Қашықтықтан оқыту мәселелері талқыланды

Dalanews 16 ақп. 2021 04:15 248

Таяуда «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының кеңейтілген кеңесі Алматы қаласындағы «Ұстаздар үйінде» өтті. Әлемді шарпыған ғасыр індетіне байланысты жұмыстарын қашықтықтан жүргізген институт басшылары бір-бірімен  кездесіп, мұғалімнің біліктілігін арттыру жүйесінің қазіргі жағдайын талқылап, келешегіне бағдар жасады.

Отырыстың ресми күн тәртібіне сәйкес Батыс Қазақстан облысы бойынша ПҚБАИ директоры С.С. Ізмұханбетованың «Қашықтық жағдайында педагог біліктілігін арттыру: бүгіні мен ертеңі», Павлодар облысы бойынша ПҚБАИ директоры Р.Д. Әшімбетованың «Педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру практикасы» тақырыптары бойынша баяндамалары тыңдалды.

Дүниежүзілік пандемияға байланысты туындаған күрделі жағдайда  «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының өңірлік филиалдарындағы оқытушылар, Мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тренерлер мен мамандардың атқарған еңбегінің жемісті нәтижелері де жіктелді.

Атап айтсақ, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарына қатысқан  тыңдаушылар әртүрлі платформаларда жұмыс жасауды, онлайн оқыту процесіндегі түрлі ресурстарды ұтымды пайдалануды үйреніп, цифрлық ортада кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік алды.


Сонымен қатар филиал қызметкерлері Фейсбук, Инстаграм сынды әлеуметтік желілерде вебинар, онлайн-кездесу, семинарлар ұйымдастырып,  педагогкке әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Пән мұғалімдері үшін оқу жылының әрбір тоқсанына арналған бейнесабақтар әзірленіп, «Өрлеу» білім каналына орналастырылғаны, бұдан басқа да әдістемелік ресурстар мен олардың сілтемелері филиал сайттары арқылы мұғалімдерге қолжетімділігі қамтамасыз етілген.

Атқарылған жұмыс қаншалықты ауқымды болса, келешекте еңсерер міндеттің одан да ересен екендігін бағамдаған «Өрлеу» БАҰО» АҚ басшылығы  Пандемияның тығырығына тежеліп қалмай, ұстаздардың біліктілігін арттыру сапасын жаңа сатыға көтеру мақсатында мұғалімдерге арналған пәндік курстарды жандандыру, үлгерімі нашар оқушыларды оқытудың тиімді әдістерін зерделеп, тәжірибеге ұсыну міндеттерін белгіледі.

П.Асылбек

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x