Бір топ атыраулық оқушы «Елбасы медалімен» марапатталды

Dalanews 16 желт. 2020 10:52 246

«Атырауда облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың қатысуымен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форум өтті», деп хабарлайды Атырау облыстық Білім беру басқармасының баспасөз-қызметі.

Аталған форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» және «Қамқоршылық» бастамаларының аясында ұйымдастырылды. Жиынға облыстық білім беру басқармасының өкілдері, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Бақытгүл Хаменова «Мың бала» Ұлттық олимпиадасы мен «Елбасы медалі» жобасының маңыздылығын атап өтті.

– Шынайы патриотизм – барлық жеке мүдделерден жоғары тұратын, адам рухының асқар шыңы. Нағыз  отаншылдықтың басты өлшемі де әрбір қазақстандықтың елі мен халқы алдындағы парызын терең түсінуінде. Бұл  жобалардың мақсаты да – жас ұрпақтың рухани-адами қасиетін қалыптастырып, патриоттық тәрбие беруде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен қоғам  дамуындағы ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын көрсету, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.


Шара барысында жоба жүлдегерлері арнайы сыйлықтармен марапатталды.  Айталық, «Мың бала» жобасының жүлдегерлеріне Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атынан диплом мен ноутбук табыс етіліп, «Елбасы Медалі» жобасына қатысқан  оқушылар Нұрсұлтан Назарбаев қорының қола деңгейіндегі медальдарымен марапатталды.

«Елбасы медалінің» қола деңгейіндегі медалімен марапатталған Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының 10 сынып оқушысы Мәриям Қожабалуанова жобадан алған әсерімен бөлісті.

– Елбасының бастауымен іске асырылып отырған жобаның қатысушылары үшін бұл – тарихи сәт. Осы орайда, Елбасымызға, жобаның барлық ұйымдастырушыларына, тәлімгерлерімізге айтар алғысым шексіз. Біздің дамуымызға, жаңа дағдылар алуымызға, кешеден гөрі жақсы болуымызға атсалысып,  зор үлесін қосып келеді.  Әлі талай белестер, алға қойған мақсаттар бар. «Елбасы медалінің» алтын медаліне жеткенше болашақ өмірімізге пайдалы бағдар, үлкен тәжірибе жинаймыз, – дейді Мәриям Қожабалуанова.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x