“14 адам қаза тапты…”. Экс-министрдің үстінен іс қозғала ма?
Ішкі істер министрлігі Абай облысындағы өрт бойынша қозғалған қылмыстық істің мән-жайын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство басшысы Марат Ахметжановтың мәлім еткеніндей, құзырлы органдар өрт қасақана қойылған деген нұсқаны да қарастырып жатыр. Істі зерттеп, зерделейтін арнайы прокурорлар тобы құрылған, оған ІІМ мамандары да енген.
“Тергеу, тексеру жұмысына шамамен 60 күндей уақыт кетеді. Осы аралықта жай түсу, қасақана от қою, қызметіне немқұрайлы қарау нұсқаларын електен өткізіп, соған сай шешім қабылдаймыз”, – дейді Ахметжанов.
Үкіметтегі ресми шарадан кейін тілшілер министрден “Юрий Ильиннің төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеті тексеріле ме?” деген сауал қойды.
Ахметжановтың атап өткеніндей бұл мәселе Тоқаевтың бақылауында. Президент Бас прокурорға тиісті тапсырма берген.
“Соның аясында тексеру жүргізілетін болады. Өрт фактісі – бұл төтенше жағдай, адамдар қаза тапты, осы себепті қылмыстық іс аясында тексеру болады. Неліктен кеш қимылдады? Неліктен дер кезінде шара қолданбады? Мүмкін бейқамдық, қызметтік міндетін орындамау…”, – деді министр.
8 маусымда “Семей орманы” аумағында тұтанған өрт бақылаудан шығып кетіп, аздаған күннің аралығында 60 мың гектарға ұлғайып үлгерді. Абай облысының орталығы Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Өрттің алдын-алуға асықпай, сылбыр қимылдаған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылған болатын. Ал Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алған.
Абай облысында арнайы штабтың мәжілісін өткізген Мемлекет басшысы өртке қатысты ұзынсонар баяндама жасауға кіріскен Төтенше жағдай вице-министрі Марат Күлдіковтің сөзін орта жолдан бөлген.
«Ильин? Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарайды?!
14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді», – деген еді Тоқаев.
Айтқандай, Мәскеу Абай облысындағы өртті сөндіру жұмыстарына ОДКБ-ны тарту бойынша Тасмағамбетовты жағалай бастады.
Толығырақ осы жерде ➡️ https://t.me/dalainside/1357