Back

Тоқаев Мәсімовтен айласын асырды. “Мұрттының” жоспары жүзеге аспады – сарапшы

Жемқорлыққа қарсы агенттік Мәсімовтің ҰҚК-ға бөлінген қыруар қаражатты қайда жұмсағанын анықтауы қажет. Бұл туралы саясаттанушы Данияр Әшімбаев мәлімдеді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сарапшының дерегінше комитетке бөлінген қаржы соңғы 6-7 жыл бойына үздіксіз өсіп келген.

Атап айтқанда:

2015 жылы ҰҚК бюджеті 163 млрд теңгені құраған (оның ішінде «Сырбар» барлау қызметіне бөлінген қосымша қаржы – 8,7 млрд).

 2016 жыл – 162,3 (+11) млрд.

2017 жыл – 203,3 (+11,5) млрд.

2018 жыл – 281,6 (+10) млрд.

2019 жыл – 303,3 млрд.

2020 жыл – 423,6 млрд.

2021 жыл – 352,6 млрд.

2022 жыл – 345,5 млрд.

«Мәсімов мұншама ақшаны қайда жұмсауы мүмкін? Мұндай бюджетті қалай және қандай жолмен игерді? Бұған жауапты органдар Мәсімовтың тұсындағы мыңғырған миллиардтардың қайда бағытталғанын мұқият тексеруі қажет», – дейді Әшімбаев.

Түнеукүнгі толқудан кейін ҰҚК-ның атын ауыстыру туралы мәселе көтерілген. Елдің сеніміне селкеу түсірген комитетті толық тазартып, мемлекет мүддесін ойлайтын мамандармен толықтыру керегі жиі айтылып жүр.

Әшімбаевтың пікірінше комитеттің атауын ауыстыру Ата заңның деңгейінде шешілетін мәселе. Органның атын ауыстыруға асықпай кірісуге болады, одан бұрын комитеттегі қордаланған проблемаларды қайта қопару қажет.

Комитетке қарасты құрылымдардың іс-әрекетіне әлі күнге дейін тиісті баға берілмеген.

Мәселен ҰҚК-ның оң қолы саналатын «Сырбар» барлау қызметінің дайындық деңгейі қандай? Сыртқы және ішкі қатердің алдын-алуда қаншалықты қырағылық танытып отыр? Мәсімовтың тұсында «өзім білемге» салып, ешкімге есеп бермеген құрылым біраз былықты бүгіп жатқаны анық.

Сөй деген Әшімбаев ҰҚК-дағы олқылықтарды жіпке тізіпті.

«Комитет коррупциямен күресте қауқарсыздық танытты. Есірткімен күресте де ештеңе тындырған жоқ. ҰҚК-ны реформалау ескі биліктің тұсында да аз айтылмады. Алайда атүсті жасалған реформадан не қайыр, не үміт? ҰҚК-ның жұмыс істеу стилі қауіпсіздікді қамтамасыз ететін дәрежеде емес еді…», – дейді саясаттанушы.

Оның пайымдауынша комитетке едел-жедел аудит жүргізу қажет. Өткен отыз жылда не тындырып, не бүлдірді? «Төңкеріс ұйымдастыруға талпынғаны» болмаса, елдің есінде қаларлық “ерлігі” жоқ» деп санайды Әшімбаев.   

Сарапшы Жаңа Қазақстанның жетекшілеріне күштік құрылымдардың басшыларын тағайындауда ескі көзқарастан арылуды ұсынып отыр.

Нақтырақ айтқанда, полиция, ҰҚК, Қарулы күштер басшылығына азаматтық қоғамның өкілдерін тағайындаудан тартынбай, тәуекелге бару қажет. Бұл өзін-өзін ақтайтын іс, халықтың арасынан шыққан белсенділер саланың өне-бойына қан жүгіртуге тырысады, халықтың пікірін есепке алады.

Десе де, таяқтың екі ұшы бар. Әскери тәлім-тәрбие алған кадрлардың қарым-қабілеті төмендетпеу, керек жерде кәдеге асыру керек. Бар мәселе, екі тараптың тәжірибесін түйістіруге тіреліп тұр.

«Мәсімов? ҰҚК мен әскерді саланың ой-шұңқырын біле білмейтін азаматтарға басқартып, опық жедік. Олар погонның қадірін білмейді, погонмен ілесе келетін әскери пайым-парасатты бойына сіңірген жоқ. 

Мәсімовтың тұсында комитет мемлекеттің бақылауынан шығып кетті. Саяси контрольдың әлсіреуі «мұрттының» күш алуына ықпал етті.

Мәсімов және Ко осы жылдар ішінде салалық министрліктен бастап Қауіпсіздік кеңесіне дейінгі аралықта өз адамдарын қойып шықты», – дейді Әшімбаев.

Атап айтқанда:

  • Қауіпсіздік кеңесі;
  • Президент аппараты;
  • Ішкі істер министрлігі;
  • Кеден саласы;
  • Мәжіліс;
  • Ақпарат министрлігі;
  • Қорғаныс министрлігі;
  • Мусин басқаратын Цифрлық даму министрлігінен бастап

«Самұрық-Қазына» қорына дейін Мәсімовке «адалдық антын» берген адамдар отырған.

ҰҚК-ның экс-төрағасы билікті монополиялауды мақсат тұтқан. Аталған салалардан бөлек басқа да құрылымдарға тұмсық тыққан. Тоқаевқа мұрын шүйіріп, мемлекеттің мүддесіне керағар жүрген.

Әшімбаевтың айтуынша, Жаңа Қазақстанның жетекшілері күштік құрылымдардың жұмысын ұдайы електен өткізіп отыруы шарт, қазіргідей қателікті қайталамау үшін потенциалды Мәсімовтердің амбициясын «бесігінде тұншықтыруға» тиіс. 

«Мәсімов ҰҚК-ға қулық-сұмдығын сайлап келді. Оның кезінде жүзеге асқан реформа үй үшінен үй тігудің көрінісі еді. Комитеттің өз ішінен құрылған Антитеррор, Қарсы барлау және Экономикалық қауіпсіздік қызметі Мәсімовтен өзге басшыларға бағынған жоқ. Бұған дейін ҰҚК-дан тарайтын түрлі құрылымдардың қызмет комитет басшының орынбасарлары қадағалайтын еді. Мәсімовтың тұсында пайда болған жаңа құрылымдар жабық саясатты ұстанды, мемлекет олардың не тындырып жүргенін бейхабар еді» – дейді сарапшы.

Әшімбаевтың пікірінше соңғы жылдары Мәсімов комитеттің күллі ресурсын ішкі саяси конфликтерді қоздыру үшін пайдаланған. Дұтбаев, Майлыбаев, Сыроежкин секілді тұлғалардың не үшін, қандай себеппен құрықталғаны әлі күнге түсініксіз. «Құпия» белгісі бас істердің астарына ешкім үңілген емес.

Әшімбаев сонымен қатар «Жусан» қаржылық холдингінің құрылуын да сынға алыпты. «Қаңтар дүрбелеңінен кейін Сириядағы «адасқан» ағайынды елге қайтару операциясы қаншалықты қисынды болды деген заңды сауал туындайды» дейді ол.

Сарапшы Мәсімовтың үлкен саясаттағы орны осыдан үш жыл бұрын шатқаяқтай бастағанын айтады. Отыз жыл ел басқарған Назарбаев орынтақты Тоқаевқа тапсырған тұста-ақ Мәсімовтың саяси карьерында сызат пайда болған. Себебі, Президент пен ҰҚК өкілінің бір-бірін жақтыра бермейтіні сырт көзге сезіліп тұратын.

«Тоқаевтың тасасында қалғысы келмеген, әрі президенттің ықыласына бөленбесін түсінген Мәсімов жеке жоспар құруға кірісті. Ол өзін Назарбаевтың ізбасары санады. Экс-президенттің таңдауы Тоқаевқа түскеніне таңғалды.

Мәсімов сауысқаннан сақ адам. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» үйренген кәнігі саясаткер. Назарбаевтың орнын басарына сенімді болған болса, демек оған елдің өз ішіндегі ықпалды топтар мен сырт күштер қолдау көрсеткен деген сөз.

Мәсімовтың жағрафиясы Қазақстанмен шектелмесін ескертсек, оған дем берген сырт күштердің аты-жөні де біздің билікке жақсы белгілі болуы керек», – дейді Әшімбаев.

Десе де, Мәсімовтің амбициясына сенбейтін, оны әулеттің қолбаласына балайтын аудиторияның қарасы көп.

Сарапшының айтуынша ҰҚК-ның экс-төрағасы «билікті басып алу» жоспарын жылдар бойы пісіп-жетілдіріп келген.

Мәсімовты толық тану үшін оның өз қолымен жазылған “Следующий властелин мира” туындысын сүзіп шығу қажет. Дәл осы кітапта Мәсімовтың портреті барынша ашылған әрі болашақ «жоспарымен» де шым-шымдап бөліскен екен.

«Қалай болған да оған қатысты біраз мәлімет «құпия» күйінде қалары анық. Билік бұл тараптағы ақпаратты там-тұмдап жеткізетін болады. Анығы, төңкеріс іске аспады. Жоспар жол ортада бүлінді. Тоқаев Мәсімовтен айласын асырды. Мемлекет басшысы Мәсімов күткен әрекетке бармады, ел басына күн туған шақта Тоқаев мүлде бөлек мінез көрсетті.

Мәсімов пен оның маңайы оңбай опық жеді. «Мұрттының» амбициясы зор болғанымен, қарым-қабілеті ақсап жатты. Ол жүзеге асырған ешбір реформа жемісін бермеді. Төңкеріс жасаймын деп тоңқалаң асқаны да содан…», – дейді саясаттанушы.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ