Тоқаев: "Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады"

Dalanews 12 мам. 2023 15:32 282

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Dalanews.kz сұхбаттың елеулі тұстарын оқырман назарына ұсынады.

Мемлекет басшының атап өткеніндей Қазақстан Еуразия құрлығында жүріп жатқан үдерістердің ортасында болғанын қалайды.

Еліміздің әлемнің осы бөлігіндегі сауда жолдары мен халықаралық қатынастарды реттеуде аса маңызды рөл атқарарына айрықша тоқталған Тоқаев: "Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Сол себепті елімді экономикасы дамыған, озық елдердің қатарына қосу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Қазақстан осындай сыртқы саясат ұстанса, табысқа жетеді. Бейбітшілікті жақтау, барлық елмен тиімді достық қатынаста болу біздің тарихи тағдырымызға жазылған", - деді.

Бұл тарапта көршілес елдермен арадағы достыққа мән беру қажет, соның ішінде Қытай аса маңызды рөл атқарады.


"Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады. 2019 жылы қыркүйек айында мен Қытайға мемлекеттік сапармен бардым. Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен нәтижелі келіссөз жүргіздік. Халықтарымыздың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаластық.

Демек, біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мәңгі достықты нығайта түсуіміз керек.

Бұл қазақ халқының мүддесіне, нақтырақ айтқанда, ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келеді. Мен осындай саясатты берік ұстануға ниеттімін. Жақын көршіміз – Қытаймен арадағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екені сөзсіз", - деді Тоқаев осы орайда.

Қытай экономикасы әлемде екінші орында тұрғанын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы тараптардың экономикалық ынтымақтастық саласында керемет нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. 


"Сондықтан мен Қытай өркениетінің бесігі саналатын Сиань қаласына жасайтын алдағы сапарымнан үмітім мол. Бізге жаңа келісімдер, жаңа мәмілелер қажет.




Себебі біз бір орында қалып, нәтиже күтіп отырмауымыз керек. Осынау күрделі әлемде экономикалық байланыстарымызды нығайтуға күш салуға тиіспіз. Мен екі ел жастарының ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға ниеттімін. Жас буын бірін-бірі жақсы білуі қажет", - деді Президент.

Айта кетелік, былтыр қаңтар айында бейнебайланыс форматында Қытай және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өткен еді. Содан кейін ақпанда Орталық Азияның төрт мемлекетінің басшысы Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына қатысқан.

Үстіміздегі «Қытай – Орталық Азия» саммиті өтеді.

"Тұңғыш «Қытай – Орталық Азия» саммитінен не күтесіз?" деген тілшінің сауалына Тоқаев былай деп жауап берді:

"Сиань саммиті нәтижелі болады деп үміттенемін. Қытай біздің аймақта, яғни Орталық Азияда өте маңызды рөл атқарады. Бұлай болуы заңды да.

Орталық Азия елдеріндегі әріптестерім Қытаймен арадағы қатынас бізге тиімді екеніне келіседі деп ойлаймын. Осы ынтымақтастықты ілгерілетуге біз де бар күш-жігерімізді жұмсаймыз".

Сұхбат барысында Мемлекет басшысына соңғы жылдары геосаясаттың күн тәртібінен түспей тұрған Тайвань туралы сұрақ қойылды.

"Жалпы, бүкіл әлем мына мәселені анық түсінуі керек деп санаймыз. Екі Қытай болмауы керек. Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Демек, БҰҰ Жарғысында бекітілген барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы туралы қағидат мүлтіксіз сақталуға тиіс. Бұл қағидат Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жарғысы мен декларациясына да енгізілді.

Сондықтан тағы да қайталап айтамын, біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Бұл анық. Оған ешқандай шүбә келтірмейміз"


- деді Мемлекет басшысы.

Сұхбаттың соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлеуеті сөз болып, Қытай тілшісі биыл ШЫҰ-ға төрағалық міндетін Қазақстан қабылдап аларын еске салды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының – келешегінен көп нәтиже күттіретін, өте ықпалды ұйым екенін мәлім еткен президент Тоқаев ұйым құрылған кезден бастап оған Қытайдың зор қолдау көрсетіп жатқанын назарға алды.

"ШЫҰ өз қызметін 1996 жылы Шанхайда бастады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде ұйымның жұмысын бастау рәсіміне қатыстым.

Яғни, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне құрылған сәттен бастап атсалысқанымды мақтан тұтамын.


Әрине, Қазақстан ұйымның келешек төрағасы және осы ұйымға мүше елдер саммитін ұйымдастырушы мемлекет ретінде ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұған дейін айтқанымдай, бұл ұйым – әлемде өте танымал әрі ықпалды", - деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x