Тоқаевтың билікке келерін дәл болжаған сарапшы алдағы өзгеріс жайлы айтты

Dalanews 14 ақп. 2022 08:00 744

Осыдан оншақты жыл бұрын ел-жұртқа есім-сойы белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам «Қазақ драмасы» атты еңбегінде және мақалаларында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мұрагер деп атап, оның тұсындағы Қазақстан дамыған мемлекетке айналады деген тұжырым жасаған екен.

Сейдахмет Құттықадамның сол кездегі 8 түрлі болжамы бүгінде шынға айнала бастағанын көзіміз көруде. Билік транзиті нүктеленіп, елдің саяси аренасында ауыс-түйістер жалғасып жатыр. Әрі қарай не болмақ? Сейдахмет мырза сол кездегі экс-президент Назарбаев пен оның «мұрагері» Тоқаевқа туралы айтқан пікірлерінен айныған жоқ па?

Dalanews.kz сарапшымен сұхбат құрған еді.

...

Неге Тоқаев? Неге басқа емес?


Dalanews: Аға, әңгімемізді әрине, «Қазақ драмасынан» бастаймыз. Елде ресми билік транзиті туралы ешкім айтпаған уақта, сіз Тоқаевтың тақты иеленетінін жаздыңыз...

– Бұл туралы осыдан 10-15 жыл бұрын алғаш болып айтқанмын. Кейін қазіргі президент хатшысы Берік Уәлидің 31 арнадағы бағдарламасында (11 жыл бұрын): «Біздің қоғамдағы, саяси элита ішіндегі мұрагерлікке ең қолайлысы - Тоқаев», - деп айтқан едім.

«Қазақ драмасы» кітабын оқысаңыз, мен көп нәрсені болжап айтқанмын. Неге Тоқаев? Неге басқа емес? Сол еңбегімде бәрін түсіндіріп жаздым. Менің ойымша, солай болғаны да дұрыс болды.

Мен мақалаларымда Қазақстан тарихын жазып келемін. Әр жылы, әр сәтте не болғанын бағалап, сарап қылып жазамын. Мысалы, 1992 жылы «Оптимизм хорошо, реализм лучше» деген мақаламды шығардым. Онда, тезірек теңгені енгізу керектігін айтып, дабыл қаққанмын. Оған сол кезде ешкім құлақ салған жоқ. Егер сол кезде құлақ асса, қазіргі жағдай мүлде басқаша болар еді. Көп ақша күйіп кетті, инфляция болды. Біз бірінші болып өз ақшамызды енгізгенде, рубль керісінше, Ресейге баратын еді. Сонда біздің экономикамыз да аса ауыр соққыдан аман қалар еді...

Назарбаев капиталының 80 пайызын елге қайтаруы керек


Dalanews: Сіз «Қазақ драмасында»: «Тоқаев Назарбаевтың имиджіне нұқсан келтірмеу үшін бар күшін салады. Себебі, ол бүгінгі жетістігі үшін Назарбаевқа қарыздар»,- дейсіз. Сіз айтқандай Тоқаев мұрагер болды, президенттікті қолына алды. Осыған дейін Назарбаевтың имиджіне нұқсан келтірмеу үшін күшін салды. Бірақ осы қаңтар оқиғасынан кейін екеуінің арасы алшақтағанға ұқсайды...

– Біріншіден, сол кітапты шығарудың өзінде маған қиынға түсті. Тарихын айтып берейін. 2002 жылы «Миражи и реалий» деген кітап шығардым. Соның үш реткі басылымын КНБ (ҰҚК) өртеп жіберді. Оның дәлелдері менде бар. Сосын бір жолы Бішкекте басып шығармақ болдық. Соның өзін өртеп жіберді. Сондықтан, осы жолы мен өте мұқият қарадым. Қалай болса да шығуым керек болды. Қазіргі көзбен қарағанда ол еңбегімдегі айтылған пікір жұмсақтау сияқты, ал сол кездегі көзбен қарасаңыз өте өткір еді.

Тоқаевқа зиян келмесін дедім. Себебі: «ойбай осы Тоқаев керемет, осы президент болады», - десең, Назарбаев өкпелеп, өштеніп, Тоқаевқа жол бермеуі мүмкін еді.


Ол кезде ол кісі қылт ете қалатын адам болды ғой.

Дегенмен Нұрсұлтанға: «Тоқаев дайын. Оған сенсең сенің жұмысыңды ілгері жасайды, саған зиян келтірмейді», - дегенді жеткіздім.

Ал, қазір мүлдем басқа жағдай.

Мен екі рет мақала жаздым.

Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойы жақындаған кезде: «Нұрсұлтан Назарбаев отбасы, достарымен бірге кетсін», - деп жаздым. Сол кезде кетсе, тыныш кетер еді. Бәлкім, Түркияға барып, жатар ма еді? Бірақ, ол сөзіме құлақ асқан Нұрекең жоқ.

Содан кейін 2020 жылы 20 тамызда тағы бір кітап жаздым, «Отечество смертельный опасности из-ща непомерный жадности для одного человека», деген. Оның үзіндісін «Дат» газеті жариялады.

Қазақ тіліне де аударып шығардық. Өтірік, ұрлық, барлығын ашық жаздым.

Сол мақалада мен Тоқаевқа батылдау қимылдау керек екенін де ескерткен едім. «Жалтақтай берсеңіз, ештеңе шықпайды. Халық Сізді қолдайды», - дегенмін.

Рас, осы қаңтардан кейін екеуінің арасы тым алшақтап кетті. Бірақ, түсінікті бір нәрсе бар: Назарбаевтың отбасы мүшелері мен оның айналасындағылар билікті бергісі келмеді. Сондықтан, Тоқаев билікті тартып алуына тура келді.

Ал 5 қаңтар күні Назарбаев Мәскеуге ұшып кеткен. Оған дейін және одан кейін де Назарбаевтың баспасөзі оның Астанада екенін айтып жүрді ғой. Жоқ, ол Мәскеуге ұшып кеткен.


Өйткені, мұнда өзіне қауіпті екенін, келешегін осы жермен байланыстырмайтынын жақсы түсінді. Сондықтан да, билікті тапсырып кетуіне тура келді. Содан бері екеуінің арасы бұрынғыдай емес.

Қазір Тоқаевтың мойнында мемлекеттің, халықтың жүгі тұр. «Біреуге сөз бердім ғой», - дегенді қою керек. Қазір елді ойлау керек. Елді шынымен ойлайтын басшылар бұрынғы басшыларына қарсы қимыл-әрекеттер жасауға мәжбүр болады. Бізде де солай болады.

Назарбаев сөзінде тұрмайтын адам.

Қонаевқа «сенің балаңмын» деп жүріп, сатып кетті. Демек, ондай адам үшін берілген сөздің жойылуы түкке тұрмайды. Сондықтан, Тоқаев оның отбасының, бала-шағасы мен олардың достарының үптеп кеткен ақшаларының кемі 80 пайызын елге қайтаруы тиіс.

«Нұр Отанның» келешегі – «Компартиядан» қиын болады


Dalanews:  Сіз: «Нұр-Отан» Тоқаевқа мұрагерлікке қалады. Ол партияны толық түрлендіріп, ауыс-түйіс жасайды. Заман үрдісіне жауап беретін жаңа көзқарастағы саяси күшке айналдырады»,- дейсіз. Өткен жолғы «Нұр-Отанның» ылдым-жылдым өткізген съезінен кейін партияның тізгіні Тоқаевқа тиді. Көпшілік өзгерістер күтті. Бірақ, ресми өзгерістер көрмедік...

– Бәрібір менің айтқаным келді ғой. Партия тізгіні Тоқаевтың қолына тиді. Партия басшылығын өзгертті. «Партияның келешегін қараймыз. Мен кетемін», - дегенді ымдап айтты.

Демек бұл партияны Тоқаев басқармауы мүмкін. Ол басқа партиялардың қатарына қосылып, өзінің мықтылығын дәлелдесе ғана қалады. Дәлелдемесе партия құрып кетеді. Бәрі менің айтқаныма сай келіп тұр, қазір.

Dalanews: Қазір әлеуметтік желіде «Президент Тоқаев ешқандай партияға мүше болмауы керек. Әсіресе, «Нұр-Отанға» елдің сенім кредиті әбден таусылған. Таратылуы керек. Немесе биліктегі доминант партиялықтан түсу керек», - деген пікірлер айтылып жатыр. Сіздіңше «Нұр-Отанда» болашақ бар ма?

– «Нұр-Отанның» болашағы жоқ. Ертең, айталық, Тоқаев партиядан кеткеннен кейін, партия ыдырай бастайды.

Біріншіден, оған бюджеттен ақша бөлуді тоқтатады. Тоқтатуы керек! Содан кейін, майлы шелпек жеп үйренгендер ақшадан айырылады. Ақшасы жоқ партия ешкімге керегі де жоқ. Өздері-ақ, тарап кетеді. Оны басқа партиялар жеңеді. Тіпті, жаңадан басқа партия пайда болады. Оларды халық қолдайды, күш жинайды. Сонымен «Отан» партиясы құрдымға кетеді. Бұл қашан болатыны белгісіз.

Анау Ресейде де «Компартия» сақталып қалды ғой. Бірақ, ешбір күші жоқ. Бізде, «Нұр Отанның» жағдайы одан қиын болады. Ресейдегі сол «Компартия» билікте болған уақта халықтың жағдайын жасады, держава құрып, оны қорғады. Халық та сол партияны қолдады.

Ал біздегі «Нұр Отанға» деген халықтың қолдауы жоқ. «Нұр Отан» қаншама жылдар бойы халықтың нанын тартып жеп келді. Партияның құрдымға кетер уағы әрі кетсе, екі жыл шығар...

Жаңа партиялар Парламентте 60 пайыз алады


Dalanews: Сіз «Тоқаевтың тұсында оппозицияны тұншықтыру деген түсінік болмайды, оппозиция өкілдері парламенттен орын алады», - деп айтасыз. Қазір бізде Парламентке барады деген оппозиция бар ма? Жекелеген адамдар бар, бірақ, бір коалиция, топ бар ма?  

– Мен өзі Қазақстан тарихын өте жақсы білем. Назарбаев тек қана оппозиция, оппозициялық партиялар емес, жеке тұлғалардың соңына түсіп, құртты ғой. Қанша мықты азаматтар: Өзбекәлі Жәнібеков, Еркін Әуелбеков, Марат Оспанов, Михайл Есенәлиев, Ерік Асанбаев сияқты керемет саясаткерлер болды. Соның бәрін қудалап, жоқ қылды. Мүлде оппозициялық партия қалған жоқ. Оппозициялық басылым да қалған жоқ. Тек қана «Дат» сақталып қалды. Онда да, амалдың жоғынан сақтап отыр. Әлемдік құқық қорғаушы ұйымдардың қаһарынан қорқады.

Сол себепті бәрін жаңадан бастау керек. Айталық, Кеңес одағы қираған кезде бізде КПСС-тен басқа ешқандай партия болған жоқ. Бір жылдың ішінде қаншама партия пайда болды?..

Олар күш жинап, бірінші, екінші Парламентке барды. Тоқаев ешкімді қудаламаса, жағдай жасаса, елдің арасында әрі кеткенде екі жылдың ішінде керемет партиялар пайда болады. Тіпті, осы бір жылдың ішінде келешек партиялардың негізі құрыла бастайды. Олар, әрине, Парламенттен көп орын ала қоймас, барлығы жиналғанда 15 пайыздай дауыс алса да жаман емес. Бірақ, онан кейінгі сайлауда жаңадан бұл жаңа партиялар Парламенттің 60 пайызын иеленетін болады. Демек, олардың келешегі бар.

Қазір бізде популизм мықты боп тұр. Ерінбеген әркім ойына келгенін айта береді. Бізге конструктивті партиялар керек. Олардың елдің болашағына бағытталған бағдарламалары болуы керек. Елді ойлайтын азаматтар басқаруы керек. Олар өздерінің позициясын халыққа міндетті түрде дәлелдеуі керек. Рас, бас кезінде оңай болмайды.

Бірінші сайлауда әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Рушылдық, жершілдік көрініс табуы ғажап емес. бірақ, көш жүре түзеледі. 3-4 жылдан кейін партиялар да тазарады. Ақырын-ақырын, демократияға, өсу жолына бет алады. Ал Тоқаевтың міндеті – сол партияларға жағдай жасау!

Қазір халық пен биліктің арасы тым алшақтап кеткен. Халық билік үшін емес, билік халық үшін қызмет қылуы керек. Екеуінің арасында сенім болса, 3-4 жылда елде шынайы өзгерістер орын алады.

Dalanews: «Қазақ драмасында»: «Бизнеске бейім бәсеке орта қалыптастырып, барлығына тең мүмкіндік береді. Бизнестегі барымта-сарымта Тоқаевтың тұсында сап тыйылады», - дедіңіз.

Өткен жолы президент Тоқаев бизнес өкілдерін жинап алды. Елдің байлығы 162 адамның қолында екенін айтты. 2018 жылғы сол бір статистиканы айтып, біздегі олигополияны тұқыртып алғандай болды. Сіздің тағы бір болжамыңыз осыған қатысты.

«Күні кешеге дейін салықтан босап келген, білгенін істеп келген олигархтық кландар Тоқаевтың талабына көнуге мәжбүр болады, қаржы кландары Тоқаевтың бір жағына шығысып, соның төңірегінде жүруге тырысады», - дейсіз. Осы ойыңыз өзгерген жоқ па?

– Бір күнде жұмақ орната алмайсың, оған уақыт керек. Ең негізгі мәселе - бағыт. Бағыт дұрыс болса, шынайы болса бәрін өзгертуге болады.

Жалпы менің айтқаным – Тоқаевтың жолы. Оңай болмайды, олигополия оған қарсы шығады. Себебі, Нұрсұлтанның өзінде (қыздарын, туыстарын санамағанда) 200 млрд доллар бар. Біздің әлемге ұлттық қарызымыз 160-170 млдр доллоар. Сонда бүкіл қарызымыз Назарбаевтың ақшасына жетпейді. Бізде қаншама зауыт-фабрикалар болды, бәрін қиратты. Тек қана қазба байлыққа қарап қалдық.

Тоқаевтың техника мамандарын көтерейік деген сөзі – зауыттар салайық, фабрика салайық дегені болса керек. Меніңше, бұл дұрыс. Біздің тәжірибеде былай, кім басшы болса, соған бәрі бірте-бірте бейімделіп кетеді. Содан өмір бойы билік өзінің айтқанын жасап келеді. Сол билік жеке басын ойласа ел қирайды. Билік елді ойласа ел гүлдейді...

Тоқаев Сталин мен Шыңғыс ханның мысалын ескеруі керек


Dalanews: Сегізді түгелдесек: «Алғашқыда Назарбаевтың сүрлеуінен ауытқымайды. Кейін келе өз стратегиясын сайлап, елдегі ірі деген саяси партиялардың сөзіне құлақ түреді», - дейсіз. Расында солай болды. Тоқаев әр сөзінде Назарбаевты үлгі етумен болды. Керек десеңіз, Тоқаевтың өзі сол Назарбаевтың тұсында билікке келген кадр.

Бірақ, қаңтар оқиғасынан кейін жасаған мәлімдемелерінде Назарбаевты үлгі ету, Елбасы сөзін қолдану азайды. Азайғаны не, тіпті «Елбасының кезінде байығандар» деген айыптаулар айтыла бастады. Тоқаев өзінің жолын тапты ма?

– Қай кезде де реформаторлар тобы сол бұрынғы биліктен шығады. Испания, Португалия, Жапонияда да билікке келгендер аспаннан түскен жоқ. Сол себептен, Тоқаев та сол жерден шыққаны белгілі, бірақ ол өзгере бастайды. Біріншіден, оның қолына билік тиді. Енді өз ойлағанын жасайды. Ол білімді азамат. Дипломатияны жақсы біледі. Ресей, Қытаймен, Америкамен де жақсы. Соған қарай саясатын жасайды. Мүлдем басқаша саясат болады.

Әзірге Назарбаевтың жолымен жүруге мәжбүр. Себебі, қазір ел билігіндегілердің 90 пайызы Назарбаевтың кадрлары. Бір күнде олардың бәрін қуып шыға алмайды.


Бірақ, Тоқаев ең бірінші жаңа адамдарды тартуы керек. Кезінде алаяқтарды министр қойып, білімді азаматтарды жолатпады. Білімді азаматтар ығысып жүріп, билікке анализ жасады, ал жемісін өздері пайдаланды.

Кезіндегі Сталиннің «кадры решают все» деген лозунгі керемет сөз болған. Сол сөзді ескеріп, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея осы жолмен келе жатыр. Сол кадрларды жаңарту керек.

Сәуле Омарова деген қазақ сәл болғанда Американың Қаржы министрі бола жаздады. Соны неге біздің қаржы министрі қоймасқа?..

Болмаса, Мұхтар Жәкішев керемет маман. Мен оны жеке танымаймын. Бірақ, сөздерін тыңдап жүрмін. Мемлекетшіл, халықты ойлайтын азамат. Оны қасына кеңесші қылып алса, кәне?..

Ол кезінде анау «киндер сюрприз» деген топқа кірді. Ол Тоқаевқа ұнамайтын шығар.

Бірақ, саясаттың бір ерекшелегі бар:

Кезінде Шыңғысханның Жебе деген жауы болған. Шыңғысханды өлтірмекші болған. Соның керемет білімді, елге керек адам екенін біліп, оны ең мықты қолбасшысы қылған. Сондықтан, Тоқаев оған қарамауы керек.


Біз шағын ғана елміз. Мен Ли Куан Ю-дің кеңесін берер едім. Оның 3 тобы болған. Алтын, күміс, қола жүздік. Ең керемет азаматтарды алтын жүздікке қосып, бәрін өзі қадағалап тұрған. Солар өспей қалса, неліктен өспей қалды деп, кедергі жасағандар болса, соларды құртқан. Демек «кадры решают все» ең негізгі мәселе болуы керек.

Dalanews: Осыған қатысты сұрақ. Қазір Тоқаевтың командасы бірте-бірте жасақталып келе жатыр. Бірақ, өзіңіз айтқандай, барлығы Назарбаевтың кадрлары. Тоқаевтың жанында болуы керек деген 4-5 адамның атын атай аласыз ба?

– Сәуле Омарова, Мұхтар Жәкішев, Айдар Алибаев, Уалихан Қайсаров, Ғани Қалиев деген азаматтар бар. Осындай азаматтарды тарту керек. Бұрынғы кадрлардан білімді азаматтарды министрліктерге кеңесші етіп алған жөн деп ойлаймын. Қазір жасына қарамау керек. Біреулер 25 жасында министр болады. Ол не тәжірибесі жоқ, не адам танымайды. Бұрынғы кадрларды кеңесші ретінде, көмекші ретінде алуы керек.  Алып жүре алмаса, онда жөніне қоя беру керек. Бірақ, білімін пайдалану керек. Қазір бір адам болса да есепте.

Қазір Тоқаев екі жерден кадр жинап жатыр, бірі өзі істеген Сыртқы істер министрлігі, екіншісі – Сенат.


Бірақ, менің кезіндегі мақаламда жазылған, Тоқаев қаншама лауазымды қызметтерде болды. Сол жүрген жерлерінде болашақ командасына керек кадрларды қарап жүруі керек еді. Сөйткен болса, қазір кадрлер көбейетін еді. Әлі де кеш емес...

Тоқаев білімді азаматтардан қорықпауы керек!


Dalanews: Осы айтылған жұмыстарды орындау үшін Тоқаевқа қанша уақыт керек? Ол өзі екі мерзімнен артық отырмайтынын айтты.  

– Қазір жағдай ерекше. Тоқаев қиын жағдайға түсті. Қазір әлемде дағдарыс. Қаржы, мәдениет, БАҚ саласы үлкен дағдарысқа тап келді. Батыстың өзінде бұрынғыдай Черчиль, Рузвельт, Шарль де Голь деген сияқты басшылар жоқ. Еуразия одағында дағдарыс. Кеңес одағынан бөлінген мемлекеттің бәрі ілдебайлап әрең келе жатыр. Нұрсұлтаннан кейін елдің жағдайы мүмдем нашарлаған.

Назарбаев біздегі ең керемет спортшы, ең керемет әнші, ең керемет композитор т.б. болды. Бәрінен бірінші болғысы келді. Ол деген ұят нәрсе. Тоқаев мықты болса – қабілетті, білімді азаматтарды қорықпай өсіруі керек.

Кезінде Наполеон ешкім білмейтін азаматтардан элита жасады. Қолбасшы, герцог, князь деген атақтар беріп, содан Франция үлкен деңгейге көтерілді. Ұлы Петр да ешкім білмейтін адамдарды билікке шақырып, таланттарын пайдаланып, Ресейді жоғары деңгейге көтерді.

Тоқаев та білімді азаматтарды шақыруы керек. Сондай азаматтар жиналса ел тез-ақ, дамып кетеді.

Dalanews: Енді әрі қарай не істеу керек? Сіздің «Қазақ драмасында» айтқан Тоқаевқа қатысты пікірлеріңіз бүгінде өзгерген жоқ па?

- Бұрын тынбай әр мәселеге байлансты пікірімді айтып жүрдім. Қазір мен жай қарап отырмын. Тоқаевтың жолы қандай, саясаты қандай? Қайда бұрып бара жатыр?..

Әзірге пікірімді анық білмейінше, айтпай жүрмін. Анық көзім жеткенде пікір айтамын. Халық мені тыңдайды. Қадап тұрып мақала жазғанда, маған ешкім қарсы пікір айтпады. Себебі, Нұрсұлтан дарынды азаматтардан қорықты. Бірақ, жалпы Тоқаевқа сенімім бар. Кейбіреулер « қуу керек, кетіру керек», - деп жүр. Әй, айналайын бізде басқа кім бар? Ешкім жоқ қой. Тоқаевты қазір кетірсе, онда қырғын болады. Қазір қалталы азаматтар көп. Жершілдік, жікшілдік деген болады.

Dalanews: «Тоқаевтың саясатта түгі жоқ. Әлдекіммен әмпей-жәмпей болуға тырыспайды, не бір саяси құрылымның жетекшісі емес, әкімшіл-әміршіл кландардан аулақ жүреді. Қаржылық базасы да болған емес, айтқанына көніп, айдауына жүретін масс-медиасы да болған емес. Билікке ес-ақылсыз ұмтылмайды. Саяси оппоненттерін жер бетінен жоқ қылып жіберетін мінезі тағы жоқ. Популист емес»,- дейсіз. Қазір ше?

– Сол кезде солай болды. Осы арқылы әдейі мінезін көрсетпеуі керек екенін білді. Себебі, Нұрсұлтан дарынды азаматтарды қорқытты. Өзіндік мінезі, саясаты бар азаматтарды тұқыртты.

Егер ол өз позициясын әу, баста көрсетсе, бүгінгідей билікке келе алмас еді. Әйтпесе, кез келген адамның өзіндік мақсат-мұраттары болады ғой. Ол мемлекет қайраткері санатындағы адам. Оның да жоспар-жобалары, арман-тілектері болды. Сол арман-мақсаттарын,ой-жоспарларын енді ашып көрсетуі керек. Сосын, жанына мықты азаматтарды жинау керек.

Жалпы, басшы ешқашан дарынды адамдардан қорықпау керек. «Короля делает свита» деген сөз бар, демек, басшыны төңірегінде жүрген адамдар жасайды. Сонда беделі де өседі. Халық қазір барлығын жіті бақылап тұр. Халық талантты бағалағаныңды көрсе, сенің беделің де артады.


2019 жылдың қаңтарындағы Тоқаев – бір адам,  наурызындағы Тоқаев – екінші адам. Дариғаны Сенаттан қуып жібергенде – үшінші Тоқаевты көрдік. Ал, қазіргі Тоқаев мүлде басқа адам. Себебі қолында билік бар. Оның қолында қазақтың келешегі тұр. Ол соны түсінуі керек!

Dalanews: Сіз сол «Қазақ драмасында» Тоқаевпен алғаш 1992 жылы танысқаныңызды айтыпсыз. Қытайға бірге барған екенсіздер. Ол кезде Тоқаев СІМ орынбасары еді...

– Иә, Қытайдың Тянаньмэн деген алаңында қыдырдық. Бізге рұқсат берген жоқ. Біз өзіміз бардық. Сол кезде көп қызық әңгіме айтты. Екеуіміздің деңгейіміз тең ғой. Қайта менің Тоқаевқа қарағанда жасым үлкендеу. Ол іні ретінде, тыңдап, көп нәрсе көрсетті. Ол кезде Қытайлар сұраусыз бір жерге барғанды жақтырмайды. Бізге рұқсат берген, біз өзіміз бардық. Сол кезде мен Қасым-Жомарттан керемет әсер алдым. Білімді, көңілі ашық, қалжыңы керемет. Ол кезде қазақша онша сөйлей алмайтын. Бірақ, кейін тез үйреніп алды.

Қаңтар айында бір-екі қате болды.

Ең маңызды мәселе, ең үлкен қате – қателікті мойындамау. Ерлан Тұрғымбаев қарауындағы полицейлер асырасілтеу жасап жатыр. Қылмыскерлермен бірге кінәсіз адамдарды көшеден ұстап, түрмеге қамап, қинап жатыр. Оны тоқтату керек!

Жалпы, Ішкі істер министрлігін реформалау қажет! Ол министрлік кейде азаматтарды қорлау ведомствосы болып тұр. Ал оны азаматтарды қорғау министрлігіне айналдыру керек.


Халық тілегі – Нұрсұлтанның атындағы Астананы, облыстардағы көшелерді, мекемелерді ауыстыру, оның ескерткіштерін алып тастау. Менің ойымша, осы тілектерді орындау керек.

Ол енді мойындауы керек. Халық тез кешіреді ғой. Батылдау жүруі керек. Қазір қорқатын жағдай емес.  Не Қытай, не Ресей араласпайды, бізге. Оларға біз қарым-қатынаста керекпіз...

Dalanews: Тоқаевпен соңғы рет қашан жолықтыңыз?

-Ұлттық сенім кеңесі құрылған жылы. Мені соған қосқан, алғашқылардың бірі болып, екі адамды қабылдады. Оның бірі мен. 40 минуттай сөйлестік. Өте жақсы қабылдады. Елдің жағдайын, Орталық Азияның жағдайын айттым. Бұл 3 жыл бұрын болатын…

Dalanews:  Сіз «Қазақ драмасында»: «Назарбаев мұрагерімен мақтанатын болады», - дейсіз. Түйінін осымен қойсақ, қазір енді Назарбаев мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаевпен мақтана ма? Мақтануы керек пе?

– Біріншіден, тарихта болмаған жағдай болды. Қаңтар оқиғасы ешкім күтпеген жағдай болды. Екіншіден, қалай болғанның өзінде Назарбаев Тоқаевқа риза болуы керек! Себебі, жанын сақтап қалды.

Меніңше, соны ескеріп, Тоқаев Назарбаевтар әулетінің ақшасын 100 пайыз қайтармаса да, 80 пайызын қайтаруға тиіс. Назарбаев соның өзіне риза болатыны айдан анық!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Нұргелді Әбдіғаниұлы




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x