"Елорда" құрылыстағы дау: Кәсіпкер адал еңбекпен тапқан мүлкінен айырылу алдында тұр

Dalanews 30 желт. 2022 08:03 192

Жаңа Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдеріне ешқандай қысым жасалмауы керек. Кәсіпкерлікпен айналысқан адамдарға барлық мүмкіндік берілгені абзал.

Назарбаев дәуірінде адал еңбегімен ақша тапқан қаншама бизнес өкілдеріне қысым жасалып, күш көрсетілді? Керісінше, мемлекет қазынасын тонаған нән-нән ұры-қарылардың жолы ашық болды.

Бизнесте осы әділетсіздіктің тамыры кесілмей, шағын және орта бизнес дамымайды. Тіпті, шетел түгіл өзіміздегі ақшалы азаматтар мемлекеттің дамуы үшін инвестиция салмайды.

Мұны не үшін айтып отырмыз, әңгіме неден туды? Нақты мәселеге тоқталайық.

Dalanews.kz редакциясына Астана қаласының тұрғыны Динара Әділкәрімовадан (төменде суретте, ред) хат келді.

Хатпен толық танысып шыққаннан кейін, жас кәсіпкерге хабарласып, мәселенің мән-жайын өз аузынан жазып алуды жөн көрдік.



Әңгіменің толық мазмұнынан түсінгеніміз, кәсіпкер өз бизнесін жүргізу үшін сатып алған коммерциялық нысанды "Елорда құрылыс" компаниясы бермей отырған көрінеді.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл әңгіменің әлқиссасы осыдан 5-6 жыл бұрын, яғни 2016 жылы басталыпты.

Жас кәсіпкер Динара Әділкәрімова 2016 жылы ASI құрылыс компаниясынан инвестициялық келісімшарт негізінде көлемі 371,61, ал 2017 жылы 122,82 және 36,88 шаршы метр болатын үш бизнес нысанын сатып алады.

Бұл арадағы инвестициялық келісімшарт дегеніміз – сатып алған тарап нысанға қатысты сату, сатып алу құқықтарын толық өзіне алады деген сөз. Инвесторы – Динара Әділкәрімованың әкесі Уәлихан Ерғалиев (төменде суретте, ред.) , ол да көп жылдан бері кәсіпте жүрген белгілі азамат.



Динара Уәлиханқызы нысанды сатып алған кезде, құрылыс жұмыстары жарым-жартылай аяқталған. Бизнес нысанынан бөлек, олар әлгі «Жағалау» тұрғын-үй кешенінен тағы екі пәтер сатып алады. Оның біреуінің ақшасын толық төлеген.

Екіншісін бөліп төлеу туралы келісімшартпен алады. Одан кейін ASI инвестициялық құрылыс компаниясының директоры Сергей Котляровтың үстінен іс қозғалып, ол сотталып кетеді. Құрылыс жұмыстары аяқсыз қалады.

Не керек, Астана әкімдігі құрылысты аяқтау үшін тұрғын үйді «ЕЛОРДА» құрылыс компаниясына берген. 


Әңгіме сол жерден шыққан ғой.

«Елорда» құрылыс компаниясы сот арқылы тұрғын үй кешенінде кімдердің пәтері бар, кімдердің құжаты толық емес деген сұрақтарды анықтай бастайды. Сөйтіп, жәбірленуші тарап алдымен екі пәтерін алады.

«Елорда» құрылыс компаниясы бұл екі пәтерге қатысты келісімшарттардың бәрін қарап, пәтерлерді Әділкәрімоваға берген. Өйткені бәрі заңды.

Қиындық әлгі бизнеске арналған нысанға келгенде туындап отыр.

«Елорда» құрылыс компаниясы дәл осы жерде түсініксіз әрекетке барады. Уәлихан Ерғалиев айтуынша «келісімшартта арзан бағалапсыздар» деген әңгімелер айтып, нысанға өздері қызығушылық танытады.

"Қызыма (Динара Уәлиханқызына) әлгі 500 шаршы метрден астам нысанды бергілері келмей, әртүрлі сылтауға көшті. Олардың уәжі – коммерциялық нысан бағасының төмен көрсетілуінде ғана болып тұр. Бұл ілік қана.

Асылында, коммерциялық үй-жайдың жалпы құны шамамен 500 000 АҚШ доллары. Сатушы Қаштаевтың өтініші бойынша цессия шартында коммерциялық үй-жайдың нарықтық құнынан төмен сома көрсетілген. «Елорда» құрылыстың «ұстап» отырғаны осы жер", – дейді ол.

«Елорда» құрылыс компаниясы өкілдерімен келіссөздерден кейін инвестор Уәлихан Ерғалиев тағы қосымша 16 млн 617 мың теңге төлеуге міндеттеледі, ол оған да дайын болады. Іс сотқа жетеді.

Ал Астана қаласының Есіл аудандық соты биыл 26 мамырдағы ұйғарымымен коммерциялық нысанды басқаға беру туралы келісімшарттарды жарамсыз деп таныған.

Кәсіпкер қыз бен «Елорда» құрылыс компаниясы арасында биыл 19 сәуірде бітімгершілік келісімі, 17 мамырда дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасалған.


Бірақ сот талқылауы кезінде «Шығыс ЖАБ Отау құрылыс» тұрғын үй кооперативінің өкілі екі арада жасалған медиациялық келісімнің арыздарына Әділкәрімоваға қарсылық білдіреді. Қысқасы, сот аталған медиациялық келісімді бекітпей қойған.

Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2022 жылғы 26 мамырдағы басқарма келісімдерін жарамсыз деп тану туралы шешімінен кейін, «Елорда» құрылыс компаниясы өкілдерінің өздері Динара Уәлиханқызына коммерциялық нысандарды сатқан А.Қаштаевтың үстінен сотқа шағымдануды және сотқа бергеннен кейін талап қоюды ұсынады.

Атқару парағын сот орындаушыларына, өндіріп алушыны ауыстыруға, яғни олардың ұсынысы бойынша өндіріп алушы ретінде Д.Әділкәрімова 16 617 125 теңге төлеуге мәжбүр болады.

Жәбірленушілердің қолында дәлелдерді растайтын WhatsApp мессенджерінде өкілдермен сөйлескен хаттар сақталған.

"Қысқасы, бас директордың орынбасары Н.Алшымбаевтың (төменде суретте, ред.) атынан «Елорда» құрылыс компаниясының өкілдері бізді жарты жыл бойы әуре-сарсаңға салып, соңында «Сіздерге ештеңе уәде еткен жоқпыз» деп бастарын алып қашып отыр", – дейді Уәлихан Ерғалиев.



Осы әділетсіздіктермен күресіп жүрген кәсіпкер қыздың инвесторы – әкесі Уәлихан Ерғалиев 30 жылдан астам уақыт кәсіпкерлікпен айналысады. ШҚО-ның Тарбағатай ауданына қарасты Қараой ауылында өз ақшасымен мешіт, мектеп салған меценат.

Тұрмысы төмен отбасыларға, жарлы-жақыбай, жетім-жесірлерге үнемі демеушілік көрсетіп келе жатқан азамат. Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

Міне, адал еңбегімен мал тауып, халыққа көмектесіп, мемлекет дамуына үлес қосып отырған осындай кәсіпкерлер Жаңа Қазақстаннан көмек сұрайды.

Кәсіпкер де, оның инвесторы да табан ет, маңдай термен, адал еңбекпен тапқан ақшаларының әділетсіз сот шешімімен күйіп бара жатқанына ашынады.


Өскеменнен Арқа төріне көшіп, Астанаға барып бас қаланың дамуына үлес қосамыз деп қарызданып, несиеге кіріп, коммерциялық нысанды сатып алған қызы мен әкесі ай сайын несие жауып, қарыз қайтарудан қажығандарын айтады.

Бірақ адал ақша жолында қандай кедергі болса да, аянып қалмақ емес. Жаңа Қазақстанда ондай әділетсіздіктің болмайтынына сенеді.

Жарас ШӨКЕ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x