ЭКСПО-ға үлес қос

Dalanews 26 қыр. 2015 02:40 246

2015 жылдың  22 қыркүйекте ҚазҰТЗУ-да  «ЭКСПО – 2017  университет жас ғалымдардың үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. «Дөңгелек үстел» жұмысына сарапшылар, магистранттар, PhD докторанттар мен университет қызметкерлері қатысты.

Жиналысты Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ- дың уәкілетті тұлғасы,  ҚазҰЖҒА академигі А.А. Зейнуллин ашты. Сөз барысында «EXPO–2017» мақсаты мен міндеттерін, сонымен қатар көрме жұмысына дайындық кезінде іске асырылатын жобалар туралы айтты. Жобалардың бірі – «Online EXPO-2017» халықаралық  байқауына ұсынылды, бұл байқау ЭКСПО-2017-ға инновациялық іріктеу мен  жобалар үшін  жасалынған. Іріктеу қорытындысы бойынша 2015, 2016, 2017 жылдары Болашақ энергиясы форумы шеңберінде шағын көрме өткізілетін болады. Екінші жоба – жоспарланған және ұсынылған іс-шараларда тақырыптары кеңінен талқыланатын «G-Global – EXPO» онлайн форумы.

 

Политех.010

А.А.. Зейнуллин: «Көрме міндеті – энергия қолданысы денсаулығымыз бен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне тиімді әсері бар жаңа, тұрақты энергия көздерін дамытуға қоғам назарын аудару, әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету болып табылады. Бұл көрме бізге ертең болатын үлкен сын, үлкен абырой. Біз ұжымның білікті мамандарымен Болашақ энергиясын жасадық. Университетімізде ғылыми-техникалық бағдарламалар жүзеге асырылуда, осы бағдарламалардың іске асуына жас ғалымдар үлес қосуы керек. ЭКСПО көрмесіне лайықты жобаларды ұсынуымыз қажет. Халықаралық тәжірибе бойынша ЭКСПО көрмесі сияқты ау­қымды іс-шараларды өткізу туризм саласын ғана емес, сонымен бірге, экономиканың басқа да са­лаларын дамытуға ықпалын тигізеді. Статистикаға сүйенсек, 1 ту­рист өзі келген ел аумағында 1,5 мың долларға жуық қаржыны жұм­сап, шамамен 6-12 адамды жұ­мыс­пен қамтамасыз етеді. Осы­лай­ша көрмені өткізуден алынатын нәтиже орасан зор», – деді.

Болашақтың негізгі оқиғасына ҚазҰТЗУ-дың жас ғалымдары қатыспауы мүмкін емес. Дөңгелек үстел отырысында, олар өздерінің жасыл экономика, баламалы энергия көздерін дамыту мен робототехника, ғарыш салаларындағы инновациялық шешімдерге арналған ғылыми зерттеулерін ұсынуға бірегей мүмкіндіктерге ие болды.

Аталмыш отырыста ҚазҰТЗУ-дың Жастар ұйымдары комитетінің төрағасы Еркінова Мәдинаның «Болашақ энергиясы ҚазҰТЗУ жас ғалымдарының қолында», «Физика-техникалық институты» зертханасының меңгерушісі Нұрлан Тоқмолдиннің «Күн элементтері мен модульдерінің тік интеграцияланған өндірісі», Қолданбалы экология кафедрасының оқытушысы Өсербаева Әселдің «Баламалы энергия көздері», БЖМжМӨТ кафедрасының докторанты Ыбырайымқұл Дарханның «Полимер және органикалық заттардың негізінде иілгіш күн батареяларының үлгілері» атты баяндамалары ұсынылды.

«Роботтытехника және автоматиканың ақпаратты құралдары» кафедрасының аға оқытушысы Руслан Үтебаев «Алматы қаласындағы электромобильдерге арналған зарядтау станцияларын басқару жүйелерін өңдеу және зерттеу» жобасын ұсынды.

Баяндамалар барысында басқа да ғылыми зерттеулер тыңдалды. Жиналыс соңындағы талқылауда ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылған ұсыныстар мен пікірлер туралы сындарлы әңгімелер қозғалды.

 

Б.ЕДІЛБАЕВ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Ақпараттық-аналитикалық орталығының директоры


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x