Венгрияда тегін оқуға 1000-нан астам өтініш қабылданады

Dalanews 12 ақп. 2021 12:59 174

Венгрия үкіметі қазақстандықтарға 2021-2022 оқу жылына арналған Stipendium Hungaricum стипендиялық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік берді.

Стипендиялық бағдарлама шеңберінде Венгрия үкіметі қазақстандықтарға келесі бағдарламалар бойынша 250 грант ұсынды: бакалавр дәрежесі - 110, магистратура - 90, докторантура - 20, бакалавриат және магистратура – 5 және 6 жылға дейінгі оқу мерзімі бойынша  - 30 орын.  Грант келесі шығындарды қамтамасыз етеді: ақысыз оқу, ай сайынғы стипендия, жатақханада тұру және медициналық сақтандыру. Үкіметаралық гранттың талабы  - стипендиат шетелде оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралуы және 3 жыл үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыруы қажет.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ үкіметаралық гранттардың әкімшісі ретінде өтініш берушілердің құжаттарын қабылдады.

Конкурсқа құжаттар қабылдау нәтижелері бойынша 1093 өтініш қабылданды. Оның 670-і бакалавриатқа, 280-і магистратураға, 94-і бакалавриат пен магистратураға, 24-і тіл курстарына қатысуға және 25-і докторантура бағдарламасы бойынша оқуға түсуге берілген өтініштер.

2021 жылдан бастап үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесі енгізілді. Құрамында кемінде 5 мүшеден тұратын тәуелсіз сараптама комиссиясымен онлайн режимде жеке сұхбат жүргізіледі және бұл сұхбат аудио-видео жазбамен сүйемелденеді. Сарапшылар үміткерлерді үш критерий бойынша бағалайды:

1) мотивация деңгейі, таңдаған мамандығына сенімділік, оқуға деген талпынысын дәлелдеу;

2) оқудағы және/немесе таңдаған мамандығы/кәсіби саласындағы теориялық (базалық) білім деңгейі және жетістіктері

3) ойлау қабілеті және ойын еркін жеткізу мүмкіндігі, жеке қасиеттері, әртүрлі жағдайда мәселелерді шешу дағдылары.

Жеке сұхбат, оқу жетістіктерін бағалау және оқыту тілін білу нәтижелері бойынша қорытынды комиссия мүшелері Stipendium Hungaricum стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдайды.

Ұпайлар тең болған жағдайда, төмендегі жағдайлар бойынша артықшылық беріледі:

1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

2) медициналық қорытынды бойынша оқуға кедергісі жоқ бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;

3) көпбалалы отбасылардың балалары;

4) қабылдаушы елдің университеттерінен шақыру алған, сондай-ақ қабылдаушы елдің университеттерінде оқитын үміткерлер.

Бұл формат үміткерлерді конкурстық іріктеудің сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар таңдау жүйесін ашық әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

 

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x