Ел тарихында алғаш рет: Шымкенттік оқушылар роботты техника байқауында жүлде алды

Dalanews 21 қар. 2022 10:26 396

Соңғы жылдары қазақ балалары халықаралық білім сайыстарында топ жарып жүр. Жақында шымкенттік екі оқушы еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін тасытты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан желідегі парақшасында егжей-тегжейлі жазып, қазақ елінен сүйінші сұрады.

Германияның Дортмунд қаласында өткен жарыста Шымкент қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №26 мемлекеттік мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш кезекті рет өте жоғары деңгей көрсетіп, алғаш рет робототехникадан әлем олимпиадасында 2-орынға ие болды.

Айта кету керек, World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан балалары бұл олимпиадаға 2014 жылдан бері қатысып жүр.

"Биыл алғаш рет оқушыларымыз жүлделі екінші орынды иеленді.

Бұл олимпиаданы жеңбек түгілі қатысу үшін жолдама алудың өзі оңай емес. Дүниежүзінен 15 мыңнан аса команда қатысып, 73 елден тек қана 365 команда жолдама алған.


Германияда өткен сайыстың финалына Шымкенттің Жамбыл Жабаев атындағы №26 мектебі мен №9 IT-лицеядің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш шығып, екінші орын алды.

Бұл - еліміздің білім жүйесіндегі үлкен жетістік. Қазір білім саласында жүріп жатқан реформалар, мұғалімдер мәртебесі, білім саласына келіп жатқан инвестиция жетістіктерге жетелейтіні хақ", – деді Шыңғыс Мұқан.

Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкент қаласының мектептеріне арнайы кабинеттер көптеп алынып жатыр.

Қазіргі таңда қаладағы 127 мектепте робототехника кабинеті бар. Оқушылар бос уақытында робот құрастырумен айналысады.

Шыңғыс Мұқанның пайымдауынша роботты техниканың болашағы зор.

"Бостонда екі жыл тұрғанымда роботтарды итше жүгіртіп қойған Boston Dynamics-тің жұмыстарын көріп, болашақтың кілті кім робот құрастыра алады соның қолында екен деген ой келген. Сонымен бірге CRISPR генді түзеу биотехнологиясының қалай дамып жатқанын көріп отырсаң, білімді жұрттың ғана келешегі кемел болатыны кәміл", – дейді ол.

Автордың атап өткеніндей Шымкент қаласындағы мектептердің бастауыш сыныптарында осыдан үш жыл бұрын шахмат сыныптары ашылған. Аптасына бір рет 1-4 сынып оқушылары міндетті түрде шахмат сабағына қатысады. Бұл өз кезегінде басқа да пәндерді игеруге септігін тигізуде.

"Алдағы уақытта мықты шахматшылар Шымкенттен шығып жатса таңғалмаңыз. Жалпы Қазақстандағы әрбір бесінші оқушы қазақы оңтүстік өңірдің мектептерінде оқиды. Демек ел экономикасын көтеру үшін алдымен оңтүстіктің білім жүйесін көтеру керек деп ойлаймын және солай болып та жатыр"


дейді Шыңғыс Мұқан.

Әлбетте, бұл жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Оларды бұған тәлімгерлері мен ата-анасының үлкен сенімі жетеледі.  Дарынды балалардың білімге деген құштарлығы, ерік-жігері, ынта-талабы әлемдік аренадағы жетістікке әкелді.

Шымкенттік оқушылардың табысын Оқу-ағарту министрі де айрықша атап өтіп, мұны еліміздің білім жүйесіндегі үлкен жетістікке балады.

"Қазір білім саласында жүріп жатқан реформалар, мұғалімдер мәртебесі, білім саласына келіп жатқан инвестиция жетістіктерге жетелейтіні хақ. Балаларға биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспін!», – деді Аймағамбетов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x