Cоңғы жаңалықтар
Back

Тоқаев жанжалдарды болдырмаудың формуласын атады

Ертең Қазақстанға Кремль көсемі келеді. Маңызды шараның қарсаңында “Известияға” сұхбат берген президент Тоқаев екі ел арасындағы байланыстардың перспективасын сөз етті.

Dalanews.kz сұхбатқа шолу жасап шықты.

Президент биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа 10 жыл толатынын еске салды. Сонымен қатар 2013 жылғы мемлекетаралық шарттың мәні зор екенін, ол қазақ-орыс байланыстарының келешегіне жол ашатынын жеткізді.

Ресей Президентімен өтетін алдағы кездесудің күн тәртібіне келетін болсақ, Тоқаев екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелері күн тәртібінде болатынын айтты. Себебі халықаралық ұйым мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыс маңызды орында. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасу да тыс қалмақ емес.

Сонымен қатар қос президент Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланысты нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат.

Мемлекет басшысы сұхбатта транзиттік әлеуетімізді толыққанды пайдалануға мүдделі екенімізді және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын екенімізді жеткізді. Бейбіт мақсатта қолданылатын атом саласындағы ықпалдастық – энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты екені де келтірілді.

Сандарды сөйлетсек, соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Ал өз кезегінде Қазақстанның Ресейге құйған қаржысы 6 миллиард долларға жуықтап отыр.

Мазмұнды сұхбатта санкцияларға қатысты да пікір бар. Президент Батыс елдері бұрын-соңды болмаған мөлшерде санкция салғанын, бұл шектеу көлік-логистика саласына әсер еткенін баяндады. Соған қарамастан Ресей мен Қазақстанның аталған саладағы ынтымақтастығы табысты жалғасатынын жеткізді. Қазір Еуразияның жаңа көлік құрылымы қалыптасуда.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұны ойдағыдай жүзеге асырса, қатысушы тараптардың бәрі де экономикалық әрі саяси пайдаға кенеледі.

Бұған қоса сұхбатта орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құруға қатысты жүйелі ой айтылды.

Бұл орайда Президент «Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен туған жоқ. Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды» деген тұшымды пікірін ортаға салды.

Қазақстанның  Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететіні көпке белгілі.

Осы ұйымның аясында елдердің өзара ықпалдастығы қалай өрбитініне акцент берілді. Қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайда сенімге, өзара тиімді мүддеге, теңдікке арқа сүйейтін, мәдениеттердің әралуандығына құрметпен қарайтын және қатар дамуға ұмтылатын «Шанхай рухының» мызғымас іргетасын нығайтуға басымдық берілу керектігі айтылды.

«Осыған орай өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, көпжақты ынтымақтастықтың сауда-инвестициялық және мәдени-гуманитарлық мазмұнын байыту Қазақстан төрағалығының басымдықтары ретінде жарияланды. Шанхай ынтымақтастық ұйымын одан әрі дамытудың көптеген өзекті мәселелері мен перспективаларына қатысты елдеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Бұл – екіжақты серіктестіктің нәтижелі екенін білдіретін маңызды көрсеткіш» деді Президент.

Песков подтвердил предстоящий визит Путина в Казахстан :: Новости :: ТВ Центр

Сұхбаттың нүктесі қазіргі таңдағы басты тақырып – бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесіне байланыстырылып қойылды. Себебі, біз қазір құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз. Ерте ме, кеш пе бірполярлы әлемнен көпполярлы әлемге ауысу қажеттігі туындайды. Оның үстіне дүниежүзінің әр қиырында қақтығыстар, санкциялық текетірестер, сауда соғысы өршіген жағдайда болашаққа сеніммен қарау да қиындады.

Президенттің айтуынша, түптеп келгенде, жаһан жұрты ұзақмерзімді бейбітшілік орнайтын күнге жетеді.

Ол үшін мынадай екі шарт міндетті түрде орындалуға тиіс. Атап айтқанда, өзара ымыраға дайын болу және халықаралық құқық нормаларын сақтау.

Мұның екінші бөлігі – Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымы. Кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болады. Бұл құжатты әлемдік қоғамдастық адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстан кейін қабылдады. Әзірге әлем қақтығыстарды еңсерудің бұдан артық тәсілін ойлап тапқан жоқ.

Сондықтан ашуды ақылға жеңдіріп, халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаған сәттен бастап әлемде тепе-теңдік қайта орнайды.

– Біз бұрын-соңды болмаған геосаяси бөлшектену және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жікке бөліну жағдайына куә болып отырмыз. Саясат пен экономикада жаһандық және аймақтық деңгейде өзгерістер жүріп жатыр. Бұл мемлекеттер мен құрлықтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызады. Үйлесімді әлемдік экономика құру үшін Жаһандық Оңтүстік және Жаһандық Солтүстік елдері өзара сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген ортақ мәмілеге келуі керек.

Осындай күрделі үдерісте БҰҰ маңызды рөл атқаруға тиіс. Қазір ол барлық адамзатты біріктіретін баламасы жоқ жалғыз жаһандық ұйым саналады. Бұл орайда түрлі шектеулер мен геосаяси бөлшектенудің күшеюі БҰҰ-ның бірлігі мен ұйым мандатының үстемдігіне нұқсан келтіріп жатқанын мойындау қажет.

Ұйымға қатысты сыни пікір көбейіп келеді. Ол негізінен ішкі реформалар жасау қажеттігіне байланысты айтылып жатыр. Жер шарының әр қиырындағы дағдарыстарды реттеуде БҰҰ қауқарсыздық танытып отыр. БҰҰ-ны жаһандық қауіпсіздікті сақтайтын, ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беретін, қазіргі заманның түйткілдерін тиімді шеше алатын негізгі күшке айналдыратын уақыт жетті деп ойлаймын, – деді Президент.

Ұйымның көптеген институты қырғи-қабақ соғыс жылдарында құрылғандықтан, олардың жұмыс тәсілі тарих қойнауына кеткен дәуірге негізделген. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі айқын байқалады. Мұны Кеңес құрамын кеңейту арқылы жүзеге асыруға болатыны айтылды сұхбатта. Ал шағын және орта мемлекеттер ірі державалар арасындағы алтын көпірге айналып, халықаралық тұрақтылық үшін тарихи жауапкершілік арқалау керек.

Қауіпсіздік Кеңесінің аясында осындай мемлекеттердің үні жарқын шығып, олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше рөлге ие болуы маңызды екенін қаперге алуға шақырды Президент.

Тағы оқыңыз:

#NinetyOneOtbasy челленджіне қатысып, жүлделі болыңыз!