Жұмағұлов

Dalanews 29 сәу. 2016 00:09 271

Жұмағұлов неге жұрт көзіне көрінбей кетті? Ол бастаған реформаларды жалғастыруға Білім және ғылым министрлігі неге құлықсыз? Оған қарсы шыққан топ өкілдері кімдер? Төмендегі мақала осы сұрақтарға жауап іздейді.

Жұрт назарына бірден ілігетін қай министрлік? Сөз жоқ, ол – Білім және ғылым  министрлігі. Сондықтан бұл саланың тізгінін ұстаған шенділер әрбір істі бастағанда екі шоқып, бір қарап ойға алған ісін сараптауы тиіс. Асығыс, елдегі жағдаймен санаспай реформа жасау өзіңді де, министрлікті де батпаққа батыратыны сөзсіз. Мұндайда бүкіл халықтың сын садағы сізге қарай бағытталады. Тәуелсіздік жылдары білім саласы көптеген реформадан көз ашқан жоқ. Оның бәрі сәтті болды деп айта алмаймыз. Сол сияқты Білім министрлігін мектепте сабақ бермеген, ғылыммен айналыспаған шенділер басқарып, өз білгендерінше әрекет етті. Олардың қатарында – Қырымбек Көшербаев, Владимир Школьник, Бірғаным Әйтімова, Жансейіт Түймебаев сынды ғалымнан гөрі шаруашылыққа жақын адамдар да болды.

 

Саяси салмақ

zhumagulov dalanews (2)Білім саласын басқарға басшылардың өмір тарихына үңілгенімізде бұл салаға саяси салмағы бар, табанды, ғылым мен білім саласын бір кісідей меңгерген адам керек екенін байқайсың. Бізде білім мен ғылым саласын жетік білетін мықты мамандар бар. Бірақ олардың саяси салмағы жоқ. Ал саяси салмағы басым шенділер сыннан көз ашпайтын бұл саланы айналып өткісі келеді. Болмаса олар білім мен ғылым саласының жай-күйін жетік білмейді. Осы породокстан білім саласы айтарлықтай зардап шекті.

Кезінде «Нұр Отан» партиясын басқарып, содан кейін Мәжілісте спикер қызметін атқарған Бақытжан Жұмағұлов Білім және ғылым министрлігі басшылығына келгенде еліміздегі ғалымдар қатты қуанғаны анық.

Иә, Бақытжан Тұрсынұлы көп адам армандайтын лауазымды қызметтерді атқарса да «ғылым саласының адамы» болып қала білген жан.

Бізде қандайда бір адам министр болса, тумысынан басшы болып аспаннан түскендей, өзін биік шыңға жетелеген саласын ұмытып кетеді. Ал Жұмағұлов болса, шыққан түбін ешқашан ұмытқан емес. Ол бас айналдырар қандай қызметте жүрсе де ұстазы Өмірбек Жолдасбеков қазығын қағып қалап берген Ұлттық инженерлер академиясының отын өшірмеді. Ойланыңызшы, қай министрдің соңында осындай іргелі мекеме қалды. Ешқайсысынан.

Үкімет Ұлттық ғылым академиясының жаназасын шығарғанда ол талантты инженер-ғалымдардың басын қосып, іргелі ұйым құрып, отандық ғылымның өрісін тарылтпауға күш салды. Мұны енді Жұмағұловтың ғылымға деген адалдығы деп бағалаған жөн шығар.

Биыл ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, «Үздік инженерлер» сыйлығын тағайындап, Қазақстанның әр қиырында жүрген білікті ғалым-инженерлерді ынталандырды. Сондықтан Бақытжан Тұрсынұлы өзгелердей емес, өз саласын өрге сүйреген, соңында із қалдырған ғалым ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.

 

Күрес

Сөз басында Бақытжан Жұмағұлов Білім және ғылым министрі болып тағайындалғанда ғалымдарымыз қатты қуанды деп айттық қой. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін олардың біразының қуанышы су сепкендей басылғандай болды...

Тәуелсіздік жылдары елімізде жоғарғы оқу орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені бәрімізге мәлім. Алыстағы Алматыға артынып, тартынбай, іргедегі аудан орталығында бой көтерген университет пен академияларға түсіп, білікті маман атанатын мүмкіндік пайда болды.

Аудан орталығындағы иесіз қалған балабақшалар университет, академияға айналып шыға келді. Ісінен гөрі жарнамасы зор мұндай оқу орындар бір ауыз орысша білмейтін ауыл баласын бірден ағылшынша оқытамыз деп көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлағаны да есімізде. Міне, содан бері оншақты жыл болды, ағылшынша сайрап кеткен жастарды көрмедік.

zhumagulov dalanews (3)Мұндай оқу орнында білікті экономистер мен заңгерлерді жыл сайын он мыңдап дайындаса да, істің жайын білетін білікті мамандарға жарымадық. Осылайша ерінбегендер мен ебін тапқандар жоғары білімді маман атанып, дипломдарын қалтасына салып алды.

Айтпақшы, дәл осы кезеңде билік басында жүрген талай шенеуніктер де өздерінің кандидаттық, докторлық жұмыстарын қорғап алды емес пе? Бізге сенбесеңіз, ғаламторды ашып жіберіп, кез келген шенеуніктің өмірбаянына үңіліп, көз жеткізуіңізге болады.

Иә, ЖОО ашу пайданың көзіне айналды. Осы бір жаман үрдісті тежеуге бертінгі жылдары Білім және ғылым министрлігін тізгіндеген Бірғаным Әйтімова, Шәмша Беркімбаева, Жансейіт Түймебаевтардың шамасы жетпеді.  Өйткені жер-жерде оқу орындарын ашқандардың бәрі азуын айға білеген академиктер мен ректорлар еді. Сол кезде білім мен ғылым саласын басқарған министрлердің қаптаған оқу орындарды жабатын қауқары жоқ еді. «Аш пәледен қаш пәле» демекші, олар бәрінен үнсіз құтылды.

Бақытжан Жұмағұлов жоғары білім беру саласын пайданың көзіне айналдырған апайтөс академиктер мен ректорларға, облыстарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қалталы, білім саласын меншіктеп алған топқа қарсы күрес бастады. Алдымен ауыл-аудандарда ашылған колледждер нысанаға ілікті. Иә, жұрттың ақшасын қалтаға басып, жартыкеш маман дайындауға әдеттеніп алған орта буынды оқу орындары бұл іске қарапайым халықты араластырып, істі ушықтыруға тырысты. Бірақ олардың мұндай қоқан-лоқысынан Жұмағұлов ыққан жоқ.

Колледждерден басталған күрес жағалай облыс орталықтарында ашылған университеттер мен институттарға жетті. Алматыда талапқа сай келмеген біраз оқу орындары бір-бірімен бірігуге мәжүр болды. Жастарға атүсті білім беріп келген университеттер қарапайым халықтан жиналған қаржыны оқу орынның материалдық базасын нығайтып, ұстаздар қауымның біліктілігін көтеруге бағыттай бастады.

Жұмағұловтың оқу орындарға қарсы жариялаған бұл күресі көптеген адуынды академиктерге ұнамағаны анық. Білетіндер, Бақытжан мырзаның қызметтен кетуіне академиктердің жоғарыға тасыған сөзі де әсер еткенін айтып қалады. Тіпті өздері мемлекеттік университеттерді басқарғанымен, жекеменшік университеттерін ашып алған ректорлар тобы да арлы-берлі арыз тасыған деген де сыбыс бар.

Жұмағұловтың бұл күресі жалғасын табуы керек еді. Амал не, Аслан Сәрінжіповтің атағы дүрдей академиктермен айқасқа түсіп, бұл күресті ары қарай жалғастыруға шамасы жетпеді. Бірақ Жұмағұловтың бұл күресі еліміздегі жоғары оқу орындарының оңалуына азда босла түрткі болғанын мойындауымыз керек.

Қазіргі таңда еліміздегі университеттер сол кезде қойылған қатаң талаптарды басшылыққа алып, жұмысын жалғастыруда. Осы күрестің арқасында еліміздегі жоғары оқу орындардың сырт елдердегі оқу орындарымен байланысы артып, білім саласындағы ынтымақтастық, университеттеріміздің жұмысына сапа кіргізді.

Бүгінде жастар арасында жоғары бағаға ие болған Нархоз, Caspian University, Аlmaty Management University сынды оқу орындары қатаң талаптарды сақтай отырып, жұмыстарын жаңа бағытта ұйымдастыра білді.

Жалпы, Жұмағұловтың саны көп, сапасы жоқ оқу орындарға қарсы жариялаған ымырасыз күресінің нәтиже беруіне біздер жоғарыда айтқан саяси салмағының ықпал еткені анық. Ол билікте «Нұр Отан» мен Парламент Мәжілісінің Төрағасы болып саяси салмақ жинағаннан кейін ғана мұндай жауапті іске тәуекел еткенін байқайсың.

 

Бағытты айқындау

Тәуелсіздік жылдары ғылым саласы толықтай күйреді десек болады. Өндіріс пен ғылымның арасындағы байланыс үзілді. Бұдан басқа еліміздің ғылым саласы «Болон үрдісіне» бет бұрып, ғылымды дамытудың жаңа жолына түсті. Осы заманауи үрдістерді бір-бірімен үйлестіретін заңнамалық база дайындау да Бақытжан Жұмағұловтың еншісіне тиді.

zhumagulov dalanews (1)2011 жылы ғылым саласын дамытуға бағытталған «Ғылым туралы» заңы қабылданды. Заң университет қабырғасында жүрген студенттердің ғылыммен айналысуына мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар орта білім саласында аса қажет кәсіптік-техникалық маман даярлайтын колледждер құруға дем бергенін де айта кетуіміз керек. Иә, бұл бағыттағы жұмыстардың бәрін Бақытжан мырза игеріп тастады деп айта алмаймыз. Кәсіптік-техникалық мамандар даярлау ісі әлі күнге дейін жалғасуда.

Осындай іргелі істердің арқасында Қазақстанға сырттан келетін кадрлардың қарасы біршама төмендеді. Бұл бағытта жұмыс істеген «Кәсіпқор» холдингі мұнай-газ секторына маман даярлайтын орта буынды оқу орындар құрып, шетелден келетін жұмыс күшіне біраз тежеу салды. Еліміздегі ірі компаниялар да өздеріне қажетті маман даярлау ісіне мойын бұра бастады.

Бақытжан Жұмағұлов министр болып тұрғанда қолға алған маңызды бастамасы ретінде шетелдегі қазақ ғалымдарын елге қайтаруға әрекеттенгенін атап айтуға болады. Ол шетелдерде еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдарын елге қайтару жөнінде мәжіліс депутаттары алдында бастама көтеріп, сыртта жүрген 125 ғалымның Қазақстанға пайдасы қажет екенін ашық айтқаны есімізде. Нәтижесінде біраз ғалымдар елімізге оралып, жұмыс істей бастады. Осы тұрғыдан алғанда Бақытжан Жұмағұловты Білім және ғылым министрлігінің жұмысын тиімді бағытта ұйымдастыра білген бірден-бір басшы деп айтуға болады.

Жалпы, Бақытжан Жұмағұлов туралы сөз болса, оның өзі бастаған білім реформаларын толық аяқтай алмай кеткені айтылады. Егер мүмкіндік берілгенде, ұжымдасқан топтармен шайқасына орай туғызып, қолдағанда, онда бүгінгі шу болмас та еді. Бақытжан Жұмағұлов білім саласына керек маман. Кезінде ҚазҰУ-дің ректоры бола жүріп, талай игі бастамаларды бастаған ол әлі де болса іргелі оқу орындарына басшы болса, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға белшеше кірісетініне сенім мол.

Н.ӘУБӘКІР.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x