Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері ҚазҰУ-де біліктігін шыңдайды

Dalanews 05 мау. 2020 08:12 258

Білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастық Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы жаңа білім беру технологиялары институты арасында қол қойылған келісім аясында жүзеге асырылатын болады.

Жыл басында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен кездесу барысында білім беру және қазіргі заманғы ғылыми технологиялардың өзара әрекеттестігі мәселелері қарастырылған болатын.

Мұндай озық бастаманың іске асуына еліміздегі алдыңғы орындағы білім ошағының жағдайларды басқару орталығы себепкер болған.

– Келісім екі тараптың мамандарының мақсаттарына қол жеткізуіне және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ адами капиталға қомақты үлес қосуына мүмкіндік береді, – деді Жаңа білім беру технологиялары институтының директоры Әсел Мусинова.


Қазақ ұлттық университетімен келісім-шартта жарияланған бағдарламалардың бірі – Coursera онлайн режиміндегі кеңейтілген білім беру платформасы.

– Coursera – бұл Интернеттегі жаппай білім беру саласындағы жоба, оны Стэнфорд университетінің информатика профессорлары Эндрю Ен мен Дафна Коллер құрған. Бұл онлайн оқыту саласындағы көшбасшылардың бірі, – дейді Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ жағдайды басқару орталығы директорының орынбасары, Ернар Оңалбеков.

Осылайша, әкімдік ішкі саясат бөлімімен оған бағынысты ұйымдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ниет білдірді.

Айта кету керек, тараптар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекші әлемдік университеттермен стратегиялық серіктестікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатын ұстанады. Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлидің айтуынша, екі жақ та білім сапасы мен алған білімінің тиімділігіне үлкен мән береді.

– Н.Ә.Назарбаев ұзақ сапардың негізі – ғылым мен білім екенін әрқашан баса айтады. Халықтың білімінің жоғары болуы кез келген елдің маңызды бәсекелік артықшылығы болып табылады, – деп түйіндеді бөлім басшысы.


Естеріңізге сала кетейік, Coursera жобасы бір жүйеде әртүрлі білім салаларында курстар шығаратын және өткізетін университеттермен ынтымақтастық жасайды.

Білімгерлер курстарға қатысады, курстастарымен қарым-қатынас жасайды, тесттер мен емтихандарды тікелей Coursera веб-сайтында алады, сонымен қатар iPhone және Android үшін ресми мобильді қосымша іске қосылады. 2017 жылғы ақпандағы жағдай бойынша Coursera-да 24 миллион қолданушы және 149 білім беру мекемесінен 2000-нан астам курстар мен 160 мамандандырулар тіркелген. Бұл қызметтің барлық салаларында халықаралық сертификаттар алуға мүмкіндік береді және бәсекеге қабілетті кадрлардың өсуіне көмектеседі.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x