Ресей провокациясы? Тоқаев шекара маңын бос қалдырмауды тапсырды

Dalanews 16 қар. 2021 14:12 163

Ұлттық қоғамдық кеңестің кезекті отырысына қатысқан президент Тоқаев көші-қон және шекаралық аймақтарды нығайту мәселесін сөз етті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Мемлекет басшысы қандастарымыздың Атажұртына оралуына Тұңғыш Президенттің тұсында бірқатар маңызды тарихи шешім қабылданғанын тілге тиек етті. Оның пікірінше Елбасының қиырдағы қазақтарға арналған Жолдауынан кейін осы бағытта іргелі істер қолға алынған.

"Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды.

Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды.

Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда.


Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын", – деді ол.

Президент бұдан бөлек қоғамда жиі айтылып жүрген – шекаралас аймақтарды дамыту мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін аталған тақырыпты Ұлттық Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерген болатын.

"Соңғы кезде шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ, шекара маңын бос қалдыруға болмайды.

Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет.


Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын", – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетелік, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен шекарада 100 мың орыс әскері тұрғанын мәлімдеген.

“Америка үні” радиосының хабарлауынша, орыс әскерінің Украинаға қарай жылжуы Киев мен Батыс елдерінің алаңдаушылығын туғызып отыр.

Олар Украинаға басып кіру қауіпі бар деп болжайды.


Мәскеу болса бұл болжамды арандатушылық деп бағалап, аймақта НАТО әскерінің көбейгеніне қарсы дайындық деп мәлімдеді.

3 қарашада Украинаның қорғаныс министрлігі шекарада шамамен 90 мың орыс әскері бар деп хабарлаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x