Сіз кімсіз, мистер Кальман? ҚТЖ басшылығы "Мәминнің адамын" жұмыстан қуды

Dalanews 03 мау. 2022 08:05 147

Кеше «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап, бірнеше ақпарат көздері ҚТЖ жалғыз акционерінің 27 мамырдағы шешімімен директорлар кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілгенін хабарлады. 

Ресми ақпаратта «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесі төрағасының, тәуелсіз директоры Кальман Шомодидің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директор Юрий Лавриненко болып сайланғаны және ҚТЖ Директорлар кеңесі 9 адамнан тұратыны, олардың аты-жөні көрсетілген жалпы тізім аталды.

Алайда Шомоди мырзаның кім екені, бұл компанияда не қызмет көрсетіп, қандай пайдасы тигені туралы ләм-мим ешқандай ақпарат жоқ. Тек ресми факті мен лауазым иелерінің тізімі. Сіз бен бізге, яғни «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жалғыз акционерінің салық төлеушілеріне тиесілі ақпарат осы ғана.



Жақсы, біздің дамушы мемлекетіміздің жаңа тарихында шетелдік мамандарды шақыру қалыптасқан жағдай. Мемлекеттік құрылымдарға тәуелсіз директорлар мен басқарушы-кеңесшілерді тарту дәстүрге айналған тәжірибе.

Мұның әртүрлі мақсаттары бар: біріншіден, тиімді халықаралық тәжірибе, менеджмент пен басқару тұрғысынан шетелдік мамандарды пайдалану арқылы менеджерлік жұмыс тәжірибесін реформалау.

Екінші себеп, ұлттық компаниялар бір кездері халықаралық нарықтарға шығып, белгілі бір биржаларда листинг жүргізуге мүдделі, әрине, олардың басқаруында беделді, ықпалды шетелдік маманның болуы компанияның инвесторлар алдындағы рейтингтеріне әсер ете алады.

...

Бірақ тиімділік тұрғысынан, бұл азаматтар елімізге тигізген пайдасы мен біздің мүддемізге атқарған қызметтеріне сұрақ көп. Кезінде біз кімді шақырып ақылын тыңдамадық?! Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің де кеңесін жылына $6,3 млн сатып алып тыңдадық, Кальман Шомоди оның жанында кім еді дейсіз ғой?!

1959 жылы туған венгриялық азамат. 1983-1989 жылдары аралығында жүк тасымалына қатысты әртүрлі лауазымдарды атқарған.

Шомоди мырзаның мансабы көбіне Темір жол ынтымақтастығы ұйымымен  байланысты.


Ұзақ жылдар бойы темір жол ынтымақтастығы ұйымы (ТЖЫҰ, Варшава) комитетінде хатшы қызметінде болған.

1989 жылдан бастап 1992 жылға дейінгі кезеңде төрағаның орынбасары, сонымен бір мезгілде көлік құқығы жөніндегі комиссияның төрағасы болып жұмыс істеген. 1993 жылдан бастап 1999 жылға дейінгі кезеңде – көлік саясаты жөніндегі комиссияның төрағасы, 2002 жылдан бергі кезеңде 2008 жылға дейін ТЖЫҰ  атқарушы хатшысы қызметін атқарған.

Сонымен қатар, 2006 жылдан 2012 жылға дейін тәуелсіз директор ретінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің аудит жөніндегі комитетінің төрағасы, сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің кадрлар және сыйақылар жөніндегі комитетінің мүшесі болады.

2011 жылдың 1 маусымынан бастап ТЖЫҰ атқарушы хатшысы болып та жұмыс істейді. Алғаш рет «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына 2006 жылғы 20 маусымда сайлаған, ал 2009 жылғы 21 маусымда үш жыл мерзімге қайта сайланып, 2014 жылғы 1 тамызда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің құрамына тағы да қайта сайланған.

Ал 2021 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2021 жылғы 7 қазандағы шешімімен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесіне тәуелсіз директор және төраға болып қайта сайланады.

Бұл оқиғаларға байланысты Шомоди мырзасыз ҚТЖ-ның таңы атып, күні батпайтындай көрініп тұрса, сіз қателеспейсіз-ау. Алайда Қазақстандағы Бермуд үшбұрышы секілді құпия мен сырға толы компанияның бұл сырын Шомоди кеңес беріп жүрген уақыттардағы компанияның жалғыз акционері болмаса да, жалғыз тарихи иесі бола алған Мамин мырза ғана білетін секілді.



Себебі іштегі терең лоббисіз мұндай мансапты біздің Қазақстан тарихында Мәжіліс депутаты Мәди Елубаев қана жасаған.

Директорлар кеңесіп соншалықты не істейді, ҚТЖ Кальман Шомодиге кенеше жабысардай керегі қанша болды деп ойлап отырсаңыз?! Тарқатып көрейік.

...

Директорлар кеңесі стратегиялық мақсаттарды, дамудың басым бағыттарын айқындайды және компания қызметінің ұзақ мерзімді перспективаға арналған негізгі бағдарларын белгілейді, қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін қажетті қаржылық және адами ресурстарды қамтамасыз етеді. Директорлар кеңесі «ҚТЖ» ҰК» АҚ атқарушы органының қызметін бақылауды жүзеге асырады делінген ресми ақпарат көзінде.

2021 жылы  «ҚТЖ» ҰК» АҚ Директорлар кеңесі 13 бетпе-бет және 4 сырттай (онлайн) отырыс өткізіп, онда 190 мәселе қаралған. Соның ішінде ірі келісімдер бойынша 25 келісімшарттың тағдыры шешілген.

Жақсы, осы жерде Темір жол ынтымақтастығы ұйымының қызметі мен кей жұмыс бағыттарына тоқталып кетсек.



Ең бірінші басты бағыт халықаралық темір жол тасымалдарын, ең алдымен, құрамдастырылған тасымалдарды қоса алғанда, Еуропа мен Азия арасындағы қатынаста дамыту және жетілдіру.

Сіз бен біз әдетте теміржол дегенде көз алдымызға бірден саудыраған вагондар мен сабылған адамдарды елестетеміз. Алайда теміржол адам тасымалынан басқа жүк тасымалының да бірден-бір қайнар көзі.

Біздің еліміздің трансшекаралық, логистикалық потенциалын географиядан-ақ көруге болады. Әлемдегі ең ірі тауар нарығы Қытай мен Еуропа арасындағы басты көпір – Қазақстан.

Ал енді осы екі арадағы тарифтік, құқықтық, экономикалық нормалар мен келісімдердің бастау алатын жері осы Темір жол ынтымақтастығы ұйымы болып табылады.

Иә, дұрыс түсініп келе жатырсыз, бізге немесе біреуге Шомоди мырза әу бастан керек еді. Себебі мұндай үлкен бизнесте үлкен мүдделер болады. Ал ұтымды мүддеге ұтымды лобби керек.

Қазір енді бұл мүдделер қақтығысы мен келісімінде біздің кейіпкеріміз секілді ойыншылар керек болмай қалды ма деп ойлап отырсаңыз. Бұл жерде «Жаңа Қазақстандағы» ҚТЖ-ның жаңа ойыншылары мен жаңа тарихы басталып жатыр деп қана түсінуге болатын секілді.

Себебі жыл басында Президент Қ.Ж. Тоқаевтың өзі салалық монополияға қатысты қатаң сын айтып, кейін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының еншілес ұйымы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» кәсіпорнына қатысты тергеу жұмыстары басталған болатын.

Жүк тасымалының 95% иелік етіп отырған компанияға қатысты, монополист бірдей келісімдерге әртүрлі шарттар қойған деп айып тағылды. Коррупциялық батпаққа батқан Қазақстан темір жолының тағдыры алдағы нақ осы директорлар кеңесінде шешілуі әбден мүмкін.

Осы айдың 16 мен 17-не жоспарланған кеңес жиынының алдында Шомоди секілді ойыншыдан алдын ала құтылу ҚТЖ төрағасы Сауранбаев жоспарының бір белгісі болар.


Жақында ғана Ресей мен екі арадағы жүк тасымалының төмендегенін сылтауратқан Сауранбаев мырза мемлекеттік бюджеттен тағы да 90 млрд теңге қаржы сұраған болатын.

Мемлекеттен қомақты қаржылар алып отырса да, несиелік қарыздарға белшесінен батқан ҚТЖ жүйесіндегі маминдік, құлыбаевтық қалдықтық мәселелерден тазаруды көздеп отырған жаңа басшы, бәрібір халықаралық немесе ішкі екінші деңгейлі банктерден тағы да қарыз алып қана құтылатын секілді.

Бұл өз кезегінде директорлар болып жиналып отырған кеңес пен басқарушы менеджердің кәсібилігіне бірден-бір сын.

Ал бұл сыннан шығудың жолы ретіндегі бәсті Сауранбаев мырза бастаған топ экс-депутат  Лавриненко Юрий мырзаға қойған секілді.



Темір жол саласының бүгі мен шігін ішінен де, сыртынан да білетін Лавриненко мырза ең бірінші жүк тасымалы саласындағы проблемаларды шешуге күш салатындай көрініп  тұр. Сіз де ойланып қалдыңыз ба?!

Сонда шетелде оқыған, шетелден келген топ-менеджерлердің керегі қанша деп?! Иә, Қазақстан жаңарғысы келгенмен, жүйе әлі де ескі екенін ұмытпаңыз.

Ал Кальман Шомодидің шешкен шаруаларынан қанша пайда тапқаны мен берген кеңестері үшін алған ақысы құпия болып қала береді. Себебі сіз бен бізге билет бағасы қымбаттамаса болғаны...

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x