ҚазҰПУ-да «Денсаулық күні» спартакиадасы өтті

Dalanews 23 қаз. 2017 11:03 240

«Спорт ­­– денсаулық кепілі», «Дені саудың ­­­­-- жаны сау" деген ұлағатты сөздер халқымыздың санасына сіңісті болып қалғаны қашан?! Шын мәнінде спортпен, денешынықтырумен үзбей айналысып, ішімдік, темекі, есірткі пайдалану сияқты жат әдеттерден аулақ болған, салауатты өмір салтын берік ұстанған адам ғана сәнді де мәнді өмір сүретіні белгілі.

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығын нығайту, спорттың бұқаралылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, осы арқылы дені сау ұлт қалыптастыру мәселесіне үзбей көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны да белгілі. Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын жаңа адамды тәрбиелеуде де дені сау ұлт болашағына қамқорлық айқын сезіліп тұрады.

Осыған орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де дені сау ұрпақ қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу орнында жақында ғана өткен «Денсаулық күні» спартакиадасы осы сөзіміздің дәлелі. Бұл күні әр алуан жалаулармен, жас ұрпақты спортты серік етуге шақырған ұлағатты сөздер жазылған көрнекті банерлермен безендірілген «Спартак» спорт кешеніне жиналған студенттер мен оқытушыларда, жалпы көрерменде есеп жоқ. Әскери оркестр салтанатты маршты дабылдата шырқауда. Спартакиада жалауы көтерілген соң университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев жиналғандарды «Денсаулық күні» мерекесімен құттықтап, іс-шараны ашық деп жариялады.

–Денсаулығы мықты, шымыр да шыныққан, жан-жақты дамыған жас еліміздің ертеңгі тірегі бола алады, – деді ректор Такир Оспанұлы Балықбаев. – Біздің университетімізде де дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сауықтыру дене тәрбиесі кафедрасында бүгінде спорттың әр түрінен 21 секция жұмыс істейді және оған 500 студент тұрақты қатысады. Біздің студенттеріміз Барақ Мейрамбек, Әлжаппар Самат, Пироженко Светлана, Нұрлан Дидар, Есдәулет Қарашаш, Жолдыбай Нұржан, Хахуля Анастасия, Әшкеев Мадияр, Қалзия Бөрте – халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары, қазақша күрестен, грек-рим күресінен республика кубогінің иегерлері, каратэ-до спортынан әлемдік чемпионатқа, қысқы және жазғы универсиаларға қатысқандар. Біз бұларды мақтан етеміз. Алдағы уақытта спорттың бұқаралылығын, жастардың спортқа қызғушылығын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасаймыз.

«Денсаулық күні» спартакиадасының ашылу салтанатына келген Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев спартакиадаға қатысушыларды құттықтай келіп былай деді:

– Бүгінгі іс-шараның Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналуының мәнісі терең. Осы бір ғасырға жуық уақытта қазақ сахарасы үшін жүз мыңдаған мұғалім кадрларын даярлап, ілім-білім шашқан оқу орны қазақ элитасын қалыптастыруға да өлшеусіз үлес қосқанын біз мақтан етеміз және университет мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге Медеу ауданының әкімшілігі де өз үлесін қосатын болады. Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Дені сау, саламатты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған игілікті бастамаларыңызға әрдайым қолдау білдіреміз.

Бұдан кейін біркелкі жарасымды спорттық форма киген студенттер командалары стадион алаңында салтанатты сап түзеп, музыка сазымен әр алуан спорттық көріністер көрсетті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әскери кафедрасы Алматыдағы барлық әскери жоғары оқу орындарымен тұрақты байланыста жұмыс істейтіндіктен, бұл мерекеге сол оқу орындарының курсанттары да қатысып, жауынгерлік өнер көрсетті. Мысалы, радио-электроника байланыс институтының курсанттары қаруды сапқа дайындау және ұстау, қарумен сапта жүру тәсілдерін көрсетсе, десант әскерлері қарсыласпен жекпе-жек айқасу, шабулды тойтару тәсілдерін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.



Ресми бөлім спорттық  жарыстарға жалғасып,  институт жанынан құралған командалар футбол, волейбол, қазақ күресі,  жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат,тоғызқұмалақ, қол күресі ойындар түрінен бақ сынасты. Университет бойынша  35  команда,  750 спортшы  қатысты.

Командалық есеп бойынша профессор-оқытушылар құрамы мен  қызметкерлер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде  3 орынды  Математика, физика және информатика институты иеленсе,  Жаратылыстану және география институты 2 орынның жеңімпазы атанды, ал  жүлделі 1 орын Өнер, мәдениет және спорт институтының еңшісіне бұйырды.

Командалық есеп бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде  Өнер, мәдениет және спорт институты 3 орын жүлдегері,  Математика, физика және информатика институты 2 орын жүлдегері, ал Филология және көптілді білім беру институты  1 жүлделі орынның жеңімпазы атанды. Барлық  жеңімпаздар университет ректорының грамотасы және арнайы кубогымен марапатталды.

Спартакиада барысында жоғары белсенділік танытқан бірқатар қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы ректордың алғыс хатымен марапатталды.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x