Тоқаев реформасы? Жаңа Қазақстанға сенетін азаматтардың үлесі 70 пайыздан асты

Dalanews 24 ақп. 2023 13:46 258

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, қазақстандықтардың 71,7 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды.

Осылайша ауыл тұрғындары арасында 75,1% оң баға берсе, жастар арасында бұл нәтиже одан да жоғары – 78,4%.

Еліміздің қазіргі дамуына оң баға беру бойынша Қызылорда (81,8%), Солтүстік Қазақстан (79,0%), Абай (79,0%) және Батыс Қазақстан облыстары (78,0%) жоғары нәтиже көрсеткен.

Президент Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қариннің атап өткеніндей алдағы сайлаудың алғышарты 2022 жылдың наурыз айында, яғни, Президент өз Жолдауында саяси реформалардың жан-жақты бағдарламасын ұсынғанда қаланған.

Оның пікірінше бір жылға жетпейтін уақытта партиялар үшін шынайы бәсекелестік орта қалыптасқан, азаматтардың Парламент пен мәслихаттарға өзін-өзі ұсынуына жол ашылған.

Қарин мұны келесідей мысалдармен дәлелдейді.

1) Парламент сайлауына барлық жеті саяси партия қатысып жатыр. Оның екеуі партия туралы заңнамаға өзгерістер енгеннен кейін тіркелді.

Сондықтан партиялар арасындағы бәсекелестік бұл сайлау кампаниясының негізгі элементі болмақ.


2) Мәжіліс депутаты болуға партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы ұсынылды (орташа есеппен 1 мандатқа 9 үміткерден келеді)

"Сайлауға қоғам қайраткерлері мен азаматтық белсенділердің көптеп қатысып жатқаны (оның ішінде, әдетте билікті сынап жүрген азаматтар да бар) олардың жүргізіліп жатқан реформаларға сенімі мен қолдауын білдіреді.

Елімізде соңғы жылдары орын алған барлық өзгерістерді, барлық жаңашылдықтар мен реформаларды жұртшылықтың қызу қолдап отырғанын халық арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер де көрсетіп отыр", – дейді мемлекеттік кеңесші.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x