Білге қаған даналығы және оған арналған жазба ескерткіштің құндылығы

Dalanews 01 ақп. 2016 08:54 303

Түркі қағандығын орнатудағы ұлы жорық әлем жұртшылығына шынайы азаттыққа жетудің жарасымды, жайлы тұрмыс құрудың нағыз үлгісі болып қалды. Дүние жүзі тарихына үңілгенде ерте дәуірде қанау мен езу, қорлаудан құтылудың ең тиімді, өміршең жолы – көк түріктер салған «Ұлы жорық жолы» екен. Осы әйгілі бастама идеясы жер шарына даңқы жайылған атақты қолбасшы, көсемдерге мақсат, міндеттерін айқындап берген бағдар шам болды. Біздің ежелгі дана бабаларымыздың түркі қағандығын орнатудағы ұлы жорықтарды биік қабырға тастарға сығылыстыра сыйғызып жазып, мәңгілік мұраға айналдыруының сыры осында жатыр. Түйіп білдірсек, түркі мемлекетін, түркі империясын орнатудағы ұлы жорықтың ауыр салмағы көк түрік кемеңгері Могилян – Білге қаған иығына түсті, соның ақыл-парасаты, тікелей басшылығы мен ерен батырлығы арқасында жүзеге асты. Көк түріктердің ұлы жорықтары әлемді өзіне жалт қаратқан ірі мемлекет – түркі қағандығын дүниеге әкелді. Бұған түркітанушы ғалым И.В.Стеблеваның: «К концу VІ в. превратили Тюркской каганат в мощную центрально азиатскую империю, которая простиралась от Каспийского моря на западе до Корейского залива на востоке. Это могущественная держава имела политические отношения с Ираном, Византией и Китаем», – деп жазғаны дәлел [1. 18-21-бб.]. Ал, Білге қаған билігі тұсында көк түріктер мұнан да кең аймақты иемденді. Ақиқатында, түркі империясын орнатуда әкесі Құтлығ – Елтеріс пен ағасы Қапаған – Мочур бастаған ұлы жорықты әрі жалғастырып, солардың көздеген мақсатын орындап, елу жыл бодандық тұтқынына түсіп, тоз-тоз болып, аш-жалаңаштықтың азабын тартып, енді маңдайы ашыла бастаған көне түріктерді ел етіп, шұрайлы жерге орналастырып, олардың бәрін киімі бүтін, тамағы тоқ дәрежеге жеткізіп, көне түріктерге, шын мәнінде, мол байлық, бейбіт өмір сыйлап, түркі империясын тиянақты орнатқан осы Білге қаған-Могилян болатын, қытайша ол «Бике кэхань» деп аталды. Сондықтан Білге қаған көшпелілер тарихында түркі империясының іргесін қаласып, әрі толық орнатып берген ұлы тұлға. Түркі империясының бекем орнауы тарихта соның есімімен байланысты. Әйгілі қолбасшы, батыр Күлтегін көз жұмғанда айналасындағы көрші елдер мен қытай империясының патшалығы түркі елін билеп тұрған сол Білге қаған даңқы үшін, соған арнайы көңіл айту үшін келді. Оны қытай империясы сыйлады, айтқанын орындады. Қырғыз халқы әйгілі «Манас» жырымен дүниеге түгел танылды. Тоғызыншы ғасырдың ортасында қырғыз мемлекеті құрылып, дәуірлеген тұстың өзінде дәу тасқа түсірілген ескерткіш жазбаларымен-ақ бұл халық әлемді таңдандырып отыр. Бауырлас өзбектер «Тумарис» атты эпостық шығармасымен мәдениеті ерте заманда қалыптасқан ел екенін мойындатты. Өзбек жұртының даңқын Х ғасырда-ақ әлемге жайған Әбу Әли ибн Сина мен Әбу Райхан Бируни ғылымның әр саласында зор жаңалық ашса, Әлішер Науаи жасаған даналық көркем шығарма ХV ғасырда дүние мәдениетінің алтын қорына барып қосылды. Осылай әрі қарай тізе беру артықтау шығар. Қазіргі аласапыран заманның сұрапыл борасыны жұтып қоймас үшін біздер көне мәдениетіміздің күре тамырына шаң қондырмай сақтап, әсіресе, ғасырлар бойы қалыптасқан бай ұлттық құндылықтарды қастерлей, бағалай білуіміз керек. Әйтпесе, техникалық ойы дамымаған қазақ халқы бір кезде тарихи аренадан көрінбей, табылмай қалуы мүмкін. Осындайда енді сүйенер басты тірек – түркілік ұлттық рухани мұралар. Атап айтқанда, бабаларымыз сандаған ғасырлар бойы дәу қабырға тастарға мәңгі жоғалмастай етіп қашап жазған аса мол мұра – көне түркі руна жазба шығармалары. Бұл асыл қазыналардың қатарына ежелгі заманда түркілердің осы төл әрпімен қағазға түсірілген «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағын да қосу керек. «Қазақ» сөзінің төркіні «сақ, кас-сақ» атауында жатқанын да ғылыми негізде мәлімдедік [2, 56-76-бб.]. Қазақ мәдениеті, әдебиеті, тарихының теңдесі жоқ білгірі Ә.Марғұланның: “Қазақ сөзі қадымнан ескі ат. Тайпа жасауда дархан ағаш сияқтанып тұрады»,–деп айтуының түйіні осында жатқан болуы керек [3, 143-б.]. Қазақ халқының таңба-белгілері мен көне түркі руна алфавиті арасында аз ғана айырмашылықтар бар. Тасқа түсірілген көне түркі руна жазбалары көптеп табылған Орхон, Енисей, Талас өзендері мен Алтай тауы аймақтарын ежелден қазақ халқының құрамына енген тайпалар мекендеген. Демек, олардың сол жазбаларды жасауға қатысқаны күмән туғызбайды. Қазақ халқының ислам діні енгенге дейінгі Тәңірге табыну нанымы мен ежелгі дәстүрі, түркілік–ұлттық рухы тасқа және қағазға жазылған көне түркі руна жазбаларының қан таратар жұлыны болып жасалған. Бесіншіден, Орхон, Енисей Алтай, Талас өңіріндегі тасқа түсірілген көне түркі жазбалары қазақ халқына тікелей қатысты төл мұрасы деуге болатынын мұнан да нақтылай, айғақтай түсу үшін академик Ә.Марғұланның: «Ең таңсық нәрсе Алтай мен Моңғол жерінен табылған үңгіттер мен керейлердің жазулары. Көп табылған әсіресе үңгіттердің тас жазулары. С.Е.Маловтың көп заманнан зерттеуінше, Енисей мен Тува жерінде тұрған құлпытастардың таңбалары ескі үйсіндікі үш әліп, қаңлынікі (айтамға), өңгіт – керейт елінің тамғалары. Абахан өзенінің бойынан, Ачурадан табылған Орхон жазуы. Ол жазудың мазмұны бір ғана найман елінің тарихын суреттейді. Орхон жазуын көп қолданған елдің бірі қыпшақтар»,–деген тұжырымын еске салуға мәжбүрміз [3, 138-141-бб.]. Осы үзікте аталған тайпалар қазақ халқының құрамына жататыны баршаға мәлім. Алтыншыдан, тасқа түсірілген көне түркі руна жазбаларындағы сөздердің мағынасына түсіну, ұғыну бізге ешқандай қиындық тудырмайды. Бірталай сөйлемдер қазақ тілінде жазылғандай болып танылады. Тізе берсе осындай бұлтартпас мәліметтер жетерлік. Бұған тағы қосарымыз, бірнеше аймақтардағы самсаған дәу тастарға жазылған көне түркі руна жазбалары осы кезге дейін арнайы, толымды түрде зерттелінген емес. Орхон ескерткіштері ішінде Күлтегін мен Тоныкөк жазбалары ғана ертеректе шығыстанушы бірсыпыра ғалымдардың назарына ілігіп, жалпылама түрде сөз болып, долбар тұжырымдар жасалынды. Ақиқатында, көне түркілердің бірталай аймақтарда самсаған тастарға жазылған шығармалары, тіпті, келелі сөз болған емес. Соған сәйкес, көне түркі руна жазба шығармаларын кешенді түрде тұтастай алып зерттеп, барлық сыр-сипатын ашып, шынайылықпен ғылыми тұжырымдар жасап, біздің бабаларымыз Орхон, Енисей, Талас, Алтай, Турфан өңірлеріндегі көне түркі руна жазба ескерткіштерін жазу және жасауға өз үлестерін қосқанын нақтылықпен айқындап, қазақ халқының жазуы, таңба-бейнесі, мәдениеті, әдебиеті ежелгі заманда-ақ қалыптасқан өркениетті ел екенін әлемге жария ету, мойындату керек. Ғаламдану тұсында да, қай заманда да қазақ халқын жаһанға танытатын осы бабалардан қалған мол мұра – көне түркі руна жазба шығармалары. Похожая статья: Шаңды басуға арналған отандық және шет елдік технологиялық процестер мен материалдарды анықтау Содан кейінгі күрделі міндет мынау: шығыстанушы шетел ғалымдарының бірсыпырасы әр өлкелердегі көптеген қабырға, қой тастарға түсірілген көлемді жазбалар көне түркі жазба жәдігерлері екенін ғана ашты, әрі қарай зерттеуге бармады. Бәлкім, түркі халықтары өздері зерттеп алсын деген шығар. Сондықтан осы тың да аса күрделі саланы кең тұрғыда сөз етіп, біліктілікпен талдау жасап, барлық жұмбақ құпияларын ашып, әлем жұртшылығына соны ғылыми жаңалықтар сыйлайтын салиқалы еңбектер ұсыну қажет. Біздің бұл зерттеу жұмысымыз әуелден-ақ, осындай, бірнеше күрделі мақсаттар мен міндеттерді қоса қамтып шешетін нәтижелі жоспарға сай жүргізілді. Кейбіреуін атап көрсетсек, кез-келген жазба ескерткіштің қазақ халқына қатысы қандай деген сұрақ үнемі есте ұсталады. Мысалға, біздің кең тұрғыда талдау жасағалы отырған Орхон бойындағы Білге қаған жазба ескерткіші де, осы өңірдегі қабырға тастарға түсірілген өзге де көне түркі руна жазбалары да қазақ халқына тура ортақ мұра болып табылады, оған дәлел етер дерек, мәлімет, ғылыми тұжырым жетерлік. Бұл байламымызды И.Қабышұлының: «П.И.Ядринцев Орхон өзені бойындағы «Хошөө цайдам» деген жерден таңбалы жазуы бар ескерткіштер кесенесін табады. Бұл мұнан 1000 жыл бұрын найман мемлекетінің астанасы болған Қара Қорым қаласынан 32 шақырымда орналасқан-ды. Орхон өзені осы Қара Қорым қаласын қақ жарып ағып жатыр. Найман мемлекеті 1204 жылы Шыңғысханнан жеңіліп, ата қонысынан аластатылған. Е.Л.Клеменц ертедегі Керей мемлекетінің астанасы «Төр-хурах», қазақша Би-төбеден 16 шақырым жерде орналасқан аса мол ескерткіштер кешеніне тап болады. Бұл – қазіргі Ұлан-Батордан 36 шақырым жердегі Налайхан тас көмір кешенінің алдындағы әйгілі Тоныкөк ескерткіші», – деп келтірген мәліметі нақтылай түседі [4]. И.Қабышұлы жазған еңбектен келтірілген үзіктегі таңбалы жазуы бар ескерткіштер табылған «Кошөө цайдам» – әйгілі Күлтегін жазба ескерткіші орнатылған жер. Сол Күлтегін ескерткішінен 500 метр жерде біз арнайы алып сөз етіп отырған Білге қаған жазба ескерткіші тұрғызылған. Сонда наймандардың астанасы болған Қара Қорым шаһарының маңынан дәу қабырға тастарға көне түркі руна әрпімен түсірілген, аса көлемді әрі құпия жазбасымен дүниені таңдандырып, дүр сілкіндірген Күлтегін және Білге қаған мәдени ескерткіші, керейлердің астанасы болған «Төр-хурах» қаласы маңынан Тоныкөк ескерткіші табылып отыр. Наймандар ежелгі заманда-ақ қазақ халқының құрамына кірген, қазірде де солай. Сондай-ақ, керейлер де қазақ халқының құрамына ерте заманнан енген аса көне әрі мықты тайпалардың бірі. Наймандар және керейлер тарих сахынасына Ғұн, Үйсіндердің ізін ала шыққан, Орхон жазуын меңгерген, өздерінше мемлекет атанған елдер. Олар салдырған қалалар жетерлік. Бұған Ә.Марғұланның кереймен үңгіттердің (уақ) жеріндегі үлкен қаланың бірі «Қатун сыны». Керейлер ғұн әдеті бойынша маралды ерекше қадірлеп, оған табынып жүрген. Наймандардың монғол дәуірінде қирап қалған қаласының аты «Ақбалық». Қара Қорым астанасында ел басқарған хандар, сұлтандар, бектер тұрған. Көп ғасырлар ішінде алдымен Орхон жазуын одан кейін ұйғыр жазуын өзіне дәстүр қылған елдер қыпшақтар, наймандар, керейлер, үңгіт-уақтар, меркиттер, барлығы ерте кезде үкімет құрған қазақ ұлысының тайпалары»,–деп жазғаны негіз [3, 137-139-бб.]. Ә.Марғұлан еңбегінен келтірілген кішкентай үзікте біраз мәселе қамтылып айтылған. Осындағы әр сөз өз алдына жеке зерттеуді сұрап тұр. Мысалға, қазақ құрамына енген жоғарыда аталған тайпалардың көне түркі (Орхон) жазуынан кейін ұйғыр жазуын игеруінің бірнеше себебі бар. Ұйғыр жазуы көне түркі жазуынан кейін туындады. Ұйғырлар түркі мемлекетін құлатып, аз уақыт болса да өз үстемдігін жүргізді. Сол тұста қарым-қатынас, келісім-шарт үшін қазақ құрамына енген тайпалар ұйғыр жазуын меңгерген болса керек. Сол сияқты, Ә. Марғұланның «қазақ ұлысының тайпалары» деп атауында зор маңыз бар. Қысқа айтсақ, қазақ халқы скиф-сақтар дәстүрін сол күйінде қабылдап, сақтап, жалғастырды. Қазақ халқының құрамында көптеген тайпалардың болуы да содан. Атақты ғұлама Ш.Уәлихановтың зерттеуінше «қазақтың ескі дәуірдегі аты «Алаш» деп аталған» [3, 142-б.]. Иоллығ-тегін туралы Л.Н.Гумилевтің: «Бұл жазушы әрі тарихшы, екі орхондық жазу текстінің авторы еді. Өз әкесінің саясатын жалғастыра отырып, ол шиеленісті жағдайдан шығу жолын табуға тырысты», – деп жазғаны ептеп жөнге соғады [5, 328-б.]. Шын мәнінде, Иоллығ-тегін туабітті дана, ірі ақын, ақылды қаған, білікті саясаткер, терең білімді ойшыл, тарихи тұлға. Иоллығ-тегін жасаған шығармасына өмірдегі шындық оқиғаны арқау еткен. Л.Н.Гумилев ол тасқа түсірген жазбаны тарихи дерек үшін пайдаланған, өз ыңғайына қарай бұрып, оны тарихшы деп атаған. Орхон бойында бүгінгі күнге дейін табылып жария болған 25-тен астам көне түркі руна жазба ескерткіштері бар. Кейбір зерттеушілердің биік тастардағы көне түркі жазбаларын: құлпытастарға түсіріп, қабыр басына қойылған жоқтау жыр деп ұйғарым жасағаны сондай сәуегейлік болжамнан туындаған. Келешекте әлгіндей жобалап жазылған болжамды ойсыз қайталап айтушыларға тоқтау болу үшін бұл рухани мұралардың бірі Білге қаған жазба ескерткішінің сыр-сипатын, өзіндік ерекшелігін шынайылықпен көрсетуді басты нысана еттік.

 

Әдебиет:

  1. Поэзия древных тюрков VІ-ХІІ веков. - М: Раритет, 1993. - 170 с.

  2. Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. - Алматы: Білім, 2007. - 350 б.

  3. Марғұлан Ә. «Тамғалы тас» жазуы // Жұлдыз. – 1984. - № 1. – 143 б.

  4. Қабышұлы И. Халқымыздың өркениетке қосқан асыл мұрасы // Егемен Қазақстан. – 2004. – 20 наурыз.

  5. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. - Алматы: Білім, 1994. - 502 б.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x