Тоқаев Женевада қазақ сұлтаны швейцариялық дипломатқа тарту еткен жәдігерді тамашалады

Dalanews 30 қар. 2021 06:39 128

Қазақстан мен Швейцария президенттері Берн тарихи музейінің Анри Мозер топтамасындағы XIX ғасырдың қолөнер туындыларын тамашалады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Келіссөздер аяқталған соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Швейцария Президенті Ги Пармелан белгілі дипломат және саяхатшы Анри Мозердің бірегей экспонаттар топтамасындағы керемет жәдігерлердің бірі – қазақтың барқыттан жасалған тұскілемін бірге тамашалады.

Аталған жәдігерді қазақ сұлтаны Баймұхаммед XIX ғасырда швейцариялық дипломатқа тарту еткен. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында аталған жәдігер екі ел арасындағы мәдени байланыстардың ерекше символына айналды.

Анри Мозердің топтамасында тұскілемдер, ұлттық қарудың түрлері: айбалталар, қылыштар, қанжарлар, сондай-ақ ат әбзелдері және басқа да бұйымдар бар. Қазақ даласының билеушілері аталған жәдігерлерді зерттеушіге сыйлық ретінде берген және олар Швейцарияға жеткізілген.



Экспонаттардың ішінде тұскілемдердің алатын орны ерекше. Олар қазақ халқының көркем туындысы ғана емес, сонымен қатар Қазақ хандығының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін құнды материал болып табылады.



Мемлекет басшысы тұскілемнің бірегейлігін және оның тарихи құндылығын атап өтіп, аталған өнер туындысының Қазақстанда да көрмеге қойылатынына үміттенетінін айтты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x