Әлемнің үздік 25 студенттер қатарында – Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушысы

Dalanews 13 сәу. 2020 05:14 248



Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Сапарали Бернарға АҚШ-тың Computer Science саласындағы үздік оқу орны болып табылатын  Norwich University толық білім грантын ұсынды. Зияткерлік мектептің үздік оқушысы әлем бойынша 25 студентті ғана қабылдайтын университеттің Honor Program бағдарламасына шақырту алды. Бернар басқа да көрсеткіштерімен қоса, арнайы конкурстық іріктеудің 4 кезеңінен өтіп, өз біліктігін дәлелдеп шықты.

Сапарали Бернардың бұл жетістігі  жаратылыстану мен математика ғылымдары саласында жинаған академиялық білімінің айқын нәтижесі. Оқушы физика пәнінен желілік және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы,  Phystech-International халықаралық олимпиада, республикалық олимпиаданың қола медалі, қалалық Жәутіков олимпиадасының Бас жүлде иегері.

Болашақ түлек академиялық жетістіктерімен қатар стартап-идеяларды әзірлеп  әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларының авторы болып саналады. Бернардың қоржынында- мүмкіндігі шектеулі адамдарға қала бойынша қозғалыстарын жеңілдетуге арналған "SmartG" мобильдік қосымшасы, шамалы көретіндерге көмектесетін "Clever Crutch" инновациялық таяқ жобалары бар. "Clever Crutch" арқылы  Бернар жыл сайынғы "IoT Hackathon" инновациялық идеялар байқауының Бас жүлдесімен жобаны одан әрі дамытуға арналған ақшалай сыйақыға қол жеткізді.

Сапарәлі Бернардың айтуынша, Norwich Universityге тоқтаған себебінің бірі  университет қолданбалы оқыту үдерісімен интеграцияланған академиялық және практикалық зерттеу тәжірибені қатар ұсынады.

  • Зияткерлік мектеп мұғалімдеріме үнемі қолдау көрсеткені үшін, білім, зерттеу жобаларындағы алған тәжірибем  үшін ризамын. Маған көмектескен, алдыға жетелеген дағдыларымды мен Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектептің қабырғасында алдым, - деп ағынан жарылды Бернар.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x