Мәжілісті таратып жіберген Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады

Dalanews 19 қаң. 2023 10:19 94

Президент Тоқаев Мәжілістің ескі құрамын таратып, кезектен тыс сайлауды биылғы жылдың 19 наурызына бекітті деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасаған Тоқаев:

"Күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың алғашқы жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін 6 айдан астам уақыт өтеді.

Осы күнге дейін сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес.


Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы –конституциялық реформаның жалғасы. Халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті", – деді.

Оның атап өткеніндей ендігіде Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады.

Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.

"Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады.

Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді.


Осының нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды", – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетелік, соңғы өзгерістерге сай партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайған.

Тоқаевтың айтуынша бұл– елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да өзгерістер енгізілген.

Атап айтқанда, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді.


Осы жайттарды тілге тиек еткен Тоқаев мұның бәрі саяси бәсекені күшейтетінін, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететінін айтты.

Сондай-ақ саясаттағы жаңа буынының қалыптасуына жол ашарына сенім білдірді.

"Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты.

Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі.

Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетеді деп сенемін. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына ықпалын тигізеді.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидаты толық іске асады.


Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз.

Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын", – деген пікір білдірді.

Осы тұста "Халық банкі" Тимур мен Динара Құлыбаеваға қомақты дивидент төледі. Мұны мына арадан біле аласыз: t.me/dalainside

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x