Қаңтар оқиғасында елден кетуге кеңес берілді. Соңына дейін күресуге бел байладым – Тоқаев

Dalanews 15 мау. 2022 07:24 251

Қаңтар оқиғасын кезінде президент Тоқаев астанадағы резиденциясында болған. Мемлекет басшысы елден кету туралы ұсынысты қабыл алмай, соңында дейін қалуды дұрыс деп ұйғарған.

Президент бұл туралы "Ресей 24" арнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Кез-келген төңкерістің түпкі мақсаты – билікті ауыстыру. Соның нәтижесінде билікке басқа адамдардың келетіні айдай ақиқат. Өзіме келер болсақ, сол бір аумалы-төкпелі күндері (Қаңтар оқиғасы, ред.) осында, президент резиденциясының ғимаратында болдым, ешқайда кеткен жоқпын. Осында түнеп шықтым", – деді Тоқаев "Россия 24" телеарнасы тілшісі Андрей Кондрашовке берген сұхбатында.

Президенттің атап өткеніндей, тәртіпсіздік басталғаннан тұста, түрлі тараптардың үгіттеуіне қарамай, ел астанасынан кетпейтінін ашып айтқан.

"Кейбір "жолдастар" тікұшаққа немесе ұшаққа отырып, Қазақстаннан кетуді ұсынды. Әлбетте, бұл менің жоспарымда болмады және соңына дейін осында болуым керек деп шештім", – деп түсіндірді мемлекет басшысы.

Қантөгістен кейін екі айдан соң "халыққа жолдауында" Тоқаев Қаңтар оқиғасын өзін қызметтен кетірмек болған кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер, әскери және арнаулы мемлекеттік қызметтердің басшылары ұйымдастырған деп мәлімдеп, оларды "отанына опасыздық жасағандар" деп атады.

Тоқаев ешкімнің аты-жөнін атамады, алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары қаңтардан бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

...

Бұған дейін журналист Махамбет Әбжан ықпалды шенеуніктің сөзіне сілтеп, Ақордада болған бір уақиғаны баяндаған болатын.

Қаңтар оқиғасы кезінде ықпалды шенділердің бірі президентті Ақорданы тастап, елден кетуге үгіттеген. Ол Тоқаевтың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын хабарлаған. Алайда президент бұл ұсыныстан үзілді--кесілді бас тартқан.

"Ешқайда кетпеймін. Осында қаламын. Өлтірсе, осында өлтірсін...", – деген Тоқаев өз резиденциясында қалуды ұйғарған.

Шенеунік бұл сөздерді Тоқаевтың қазақ тілінде айтқанын жеткізген.


Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам қаза тапқан. Оқиғадан кейін полиция мен тергеу органдары қамауында сегіз адам көз жұмған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x