылған. Бірінші кезең бойынша 3,7 мың мұғалім тілдерді оқыту әдістемесін меңгеру деңгейін 14%-дан 89%-ға дейін көтерді, бұл оқушылардың білім сапасының орташа көрсеткішін 20%-дан 53%-ға дейін арттырды. Ағымдағы жылы тағы 1,3 мың тіл мамандары біліктілікті арттырудан өтеді. Сондай-ақ, облыстың барлық мектептерінің IT сыныптарында алгоритмдік ойлау мен заманауи компьютерлік жүйелер дамыту үшін әртүрлі бағдарламалау тілдерінде цифрлық өнімдерді жасаудың тереңдетілген бағдарламасын енгізу жалғастырылады, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.


Соңғы 2 жылда 2 мыңнан астам педагог бағдарламалау (Python, Flask), робототехника (Arduino, IoT) және 3D модельдеу (Blender) бойынша даярлықтан өткен.

Ағымдағы жылы облыс мектептері дидактикалық электронды материалдармен, Робот-конструкторлармен, дрондармен жарақтандырылатын болады. Жаңа жабдықтармен жұмыс істеу үшін 600 информатика және физика мұғалімдерін курстық даярлау қарастырылған.

Өңір басшысының тапсырмасы бойынша бір ай мерзімде жастарды қолдау бағдарламасы әзірленеді. Сондай-ақ, «Жас Маман» кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.

Бұл бағытта 5 базалық колледж жанынан құзыреттілік орталықтары құрылып, жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы тағы да осындай 5 орталық ашылады. Даниал Ахметовтің айтуынша, «Білікті маман» жобасы да сәтті жүзеге асып, 5 жыл ішінде түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына кету деңгейі 4,5 есе қысқарған.

Өткен жылы өңірде спорттық инфрақұрылымның 6 нысаны салынды, оның ішінде 4 ДСК және 2 бассейн. Ағымдағы жылы 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 2 спорт модулі бой көтереді. 2020-2021 жылдары барлығы 21 спорт нысаны іске қосылады, оның ішінде бұрынғы 9 аудан орталығында балалар спорт мектептері ашылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x