Кеосаян? Иттердің артында қожайындары бар – саясаттанушы  

Dalanews 16 мам. 2022 16:50 192

Мәскеуге сапарлап барған Қазақстан президентін не күтіп тұр? Путин мен Тоқаевтың арасындағы ашық әңгімеде нендей мәселе сөз болады? Украинадан ұтылып жатқан Ресей одақтастарын агрессияға итермелеуі мүмкін бе? Қазақстанға қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдың артында кім тұр?

Dalanews.kz тілшісі мұны саясаттанушы Дос Көшімнен сұрап білді.

 -Қ.Тоқаевтың бұл жолғы Мәскеуге жасаған сапарының саяси салмағы қандай болмақ?

Дос Көшім: Өте күрделі де аса ауыр сапар болғалы тұр. Ресейдің әскери одақтастары Украинадағы соғыс мәселесінде орыстарға қарсы көзқарас білдірмегенмен, қасынан табылған жоқ. (Белорустардан басқалары). Енді ашық әңгіме болатын сияқты.

Тоқаев бұған дайын ба? Оның әлемдік деңгейде қолдау алып отырған Украинаны қаралуға, немесе Ресейдің саясатын қолдауға батылы бара ма? Әлде тағы да екі қайықтың құйрығын ұстау саясатын жалғастырады ма?


Мойындауымыз керек, біздің билік үшін "бейтарап қаламыз" деген ұстанымнан басқа жол жоқ. Бірақ оған Путин көнеді ме екен... Өз басым, Путин ОДКБ әскерлерін өздерінің агрессиясына қатысуға шақырмайды деп ойлаймын. Бірақ саяси қолдаудың басқа түрлерін талап етуі ғажап емес.

 

-Бұған дейін Кремльдің Украин мәселесінде ОДКБ әскерін пайдалануы мүмкін деген сыбыс шыққан еді. Мәскеу бірауызды болуға мәжбүрлейтін тетіктерді пайдалануы мүмкін бе?

Дос Көшім: Меніңше, Ресейдің ОДКБ әскерлерін "көмекке" шақыруы - өздеріне де тиімсіз.

Біріншіден, бұл - Ресейдің әлсіздігін көрсетеді, екіншіден, мұндай жағдайда батыс елдері де қарап жатпайды деп ойлаймын.

Бұл агрессияға басқа елдердің қосылуы, араласуы - үшінші дүниежүзілік соғысқа алып келуі мүмкін. Бұған Ресей дайын емес.

-Соңғы уақытта бізге бағытталған ақпараттық шабуыл үдеп кетті. Бұл ненің белгісі?

Дос Көшім: Қасқырдың ұлығаны - жеймін дегені... Бұл - агрессияның алдындағы ақпараттық соғыс, дайындық. Егер бұл мәселеге дер кезінде тосқауыл қоймаса, біріншіден, мемлекет өзінің әлсіздігін көрсетеді, екіншіден, басынан сөз асырған халық басылып та қалады. Әрине, "ит үреді, керуен көшеді" деп қоя салуға болады, бірақ иттердің артында қожайындары бар ғой.

Әңгімелескен, Жарас Кемелжан




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x