Тоқаев Павлодардың транзиттік әлеуетіне тұсау салған "ескі көпір" жырына нүкте қойды

Dalanews 05 қаз. 2022 10:41 248

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Павлодар облысына келіп, жұртшылықпен жүздесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент Павлодар халқымен кездесуде өңірлерде аралауға бекінгенде стратегиялық маңызды міндеттерді айқындап алғанын алға тартты.

– Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым. Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым.

Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте мағыналы сапарлар болып жатыр, – деп ойын Мемлекет басшысы ойын ортаға салды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы қолға алынған саяси реформалар жайындағы оймен бөлісті.

– Шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі. Мен тың өзгерістерге тілектес болып жатқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтқым келеді. Біз бір ел болып жұмыла білсек, көздеген мақсатқа жетеміз.

Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі, – деді. Халықпен жүздесуде Мемлекет басшысы ел өміріндегі Павлодар облысының орыны жайындағы ойын былайша сабақтады.

– Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі.


Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді.

Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр, – деп көкейде жүрген ойын ортаға салды.

Президент Павлодарға жасаған сапарында облыстың транзиттік мүмкіндігін шектеп отырған мәселеге де баса назар аударды. Бұл ескі көпірдің жылы. Ертіс өзініндегі ескі көпір көлік-логистикасын шектеп отырғаны белгілі. Президент апатты жағдайда тұрған көпірдің реттеуді Үкіметке тапсырды.

– Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды. Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет, – деді Мемлекет басшысы.


Сонымен қатар Президент Ертіс өзенінің суын тұрғындардың тиімді пайдалану мәселесіне де назар аударды.

– Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызы бар. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырамын. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды. Судың тапшылығы экономиканы дамытуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Ертістің суын тиімді, үнемді пайдалануға айрықша мән берілуі керек, – деп көпшілікті су көзін тиімді пайдалануға шақырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x