«Тәуелсіз – Қазақстаным» атты мерекелік кеш өтті

Dalanews 07 желт. 2016 03:18 254

Қыздар университетінде ел егемендігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз – Қазақстаным» атты мерекелік кеш болып өтті.


Өнер және мәдениет факультеті, Мәдени-бұқаралық  жұмыстарының теориясы мен әдістемесі кафедрасы  «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 4-курс   студенті    Қанатқызы Райханның ұйымдастыруымен өткен мерекелік кешке танымал эстрада жұлдыздары, атап айтқанда, Мақпал Жүнісова, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ерболат Құдайбергенов, Бейбіт Құшқалиев, Нұрсұлтан Құрман, Есет Сәдуақасов, Жасұлан Мұсағали, «Азия» тобының мүшесі Нұрсұлтан Батырқұлов, «Жігіттер» тобының солисі Айдар Байжанов, «Денар» тобы, «Күн әлемі» би тобы, Назарбек, Арманай және т.б. әншілер қатысып, еліміздің ең ұлық мерекесі – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен барша қауымды құттықтап,  әннен шашу шашты. Әр әнші репертуарындағы танымал деген 2-3 әннен орындап, барша көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.


dalanews-makpal


Жоғары дейгейде өткен кеште еліміздің басынан өткерген қилы-қилы қиын кезеңдері, дәуірлерден дәуірлер жалғасып, небір «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерген мемлекетіміздің тағдыр жолы суреттелетін бейне фильм көрсетіліп, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап келген Тәуелсіз мемлекетіміздің табыстары мен жетістіктері баяндалатын поэзиялық қойылым, «Жоңғар шапқыншылығы», «Ұлы отан соғысы», «Семей» полигоны, «Желтоқсан  оқиғасы», «Тәуелсіз Қазақстан» туралы сахналық  композициялар  қойылды. Бейне фильм барысында әр жоғары оқу орнында білім алып, «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып келген тәуелсіздігіміздің құрдастары болып табылатын көптеген жастар өз жетістіктерін баяндап, «Оның барлығы Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды, біз бейбіт заманда өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз», деп атап өтеді. Фильмде сондай-ақ, тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы мен елдігіміздің   еңсесінің ерен  белгісі болып табылатын Астана жөнінде айтылып, 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен  аман өткізіп, Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі баяндалады. Әсем ән мен көркем бимен өрілген мерекелік кештің ажарын Мақпал Жүнісова, Ерболат Құдайбергенов, Сұлушаш Нұрмағамбетова және «Денар» тобының жігіттері одан әрі аша түсіп, көпшіліктің ілтипатына ие болды. Кештің өтуіне Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының болашақ өнерпаз жастары мен И.С.Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесiнің сарбаздары атсалысты. Тамаша кеш соңы әнші Әсем Қоспағарованың орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.


dalanews-zhenpi«Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды. Тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Тәуелсіздігіміздің 25  жылдығында еліміз көп жетістіктерге қол жеткізді. Болашақ мәдени шараларды ұйымдастырушы ретінде ол жетістіктерді ұрпақ санасына жеткізу, еліміздің тарихын дәріптеу – біздің парызымыз. Мен бұл шараны ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын», дейді шараның ұйымдастырушысы Райхан Қанатқызы.


«Қыздар университеті»  медиа орталығы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x