Back
| DalaNews

Биотехнологиялық мақтаның болашағы бар ма?

Республикамызда мақта қозасын өсіріп-баптауды қаржылық қолдау көлемі жыл сайын артып келеді. Алайда валюталық дақыл өнімділігінің артуы мемлекеттіксубсидияларға сәйкес келмейді. Егіншілік мәдениеті­нің төмендігі, ауыспалы егістің дұрыс жүргізілмеуі, топырақ құнарлылығы­ның нашарлауы, сондай-ақ тұқым шаруашылығы мен жер мелиорация­сын­дағы мәселелердің әсерінен өнімділіктің артуы әлсіз. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры ҚР ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ибадулла Үмбетаевтың пікірінше, ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп-баптаудың озық технологияларын қолданбастан, мақта саласының дамуы мүмкін емес.

 

– Ибадулла Изатуллаұлы, мақтаның биотехнологиясы бойынша Халықаралық конференцияға қатысып келдіңіз. Бұл біздің елімізде мақта шаруашылығында биотехнологияны қолдануға дайындалып жатыр дегенді білдіре ме?

– Соңғы кездерде елімізде ауыл шаруа­шылығы дақылдарының генетикалық мо­дификацияланған сорттарын егу туралы ұсыныстар айтылып жүр. Бірден айтайын, мен Bt-мақтаны өндіріске ендіру туралы үгіттеп отырғаным жоқ, тек әлемдегі мақта саласындағы Bt қолдану туралы жағдайды айтпақпын.

Бүгінгі таңда әлемнің мақта өсіруші 70 елінің ішінде жетекші өндіруші елдер  генетикалық модификация жолымен алын­ған мақта (әрі қарай Bt-мақта) сорттарын ғана өсіреді.  Вt-мақта әлемдегі жалпы мақта алқабының 68 пайызынан астамын алып жатыр. Әлемдік мақта шаруашылығында Вt-мақтаны Аргентина, Австралия, Қытай, Колумбия, Үндістан, Индонезия, Мексика, АҚШ және Оңтүстік Африка Республикасы елдері өсіреді. Мақта талшығының дүниежүзілік көлемінің 73 пайызы осы елдердің үлесіне тура келеді. Осы көрсеткіштердің өзі, сөз жоқ, жағдайды толық айқындап отыр.

Конференцияда мақта өндірісі, саудасы мен қайта өңдеу ісімен айналысатын әлем­нің отыздан астам елінің өкілдері қатысты. Ол жерде генетикалық модификацияланған мақта және басқа да ауылшаруашылық дақылдар өндірісін дамыту жағдайы мен болашағы сөз болды. Мен Пәкістан, Бразилия, Үндістан, Қытай және АҚШ өкілдерімен сұхбаттастым. Сұхбаттан кейін біздің елге де биотехнологияны мақташылық саласында зерттеу қажет екендігіне көзім жетті.

Біз Вt-мақта өсірумен айналыспаған, тек мақта өсіруші ел қатарына кіреміз. Бұл тізімге бізден басқа Африка континентінің Оңтүстік Африка Республикасынан басқа барлық елдері, сондай-ақ Орталық Азияның Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан республикалары кіреді. Өткен ғасырдың 90 жылдарының ортасынан бастап, мақта қозасы генетикалық модификацияланған жетекші дақылға айналды. Ал мақта биотехнологиясы саланың әлемдегі бүкіл тарихында ең жоғары деңгейге жеткен.

– Демек, Вt – ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп-баптаудың тез тарайтын технологиясы ма?

– Жер шарының оңтүстігінде, әсіресе экватор белдеуіндегі мақта өндіруші елдерде зиянкестердің жоғары дәрежеде дамуы кейбір жылдары 75-80 пайызға дейін өнімге зиянын келтіре отырып, химикаттарды (пестицидтер) бір жылда 25-30 ретке дейін қолдануға тура келді. Пестицидтерді көп мөлшерде қолдану ауаның бұзылуына және экологиялық проблеманың артуына, адамзат денсаулығының нашарлауына әкеліп соқтырды. Зиянкестердің шашылған пестицидтерге иммунитеттері пайда болып, олардың өнімге келтіретін зияны бәсеңдемеді.

Аталған проблемаларды шешу мақсатында мақтаның генін өзгертіп, көсек құрты және басқа кеміруші зиянкестер өсімдіктің олар үшін жағымсыз иісіне шыдай алмай, егістікке жақындамайтын жағдай жасалады. Гені өзгерген Вt-мақта гербицидтерге төзімді және зиянкестерге қарсы иммунитеті болады.

2006-2015 жылдар ауылшаруашылық дақылдарының биотехнологиясын коммерциялау онжылдығының басы болатын. Өткен он жылда ауыл шаруашылығында биотехнологияны қолдану саласы үздіксіз өсіп отырды. Ауыл шаруашылығында

Вt қолданудың өсу қарқыны 1996 жылы 12 миллион гектардан 2006 жылы 102 миллионға жетті. Вt-ауылшаруашылық дақылдарын өсіруші шаруалар саны он миллион адамнан асты, он жылда егістік алқаптар көлемі алпыс есе артты. АҚШ-та Вt-ауылшаруашылық дақылдарының негізгі өндірушілері соя және мақта биотехнологиясын қолдану 80 пайызды құрады. Сондай-ақ 2006 жылы Үндістан әлем бойынша ең көп мөлшерде мақта өндірді, мұнда биотехнология қолданған мақта алқаптары артуының ең жоғары деңгейі тіркелді – 3,8 миллион гектар.

– Біздегі дәстүрлі жолмен өсіріп-бапталатын сорттардан Вt-мақтаның қандай артықшылықтары бар?

– Шығарылған Вt-мақта сорттарының зиянкестерге қарсы иммунитеті мен гербицидтерге төзімділігінің маңызы орасан зор. Тәуелсіз әсер етуші екі Вt геніне ие алғашқы сорттар АҚШ-та және Австралияда он төрт жыл бұрын пайда болды. Бұл екі генді Вt сорттарының өнімділігі және тал­шық созылғыштығы жоғары. Сонымен бірге тәуелсіз зерттеулер Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы және Үндістанда миллиондаған шаруалардың Вt-мақта өсіріп-баптау нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және экологиялық, сондай-ақ денсаулықты қорғауда біршама артықшылықтарға ие болғанын көрсетеді. Осындай артықшылықтар Вt-мақта  өндіріске ендірілсе, Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асырылуы мүмкін.

Бүгінгі таңда Вt-мақтаның бірден-бір артықшылығы зиянкестерге қарсы иммунитеті мен гербицидтерге төзімділігі болғанымен, озық биотехнологияларды қолдана отырып, агрономиялық қызметіне, түрлі қолайсыз жағдайларға төзімділігіне, талшық сапасы мен өнімділігіне тікелей әсер ететін басқа да қасиеттері көптеп әзірленуде. Зиянкестерге қарсы тұру қабілеті мен гербицидтерге төзімділігінен басқа биотехнология ауруларға қарсы күресуде және нематодтарға немесе түрлі экологиялық қолайсыз жағдайларға (ыстық, суық, құрғақшылық) төзімділігін арттыруда қолданылады. Нәтижесінде, өнімділікті арттыру мүмкіндігі артады. Сондай-ақ био­технология мақта талшығының ұзындығына, түсіне және мықтылығына әсер ету жолымен талшық сапасын модификациялауда қолданылады. Бұл – тоқыма өнеркәсібі үшін аса маңызды.

– Биотехнология жайында тек жақсы пікір айтуға бола ма, әлде әлі де толық зерттелген жоқ па?

– Кез келген жаңа технология сияқты, Вt-мақтаның да пайдалы тұстарымен қатар зияны болуы да мүмкін. Технология жайында барлығын алдын ала білу мүмкін емес. Ұзақ мерзімнен кейін пайда болатын зардаптарын алдын ала дәл болжай алмаймыз. Вt-мақтаны қабылдаудың негізгі талаптары – тәуекелді бағалаудың ғылыми негізделген және қолайлы әдістерін табу. Онда адам денсаулығына және қоршаған ортаға зияны қарастырылып, сондай-ақ артықшылықтарымен салыстырылады. Мұқият жүргізілген бағалаулар нәтижесінде Вt-мақта сорттарының немесе одан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зияндылығы анықталмаған, денсаулық сақтау халықаралық ұйымдары жағынан ондай мәлімет болмаған.

Вt-мақта өсіріп-баптаушы елдердің тәжірибесі, оның экономикалық-әлеуметтік және экологиялық елеулі артықшылықтарын көрсетеді. Егер Вt-мақтаны кәдімгі сорттармен салыстыратын болсақ, онда пестицидтерді  қолданбайтынына, сонымен бірге ірі немесе ұсақ шаруашылықтарда болсын, орташа табыс көлемінің едәуір жоғары екенін көруге болады.

Мақта шаруашылығы дамыған мемлекеттерде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер санының артуы Вt-мақтаның шаруалар табысының еселеп артуына және жалпы қоғамға едәуір пайда әкелуіне ықпал етеді деген пікірдің дәлелі болады.

– Мамандандырылған мақта шаруашылығы ҒЗИ жетекшісі ретінде мақта биотехнологиясын әзірлеу және қолдану мәселесі бойынша әрбір мемлекетте қалай шешім қабылдануы керектігіне пікіріңіз қандай?

– Вt-мақта немесе озық биотехнологияның басқа өнімдерін қолдануға қатысты әр мемлекет басқа елдердің философиялық, идеологиялық не экономикалық қысымынсыз, өздігінше, өзіне ыңғайлы, келешекке зиянсыз шешім қабылдауы тиіс. Вt-мақта сорттарына еркін қолжетімділік, ашық әрі тиімді реттеу процесінің компоненттерімен қамтамасыз ету үшін, яғни Вt-дақылдарын кәсіби өндіру және жеткізу, шаруалар мен қолдау құрылымын оқыту, оңтайлы іскерлік орта қалыптастыруды талап етеді, асығыс шешім қабылдау мүмкін емес.

Ғылыми негізделген, айқын, дәл, мобильді және Қазақстанның мақта өсірілетін оңтүстік аймағының экожүйесімен үйлескен мемлекеттік реттеу бағдарламасын әзірлеу қажет. Вt-мақта сорттарындағы жергілікті жер жағдайында ерекшеленген ең жақсы технологияны сынақтау және анықтау бойынша кең ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс. Алдымен шаруаларды оқытып, жаңа технологияны қолдануда оның пайдасы не зияны бар екенін анықтауға қолұшын беретін техникалық-насихаттаушы топтар құру керек.

Инновациялық озық технологияларды өндіріске ендіре отырып, Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде мақта саласы бойынша басқа елдермен бәсекелес болып жеңіске жетуіміз мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұқбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

Дереккөзі: aikyn.kz