"Өзбек озып кетті...". Тоқаев Орта Азия елдерін болмашы бәсекеге жол бермеуге шақырды

Dalanews 06 там. 2021 10:12 234

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан кездесудің ерекше екенін атап өтті.

Баяндамада коронавирус пандемиясының сынағы кезінде халықтарымыздың бірлігі мен бір-біріне деген көмегі туралы айтылды.

– Қазақстан достық пен ынтымақтастық аясында бауырлас мемлекеттер мен халықтарға барынша көмек көрсетті және жәрдемдесе де береді. Ғылыми-зерттеу саласында жинақталған тәжірибемізбен бөлісуге де әзірміз. Түрікменстан Президентінің вирусология және эпиемиология орталығын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Шын мәнінде осы салада ғылыми ынтымақтастықты күшейту маңызды. Жақында қазақ вакцинасы Қырғызстанға жіберілді. Ресейлік "Спутник-V" вакцинасын өндіру де жолға қойылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық қылмыс сияқты сынақтардың сақталып отырғанына тоқталды.



– Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Бұл мәселеде ХХІ ғ. Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көрші, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз.

Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.


Алдағы уақытта бауырлас халықтарды жақындата түсуде мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдар маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақтап, күшейту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыру жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайды.

– Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – елдеріміздің жастары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды кеңейтуді, олардың жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақты қолдауды, Орталық Азия азаматтарының Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңызды деп есептейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Барлық ұсыныстар аймақтағы мемлекеттер мен халықтардың мүддесі жолында жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсуге деген шынайы ниеттен туындағаны айтылды.

– Біздің басты мақсатымыз Орталық Азияны тұрақты, экономикалық жағынан дамыған, өркендеген өңірге айналдыру. Достық, тату көрші әрі өзара сенім негізінде барша қиындықтарды еңсеріп, алға қойған игі мақсатымызға қол жеткізе алатынымызға сенемін, – деп сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.

 

https://dalanews.kz/sadak/60332-25-zhyl-boyy-tuk-bitirmedik-mirziiaev-kar

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x