Кәсіптік мамандықтың өрісін кеңейткен білім ордасы

Dalanews 13 қаз. 2016 11:25 237

Бұрын қорасындағы жалғыз сиырын сатса да баласын оқытуды армандайтын қазақ ұрпағын сот, заңгер болса, тіпті болмағанда қарапайым кеңсе маманы болып пәпке ұстап жүрсе дейтін. Кәсіптік-техникалық мамандықты «қара жұмысқа» балайтын.

Бүгінде экономист пен заңгер мамандығын алған көп жас жұмыс таппай жүргені, ал кәсіптік-техникалық мамандықтың бәсі күн өткен сайын жоғарылап, беделі артып келе жатқаны шындық.

dalanews-apec-petro%d1%82echnic01Мемлекет басшысының өзі үнемі жастарды кәсіптік-техникалық білім алып, қарапайым жұмысшы мамандығын игеруге шақырып, бұл саланың мемлекет үшін маңыздылығын жиі айтады. «Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да міндетті түрде кәделеріңе жарайды. Біздің айналамыздағы нәрсенің бәрі жұмысшылардың қолымен жасалған. Осыны ешқашан естен шығармаңдар. Мысалы, тамақ жейтін қолдарыңдағы қасық пен шанышқыны жұмысшылар жасаған. Ол үшін металды балқытты. Сендер тұратын үйді, көлікпен жүретін жолды салған жұмысшылар. Дастарқандағы жейтін нанды пісіруге ауылдағы жұмысшылар дайындайды. Сендерді тамақтандыратын асханадағы аспаз да жұмысшы мамандығына жатады. Айналамыздағының бәрі жұмысшылардың алтын қолымен жасалған. Сондықтан мен еңбек адамына арнайы орден тағайындадым. Өйткені біз еңбек адамының даңқын арттыруымыз керек», – деген болатын Елбасы.

Қазақстанға геолог мамандары, тау-кен инженері, автоматтандыру және басқару саласының мамандары, қауіпсіздік техникасы инженерлері, электрслесарлар, мұнайшы-операторлар жетіспейді. Ал, мұндай орта буын маман дайындауда кәсіптік-техникалық бағдар беретін колледждерге артылар міндет үлкен. Дегенмен, кәсіптік білім беруді көздейтін стандарттарға соңғы кезде ғана мұқият зер салып, көңіл бөле бастағанымызбен нәтижесіз емеспіз.

dalanews-apec-petro%d1%82echnicАтыраудағы Әлемдік деңгейдегі алғашқы кәсіптік білім ордасы бүгінгі таңда кәсіптік-техникалық білім беру бағытында жүйелі жұмыстар жасап жатыр. "Кәсіпқор" Холдингінің қарамағындағы «APEC Petrotechnic» Жоғары техникалық мектебі Президент тапсырмаларының нақты жүзеге асқанына дәлел. Қазір мұнда оқу тегін және студенттердің білім нәрімен сусындауына барлық жағдай жасалған. Алыстан келгендер үшін жайлы жатақхана, асхана, спорт кешендері, электронды кітап қоры, соңғы үлгідегі ғылыми зертхана, дәл өндірістегідей мұнай-газ өндіру техникалары орнатылған шеберханалар секілді барлық жабдықпен қамтылған. Атап айтқан жөн, биыл жоғары техникалық мектебінің алғашқы қарлығаштары – 270 түлек мемлекеттік және халықаралық үлгідегі диплом мен сертификатқа ие болады. Ең бастысы, әлемдік деңгейде білім алған жастарға жұмыс берушілер тарапынан да сұраныс жеткілікті көрінеді. Осы тектес колледждерде мемлекеттік оқыту стандарты деген бар, ол барша оқу орнына ортақ. Ал білім беру технологиясы, әдістемесі, мазмұны бұл мектепте біршама өзгеше. Оқу бағдарламалары модульдік негізде құрылған. Мысалы, мұнай-газ саласы компанияларында жаңа технология енгізілгенде, жалпы барлық өзгерістер мен жаңашылдықарға сай оқыту бағдарламалары да іске қосылады. Компаниялардағы өндіріс технологиялары үнемі жетілдіріліп отырады ғой, соған сай бұл колледж де оқыту бағдарламасын жетілдіреді. Жұмыс беруші компаниялармен арада индустриялдық кеңес құрылған. Осы кеңес оқыту бағдарламасының мазмұнын үнемі келісіп, талқылайды. Бұл кеңес өндіріске енгізілген жаңа жүйе, технологиялық өзгеріске байланысты ұсыныстарын, пікірлерін айтады. Соған сәйкес техникалық мектептердің оқыту модульдері жаңа өзгеріске сәйкестендіріледі. Өндіріспен тығыз байланыста білім алған студенттер сол себептен еңбек нарығында сұранысқа ие болып, бірден өз орнын тауып кетеді. Бүгінде жиі талқыға түсіп, сынға алынатыны да осы мәселе: студенттердің теориямен қоса, тәжірибені қатар алып жүруі. Бұл тұрғыда кәсіби-техникалық білім беру мекемелері білек сыбанып жұмыс істеуде.

Назым РЫСБЕТОВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x