«Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тұжырымдамасы әзірленуде

Dalanews 25 сәу. 2023 05:41 346

«АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тұжырымдамасын енгізу көзделген. Осы орайда бүгін партия жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында «Ел болашағы – тәрбиелі ұрпақ» тақырыбы талқыланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жасөспірімдер арасында жаппай төбелес, суицид, зорлық-зомбылық әрекеттерінің белең алып тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, ұлт тамырына балта шабатын осындай әрекеттердің алдын алу үшін ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіретін тұжырымдаманы енгізу маңызды.

Бұл ретте партия Хатшысы Дәулет Кәрібек «AMANAT» бұл іске атсалысуға дайын екенін жеткізіп, ертеңгі ұрпақ оның жемісін көретініне сенім білдірді.

– Жаһан жұртшылығы өзінің ұлттық болмысын, төл тума табиғатын, дәстүрін қаймағын бұзбай сақтап қалу үшін жұмыс істеп жатыр. Ондай мемлекеттерде «Мықты ұлт отбасында қалыптасады» деген түсінік бар. Біз айтып жүрген Норвегия, Швеция, Жапония секілді әлемнің озық елдерінде ұлттық құндылықтарды нығайту жұмысы ең алдымен ұрпақ тәрбиесінен бастау алады. Өкінішке қарай, бізде осы мәселе кенжелеп қалуда. Осыны ескере келе «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» тұжырымдамасын енгізу көрініс тапты. Бұл тұжырымдама алдағы уақытта жан-жақты сараланып барып қабылданады деген ойдамын, – деді партия Хатшысы.

Жиында Кеңес мүшелерінің назарына соңғы үш айдағы статистика мен жақында орын алған резонанстық оқиғалардың бейне жазбасы ұсынылды. Бұл ретте әдеттегі «Кім кінәлі?» деген сұрақтың орынсыз екенін алға тартқан Кеңес мүшесі, «КАЗГЮУ Университеті» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова тәрбие мәселесі бойынша терең зерттеу нәтижесінде дайындалған елдік бағдарлама керек деп есептейді. Ол 80-90 жылдары жеткіншектер арасында бұзақылық, есірткі, ішімдікке салыну өршіген Исландияның жастар тәрбиесіне қатысты енгізген кешенді шараларын мысал етті.

– Исландияда ата-ана балаларымен мүмкіндігінше көбірек бірге уақыт өткізуі үшін олардың жұмыстан ертерек үйге қайтуына жағдай жасалған. Жеткіншектердің сағат 22:00-ден кейін далада, көпшілік орындарда жүруіне тыйым салынды. Бос уақытында мейлінше спорт, өнермен айналысуы үшін әр жасөспірімге жылына 500 доллар бөлінген. Рейкьявик қаласының мэрі «Кезінде чемпионатта Англияны жеңуіміздің басты себебі де осы реформа, –  дейді. – Бізге Исландия революциясын қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ осыған ұқсас оң нәтиже берген үздік үлгілерді зерттеп, өзіміздің ерекшелігімізді ескере отырып, жастар тәрбиесі бағдарламасын қабылдаған жөн деп санаймын, – деді ол.

Тәрбие мәселесінде халықаралық тәжірибеге арқа сүйей берудің қажеті жоқ екенін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова да атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзінің жеке даму траекториясын айқындап алуы тиіс. Еліміз ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тек өзіне ғана тән ішкі өзегін тауып, оны біліммен ұштастыруы керек.

Ал қоғам қайраткері Алдан Смайылдың айтуынша, жас ұрпақтың бойына ең алдымен ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ел тарихымен терең таныстыру маңызды.

– Туған тарихын жете таныған бала ғана оны басқалармен салыстыра алады. Өзінің елін терең танымаған адам кез келген сыртқы ықпалға жығыла салады. Сондықтан мектеп туризмін қалыптастырып, балаларды тарихи орындармен таныстырған жөн. Екінші назар аударатын мәселе, бүгінде біз екі тілді орта қалыптастырдық. Бұл екеуі бірін-бірі қабылдамайды, бір ұлттық идеяға келе алмайды. Бұл – трагедия! Менің ойымша, осы екеуін бір қазақи ортаға айналдыру керек, – деді Алдан Смайыл.

Өз кезегінде, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп еліміздегі жастар орталықтарының жұмыс сапасына назар аударды.

– Өкінішке қарай, өткен үш онжылдықта біз құндылықтар жүйесін қалыптастыра алған жоқпыз. Барша Қазақстан азаматына бағыт-бағдар сілтейтін, жас ұрпақтың санасында сақталатын жүйе жасай алмадық. Еліміздегі жастар орталықтары немен айналысады? Тәрбиенің өзегі сол жастармен жұмыс істеуде емес пе? Ұрпақ тәрбиесі солардың қолында болуы керек. Тәрбиеге қатысты қандай механизмдер бар? Міне, осыған қадағалау жасаған кезде ғана жұмыс нәтижелі болады. Ұлттық құндылықтарды әрдайым әлеуметтік желіде насихаттап отырған жөн, – деді сенатор.

Қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызының айтуынша, ұрпақ тәрбиесін ата-ананы тәрбиелеуден бастау керек.

«Ұлттық тәрбие – ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Жастар арасындағы ұлттық болмысымызға жат сайыстарды, бағдарламаларды тыйып, өз құндылықтарымызды насихаттайтын іс-шаралардың санын арттыру қажет. Төл мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді дәріптейтін пән немесе факультатив енгізу керек», - деді ол.

"Әнге әуес, күйге құмар болып өскен бала жамандыққа бармайды. Нағыз тәрбие – өнерде! Ұлттық тәрбиенің негізі – ұлттық мәдениет екені даусыз". Бұл – Астана қаласы филармониясының әншісі Светлана Айтбаеваның пікірі.

Ал ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ведомство әзірлеп жатқан тұжырымдаманың өзегі – ұлттық адами құндылықтар болатынына сендірді.

«Біз ұлттық құндылықтарды бойға сіңірген білімді, саналы азаматтарды тәрбиелеуді мақсат етіп отырмыз. Халқымыздың сан ғасырлық тәрбие тұғырнамасы да ескеріледі. Сонау Әл-Фарабиден бастап, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру ісінде өшпес із қалдырған Абай, Шәкәрім, Ыбырай сынды тұғырлы тұлғаларымыздың өсиетін басшылыққа аламыз. Бүгінде бұл құнды құжат Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының білікті мамандарының қатысуымен әзірленуде», - деді вице-министр.

Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай елімізде жастарды тәрбиелеу саласында шешімі табылмаған көптеген проблема бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, тәрбиенің мақсатын және басым бағытын айқындайтын нақты ұлттық идеологиялық бағдардың жеткіліксіздігі байқалады. Сондай-ақ, оқыту рөлінің жоғары бағаланып, тәрбие рөлінің толық бағаланбауы, әлеуметтік институт ретінде отбасының тәрбиелік рөлінің әлсіреуі, салауатты өмір салты дағдыларының толық қалыптаспауы сияқты т.б. қордаланған мәселелер бар. Сондықтан да «Miras» кеңесі Үкімет әзірлеп жатқан жастардың тәрбие жұмыстары тұжырымдамасына бүгінгі жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлерді жолдайды.

– Ұлы ұлттар ұлттық тәрбиені бірінші орынға қояды. Тәрбие мәселесі бәрімізге ортақ. Оны барлық құзырлы орган мен зиялы қауым өкілдері, қоғам болып бірлесіп шешуіміз керек. Сонымен қатар министрліктер арасында байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Бұл тек Оқу-ағарту не Мәдениет министрлігінің жұмысы емес, барлығымызға қатысты міндет. Ортақ жүйелі жұмысты қолға алу үшін бірлесіп бір шешімге келуіміз керек, – деп түйіндеді Кеңес төрағасы.

 

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Суретті түсірген Әли Ғалым

 

https://dalanews.kz/news/88620-ayes-mamandar-yekologiialyq-saraptama-zh

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x